25.01.2018, 12:45
Оқылды: 85

Жер телімін сатып алу киын ба?

Жер қорының экономикалық тиімділігін арттыру мен нарықтағы белсенді айналымын ынталандыру мақсатында елімізде мемлекет меншігіндегі жер телімдері аукционға шығарылады. Мұның өзі жер қорының экономикалық тиімділігін арттыру және нарықтағы белсенді айналымын ынталандыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Орал қаласында да жүруде.

Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисембалиевтың айтуынша, ҚР-ның «Жер кодексінің» 48-бабына сәйкес коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату аукцион арқылы жүргізіледі.  2017 жылы Орал қаласында осындай екі аукцион өткізген. Мамыр айында өткен аукционда сегіз жер телімі саттыққа шығарылды. Аукцион ағылшындық әдіс бойынша өткізіліп, одан 5 млн. 200 мың теңге түсті. Бұл жер телімдерінің төртеуі Круглоозерный кентінде, төртеуі Деркөл кенті аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта жер телімін сатып алған бір азамат дүкен ғимаратын салып, халыққа сауда қызметін көрсетуде. Ал өзгелері құрылыс  жұмыстарын  бастауда.

– Жер учаскелеріне жалдау құқығын сату үшін БАҚ-тарға хабарлама береміз. Аукционға жасы 18-ге толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Қатысу үшін алдымен бес пайыз көлемінде алғашқы жарна төлеу керек. Түсіндіре кетсек, аукцион қатысушысы ретінде тіркелу үшін жеке және заңды тұлғалар біздің бөлімге келіп, аукционға қатысуға өтінім береді. Сондай-ақ бес пайыздық кепілдік жарнаның енгізілгендігін растайтын төлем құжатын, өкілеттілігін куәландыратын құжатты да тапсырады. Аукцион ағылшын әдісімен өткізіледі, яғни бастапқы бағасының өсуіне қарай, мейлінше қымбаттырақ бағаға өткізу көзделеді. Өткен жылы сегіз жер теліміне аукцион өткізгенде, оған 15 адам қатысып бақ сынады. Жер телімдерін жалға беру құқымен сату  аукциондарынан түсетін қаржы қала қазынасын толықтырады, – деді Арман Бисембалиев.

Оның айтуынша, екінші аукцион 2017 жылғы 12 желтоқсанда өткізілді. Онда бес жер учаскесі ашық аукционға шығарылды. Аукционға шығарылған төрт лот бойынша 29 азамат қатысты да, бір лотқа бір ғана қатысушы болған. Заң бойынша бір адам қатысқан аукцион өткізілмеген болып саналады. Төрт лот бойынша сауда-саттық іске асып, жер телімдері 20 млн. 430 мың теңгеге сатылды. Бұл аукцион қорытындысы бойынша үш адам белгіленген қаржыны төледі, енді бір азамат бағасы ең қымбат жер үшін қомақты қаржыны төлеуде.

– Бүгінде жер телімдерін конкурсқа немесе аукционға шығару бағытында бірқатар жұмыс жасалуда. Алдымен «Гипрозем» сәулет-құрылыс мекемелерімен бірге аукционға шығарылатын жер телімдерін қарастырамыз. Облыс, қала әкімдерінің қабылдауына келетін және жазбаша өтініш еткен тұрғындарға оларға қажетті жер телімінің масштабын, көлемін нақтылауды сұраймыз. Содан кейін арыздарды қабылдап, оларды жер телімін пайдалануға рұқсат беретін 13 құзырлы орынға, ұйым-мекемеге, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарға жолдаймыз. Өйткені кейбір жер телімдері астымен кәріз, су және жылу, газ желісі өтеді. Осылайша коммуналдық қызмет орындары біз жолдаған 30 шақты жер телімінің тек бесеуі не жетеуіне рұқсат береді. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң  негізінде сол жер телімдеріне конкурс жариялап, техникалық құжаттамаларын дайындаймыз. Өңірде құрылыс жобаларын жасақтайтын лицензиясы бар жеке, заңды тұлғалар, ұйымдар баршылық. Сондықтан порталға құрылыс жобасын жасақтауға конкурс жариялап, төмен баға ұсынған тұлғамен келісімшарт жасалады.

Құрылыс жобасында жер  телімі бойынша жерге орналастырудың сәйкес шекарасы анықталады. Жерге орналастыру құжаттары дайын болған соң әкімдіктің қаулысы шығады. Содан кейін БАҚ арқылы бұл жерлерге конкурс, аукцион өткізілетіні жарияланады, – деді Арман Бисембалиев.

Бөлім басшысының айтуынша, қалалық әкімдікте биыл қанша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің конкурсқа, коммерциялық мақсаттағы жер телімдерінің аукционға шығарылатыны жөнінде нақты жоспар жасалмаған,  алдын  ала  ақпарат  жоқ.

 

Шаруашылыққа жер конкурспен беріледі

2017 жылғы 27 қарашада шаруа қожалықтары жұмысын жүргізуге және ауыл шаруашылығы өндірісі үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері  алғаш рет конкурсқа шығарылды.

«Аукцион және конкурстың екеуі – екі түрлі нәрсе, конкурсқа ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады, конкурсқа шығарылатын жерлер шаруашылық жүргізуге, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруға беріледі», – деп түсіндірді Арман Бисембалиев.

Оның айтуынша, бұл конкурсқа үш жер телімі шығарылды. Олардың барлығы да Круглозерный кенті аумағында орналасқан. Үш лотты 1181 гектар шабындық жер құрады және 1-лотта 89 гектар, 2-лотта 240 гектар, 3-лотта 852 гектар жер болды. Осы үш лотқа жеті ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысты. Конкурстың нәтижесі бойынша 89 гектар шабындық шығарылған бір лотқа қатысушы болмағандықтан, өткізілмеген деп саналған. Ал келесі бір лотқа үш адам, тағы бір лотқа төрт адам қатысты. Жер жөніндегі комиссия отырысында тауар өндірушілердің бизнес-жоспары, техникасының бар-жоқтығы жан-жақты қаралып, ескерілген. Сол себептен комиссия жерді түлетумен айналысқан  тәжірибелі, техникасы сайлы, әріптестерінен жұмыс істей алады деген ұсынбалары бар азаматтарға басымдық берді. Нәтижесінде екі шаруашылық құрылымы конкурстың жеңімпазы деп танылды.

Бүгінде қалалық әкімдіктің тиісті қаулысы шығып, аталмыш шаруашылықтармен келісімшарт жасалды. Бұл жер телімдері 10 жыл мерзімге жалға берілді. Өйткені Елбасының 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері жеке меншікке беруге  мораторий  енгізілген.

Кәсіпкерлер неге бос жер іздеуге мәжбүр?

Мамандардың айтуынша, коммерциялық мақсаттағы жер телімдері үш жыл мерзімге жалға беру құқымен сатылады. Жер телімін сатып алушы үш жыл ішінде жер телімін мақсатты пайдаланып, тиісті кәсіпкерлік ғимаратын салып, жерді толығымен игеруі тиіс.  Тек содан кейін ғана кәсіпкер жер телімінің кадастрлық құнын төлеп, оны өз меншігіне алады. Бұлай болмаған жағдайда «Жер кодексінің» 92-інші және 94-баптары бойынша игерілмеген жер телімі кері мемлекет меншігіне қайтарылады. Әйтпесе, қарайған жер телімін тақымына басып, өзі де игермей, өзгеге де бермей отырса, не болар еді?!

Әдетте іскер азаматтар қалалық әкімдіктен кәсіпкерлікті дамытуға жер телімін сұрасақ, «Жер телімін өздеріңіз іздеп табыңыздар» деп кергиді деседі. Әрине, жер телімін сатып алғысы келетіндердің барлығының қолы бос болса, әрі қаланың қуыс-тесігін жақсы білсе, ештеңе емес. Ал бұлай болмаса ше? Жалпы сонда бұл жер қатынастары бөлімі мамандарының өз міндет-миссияларын өзгелерге сырып тастағаны емес пе?! Сонда  кәсіпкерлердің немесе іспен айналысқысы келетін азаматтардың бос жатқан бизнеске жарамды жер телімдерін қалай іздеп таппақ деген сауалды бөлім басшысынан іркіп қала алмадық.

– Бүгінде ондай жер телімдерін өздеріміз іздестіріп дайындап, тиісті орындармен үйлестірудеміз. Кейде картадан қарап, уақыт тауып барған сол жер телімдері оларға ұнай қоймайды. Кәсіпкерлерде өздеріне ыңғайлы, теміржол тұйықтығы не кірме жолы бар жерлерді сұрайды.  Сондықтан оларға өздеріңе ыңғайлы жер телімдерін тауып көріңіздер деп айтатынымыз рас. Бұл өздері үшін жасалатын шаруа. Бірақ дәл солар тапқан жер телімдерін олардың қолдарына ұстатып жібермей-міз, аукционға шығарамыз, – деді Арман Бисембалиев.

Алайда Ақ Жайық атырабы іскер, ақшалы азаматтардан кенде емес. Аукционға шығарылған коммерциялық жер телімдерін сондай қалталылардың сатып ала беруі де ықтимал. Ондай бірнеше жер телімін сатып алушы оларды игерсе жақсы немесе үш жылдық мерзімді өткізбекке көз алдау үшін қалқитып бірдеңе тұрғызса. Мұның өзі сайып келгенде тағы да жерді тиімді пайдалануға емес, ондай жер телімдерін екінші мәрте саттыққа жол ашпай ма?!  Бұл сұрағымызға мамандар «Жер кодексін» алдымызға тартты. Онда бір азаматтың бірнеше жер телімін жалға алу құқығымен сатып алуына ешқандай кедергі жоқтығы айтылған. Бастысы, сол жер телімдерінің іске жаратылуы, ал олай болмаған жағдайда ол жер телімдері мемлекетке кері қайтарылады. Жоғарыда айтылғандай, үш жылда кәсіпкер ол жерге ешқандай нысан салмай, кәдеге жаратпаса, онда сот арқылы кері қайтарылады. Әуелі бұл жер телімінің құжаты жер инспекциясына жолданады, ондағы мамандармен тексеріледі. Инспекция кәсіпкерге ескертіп, белгілі уақыт ішінде жерді игеруді тапсырады. Одан кейін  де жер игерілмесе, онда сотқа жолданады.

Қала әкімдігіне коммерциялық жер телімдерінің электрондық базасын жасақтау  туралы халық қалаулыларынан ұсыныс түскені мәлім. Бірақ «баяғы жартас сол жартас», әлі қозғалыс жоқ. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы базаны жасақтау үшін бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, ревизия жүргізу қажеттігін айтады. Оның қашан  шешілері  белгісіз.

Жер кезегі жылжи ма?

Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Орал қалалық әкімдігінің жер кезегінде 71 мың 180 адам кезекке қойылған.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы Круглоозерный кентінде егжей-тегжейлі жер (ПДП) жоспары жасақталып, бекітілді. Аталмыш кент аумағынан бір мыңның үстінде жер телімі анықталды. Енді жергілікті атқарушы орган қала әкімдігімен инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға қаржы қарастырылуда. Газ, су, жарық желісі тартылып, жол салынған соң ғана жер телімі кезек бойынша беріледі. Алайда қаражаттың қашан бөлінетін, одан кейін коммуникацияның қай уақытта тартылып бітетіні қараңғы. Сондықтан жер қатынастары бөліміндегілер жер кезегінің қашан жылжитынын дөп басып айта алмады.

– Біздің мекемеде кезектегілердің құжаттарын қарап, тексеруден өткізудеміз. Кейбір кезектегі адамдар өмірден озып кетті дегендей. Өткен жылдың аяғында әділет басқармасына, некені тіркеу орнына, көші-қон полициясына тиісті құжаттарды жолдадық. Мысалға, орта есеппен 500 адамның құжатын жібергенімізде, олардың ішінен 16 адамның қайтыс болғаны жөнінде ақпарат алдық. Мұны жер комиссиясына шығарып, марқұмдарды кезек тізімінен алу жөнінде шешім шығарылды, – деді Арман Бисембалиев.

Дегенмен, ауыл-аймақтан екі қолға бір күрек таппай, тірлігі қым-қуыт қалада өзгенің пәтерін сағалап жүрген 71 мың баспанасыздың жер қашан бөлінер екен деп күтіп жүргені шындық. Сондықтан «аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, үйсіздердің күйіне  түсіністікпен  қарау  керек.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Аукцион өтеді!

Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің хабарлауынша, қала әкімдігі 2018 жылғы  31 қаңтарда сағат 11.00-де Орал қаласы, Достық-Дружба даңғылы, 182/1 мекенжайындағы қала әкімдігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату бойынша аукцион өткізеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале