22.10.2019, 11:03
Оқылды: 78

«Жеңіл портфель» жобасы қашан жүзеге асады?

Бұрын ата-әжелеріміз «Кендір жіптен тоқылған дорбамен мектепке барғанбыз» деп әңгімелеп отыратын. Бір кітапты бірнеше бала топтасып оқыған да заман өткен. «Сияны төгіп алып, мұғалімнен талай таяқ жегенбіз» деп, кеңкілдей күліп еске алады үлкендер.

jenil portfel

Білім беру саласы да жаңалыққа толы. Болашақта мектеп оқушылары оқулықтарды мүлдем қажет етпеуі ғажап емес. Мұқабасы қалың кітаптарды ендіэлектронды оқулықтар алмастырмақ.

Жаңа оқу жылының басында өткен тамыз мәслихатында «Жеңіл портфель» жобасының тұжырымдамасы дайындалып жатқаны туралы айтылды. Осы бағытта «Өңіріміздегі білім ошақтары электронды оқулықпен оқуға дайын ба? Қандай жұмыстар жүргізілуде?» деген сұрақпен облыстық білім басқармасына хабарласып, мардымды жауап ала алмадық. Ондағы мамандар ҚР Білім және ғылым министрлігінен ешқандай нұсқау келмегендігін алға тартты. Ғаламторды шарлап, электронды оқулықтар жөніндегі бар білгенімізді оқырманмен бөліскенді жөн санадық.

Жаһандану заманында баланың қолында сөмке емес, ноутбук немесе планшеттің болуын бүгінде көптеген дамыған, дамушы мемлекеттер қолдап отыр. Электронды оқулықтарды мектеп бағдарламасына енгізудің де өзіндік шығындары бар. Мәселен, техника сатып алу, оның жұмысын ретке келтіру, бағдарламалар әзірлеп, толыққанды электронды оқулықтар жасау қажет. Соған сай мұғалімдер де біліктілігін арттырып, осы үдерісті (процесті) басқара білуі керек. Электронды оқытудың басты идеясы-баланың өзі ақпарат алып, өз бетімен білім алуына мүмкіндік беру. Сондықтан күнделікті сабақтағыдай мұғалімді тыңдай отырып, оны қайталаудан әлдеқайда қызықты. Бірақ мұндай дербестік кезінде білім алушылардың ақпаратқа сыни тұрғыдан қарап, оны тексеріп, зерделеуі өте маңызды. Мәселен, Аргентинаның Сан-Луис атты провинциясында балаларға арнайы білім беру бағдарламалары бар гаджеттер таратылып, тәжірибе өткізілген. Егер бұған дейін Аргентина түлектері PISA тестінің нәтижелері бойынша үшінші ондықта болса, бес жылдан кейін Сан-Луистің оқушылары бесінші орынға көтеріліп, аргентиналық мектептердің қалған түлектерінің нәтижесі бұрынғы күйі қалған. Ұлыбританияда электронды білім алу жүйесі ең артта қалған мектептерде енгізілген. Аспан асты елі бүгіндері электронды оқулықпен оқуды бастап кеткен.

Сәби кезінен смартфон ұстап үйренген балалар үшін электронды оқулықпен оқыған әлдеқайда қызық болары анық. Электронды оқулықтар оқу материалын байытады, өйткені онда жүздеген оқулық, анықтамалық материалдар мен түрлі қосымша әдебиеттер болуы мүмкін. Бейне және аудиоматериалдар топтастырылған электронды оқулықтар оқу материалын жылдамырақ зерттеуге мүмкіндік береді. Шет елдердің тәжірибесі бойынша электронды оқулықтың құны баспа нұсқасынан 40-50 пайызға арзан.

Заманауи оқулықтарды пайдалану тест тапсырмаларының орындалу нәтижелілігін 20 пайызға арттырады. Электронды оқулықтар таңдау, қосу, мәтінді іздеу сияқты функцияларға ие, бейнелер, аудиофайлдар, мультимедиялар бар. Мұқабасы қалың кітаптармен салыстырғанда, әлдеқайда жеңіл. Әрі баланы озық технологиялар әлеміне дайындауға мүмкіндік береді. Бұл оқулықтар оңай жаңартылып, оларға ақпарат қосылуы мүмкін. Сондай-ақ мұғалімдердің қағазбастылығы азаяды. Өйткені ол бұрынғыдай тест, өзге де тапсырмаларды қағазға басып шығармайды.

 Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, электронды оқулықтың да өз кемшілігі бар. Мамандардың айтуынша, электронды оқулықтармен жұмыс оқушылардың денсаулығына әсер етеді. Оқушының көру қабілеті нашарлап,басы, мойны, арқасы ауыруы мүмкін.

Әлбетте, электронды оқулықтарды сатып алуға алғашқыда қаржылай көп шығын кетеді. Интернетке қосылған жағдай да балаларды алаңдатуы мүмкін. Кей жағдайда интернеттің жылдамдығына қатысты туындаған мәселелер электронды оқулықты толық көлемде пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін.

Осы тақырыпта ой бөліскен әрі мұғалім, әрі ата-ана Жазира Мақсотқызы «Жеңіл портфель» жобасы енгізілсе, оқушылар үшін өте тиімді болатынын айтады.

– Менің ойымша, бұл кітап түріндегі оқулықтарды мүлдем алып тастау деген сөз емес. Тек ата-ананың келісімімен үйде пайдалануға болады. Бұл балалар үшін тиімді әрі қызық болады деп ойлаймын. Мысалы, 2-сыныпта оқитын баламның сөмкесін өзіміз тасимыз. Сондықтан біз баламның сынып жетекшісіне «Музыка, Өзін-өзі тану, Көркем еңбек» сияқты оқулықтарды мектепте қалдырып кетейік деген ұсыныс айттық. Кейбір оқулықтарды күрделі тапсырмалар болғанда үйге алып келіп орындауға болады. Мұндай жұмыстарды ата-анамен келісе отырып, мұғалімдер өздері ұйымдастыруы керек. Қазірде кей сабақта электронды оқулықтарды көшіріп, қолданып жүрміз. «Жеңіл портфель» жобасы аясында да солай жұмыс жасайтын шығармыз деп ойлаймын. Бұл жерде мұғалімнің шеберлігі маңызды рөл атқарады, - дейді Жазира Мақсотқызы.

 Қазіргі күнде даярлық сынып оқушысының 17 кітабы бар. Әлі әріп танымайтын бала сол кітаптың төрт-бесеуін күн сайын мектепке арқалап апарып, сосын керіалып қайтады. 1-2-сынып оқушыларының да оннан астам оқулығы бар. Жыл сайын тапсырыспен баспаханада басылып шығатын сапалы, сапасыз оқулықтарға миллиондаған қаржы жұмсалуда. «Жеңіл портфель» жобасы жүзеге асып, оқушылар электронды оқулықпен оқи бастаса, баспаханадан үнемделген қаржы мұғалімдердің білім-білігін жоғарылатуға жұмсалса, білім сапасы да жақсарар ма еді деген ой жылт етеді санамызда

 Электронды оқулықтар жөнінде пікір алмақ ниетпен бірнеше мұғалімге хабарласқанымызда, көпшілігінің бұл тақырыпта сөз қозғағысы келмейтінін байқадық. Кейбірі күнделікті сабақта қолданып жүрмегендіктен, жауап бере алмаймын десе, енді бірі мүлдем үнсіз қалды. Қалай болғанда да, озық технология атаулы қарыштап тұрған заманда қазақ балаларының заманауи білім алғаны құптарлық-ақ.

Сонымен «Жеңіл портфель» жобасы қашан жүзеге асады? Ол жағын әзірше кесіп-пішіп айту қиын болып тұр...

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале