11.08.2017, 16:50
Оқылды: 21

Жеті  айда 37 адам  көлік  апатынан  көз  жұмды

DSC_0590Облыс аумағындағы жолдарда орын алған жол апаттары салдарынан жыл сайын жүздеген адам мерт болып, одан да көбі түрлі дене жарақаттарын алып, тіпті мүгедек болып қалуда. Бұл өзекті мәселенің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылданғанымен күні бүгін нәтиже мардымсыз болып тұр. Ағымдағы жылдың жеті айында тек  біздің өңірде жол-көлік оқиғасы салдарынан 37 адам көз жұмған. Облыс прокуратурасында өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде осы және өзге де мәселелер сөз болды.


Аталған кеңеске өңір басшысының міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының, сондай-ақ  жол ведомостволарының басшылары  қатысты.

Кезекті үйлестіру кеңесін ашқан облыс прокурорының міндетін атқарушы Тәжіден Найманов бірқатар деректерге тоқталып өтті.

DSC_0594- Бүгінгі кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселе 2016 жыл мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен қабылданған шаралардың заңдылығы мен тиімділігінің жай-күйі болып отыр. Жолдағы көлік апаттары көптеп орын алуы, тек біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша өзекті мәселеге айналуда. Облыс жолдарындағы апаттар деңгейінің жоғарылығы өңірдегі әлеуметтік және экономикалық күрделі мәселелердің бірі екендігін атап өткен жөн. Сондықтан жол қауіпсіздігі мәселесіне терең талдау жасап, жағдайды жақсарту жағын қарастыруымыз керек. Осы кезге дейін апатты жағдайларды болдырмау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесі мардымсыз болып тұр.  Жол-көлік оқиғаларының басты себебі облыс көлеміндегі жолдың сапасыздығынан және жолда жүру ережелерінің сақталмауынан болуда. Сонымен қатар болашақ жүргізушілерді оқытатын аутомектептердің сапасыз білім беруі де жол апаттарының санын арттыруда. Сол жас жүргізушілерге көлік құралдарын басқаруды үйрететін ұстаздардың өздері бірнеше мәрте жол ережесін бұзып, әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ заңсыз жолаушы тасымалдаушылардың санының артуы да жол қауіпсіздігіне кері әсер етуде, - деді Тәжіден Жүкенұлы.

Сонымен қатар оның мәліметіне сүйенсек, 2015-2016 жылдары барлық мемлекеттік органдардың, тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың, аутомектептердің қызметіне кең ауқымды прокурорлық тексерулер жүргізіліп, жолдарда көптеген бірлескен рейдтер өткізілген. Анықталған құқықбұзушылықтар облыс прокуратурасының алқасында қаралып, онда мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілген. Қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде көрсеткіштердің төмендеу тенденциясы байқалған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша соңғы жылдардың ішінде бірінші рет жол-көлік оқиғасы, сонымен бірге жарақат алушылардың саны едәуір азайған. 2017 жылдың алғашқы алты айында өткен жылдармен салыстырғанда жол апаттары саны 19 пайызға, көз жұмғандар саны 40 пайызға кеміген.

DSC_0595Кеңес отырысында сөз алған облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығы Жаннұр Ахметбек талдау нәтижесі бойынша анықталған өзекті проблемалар мен кемшіліктерге тоқталып өтті.

Оның айтуынша, өңірдегі жол инфрақұрылымының нашарлығы, транспорттық  жүйенің жеткіліксіз дамуы, жүргізушілер арасындағы мәдениеттің төмендігі, жолаушылар тасымалының дұрыс ұйымдастырылмауы, заңсыз тасымалдау және өкілетті органдар мен ұйымдардың тиімділігінің төмендігі  жол апатының көбеюіне әкелуде.

- Облыс жолдары сапасының төмендігі жолдың күтіміне жеткілікті қаржының бөлінбеуі салдарынан болып отыр. Жыл сайын оларды жөндеуге және олардың күтіміне норматив бойынша бөлінуге тиісті 4 млдр. теңгенің орнына, тек 400 млн. теңге бөлінеді. Бұл тиісті нормативтің 13 пайызын ғана құрайды. Республикалық дәрежедегі жолдардың жағдайы жақсырақ болса да, бұл жерде де норматив сақталмай тұр. 90 пайыздан астам жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің қасақана ереже сақтамауынан орын алады. Ағымдағы жылдың алты айында жолаушы тасымалдайтын көліктердің қатысуымен болған жол апатынан өткен жылдың он екі айымен салыстырғанда адам қазасы үш есеге артып отыр. Кеңесте көтерілген  барлық мәселелер  жүйелі шешім қабылдауды қажет етеді. Прокуратура осы проблеманы шешу үшін жобалық менеджмент әдісін қолдану қажет деп санайды, - деді Жаннұр Ахметбек.

Кеңесте облыс прокуратурасымен жасақталған «Қауіпсіз жол - Безопасная дорога» жобасы мен оны жүзеге асырудың жоспары таныстырылды. Жобаның мақсаты - жол-көлік салдарынан қаза болу және жарақат алуды азайту болып табылады. 30 нақты шарадан тұратын  бұл жоспар 2018 жылдың соңына дейін іске асырылуы тиіс.

Жоба үйлестіру кеңесімен мақұлданды және оны бекіту үшін облыс әкіміне жолдау ұсынылды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале