5.09.2019, 18:55
Оқылды: 265

Жолдауда айқындалған бағыттар бойынша нақты тапсырмалар жүктелді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы облыс активінің жиынында талқыланды. Оған облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов, облыстық мәслихат депутаттары, Орал қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

maslihat (6)

 

-Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурс болып есептеледі. Үкіметке сыртқы нарықта тауарларын сату үшін фермерлерді айрықша қолдау тапсырылды. Бұл - экономиканың негізгі бағыты болып табылатын біздің өңір үшін өте маңызды қадам. 2019 жылдың қаңтар-тамызында 3 000 тонна ет пен ет өнімдері экспортқа шығарылса, оның ішінде ірі қараның еті 2000 тоннаны, қой еті 1000 тоннаны құрап отыр.

Облыстан тыс жерлерге шығып отырған негізгі мал өнімдері негізінен тірілей салмақта кетіп жатқанын мойындауымыз қажет. Күні кеше Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы Маминмен өңірдегі ет өнімдерін өңдеу көлемін арттыру мәселесін талқыладық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан жоғары табыс табу біздің келесі жылы шешуге тиісті өзекті міндетіміз болмақ, - дей келе облыс әкімі Ғали Есқалиев соңғы бес жылда облыс бойынша 1 млн. 532 мың. гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы  пайдаланылмаған жер анықталғанын тілге тиек етті. Кері қайтарылған 715 мың гектар жер ауыл шаруашылығы жұмыстары айналымына қосылған. Жергілікті атқарушы құрылымдармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жер пайдаланушылар 397 мың гектар аумақта жер учаскелерін игеруге кіріскен. Жыл соңына дейін жерді пайдаланып отырғандарды нақты анықтайтын геоақпараттық портал іске қосылмақ. Облыс әкімі мемлекеттен алынған жерлерді пайдаланбай отырған азаматтардан жерді толығымен кері қайтару немесе сол жерде  жұмыс жасау үшін дайындық жұмыстарын бастау талап етілетінін ескертті.

Президенттің суармалы жерлердің көлемін 3 млн. гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасына орай Жаңақала, Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандарындағы көлтабандарды суландыру жүйесін қалпына келтіруді Үкімет бағдарламасына қосу қажеттігіне тоқталды. Аталмыш аудандар әкімдеріне «ҚазСуШар» РММ мекемесімен бірлесіп, көлтабандарды суландыру бойынша нақты талдау жұмыстарын жүргізіп,  суландыру жүйесін қалпына келтіру бойынша ұсынымдар енгізуді тапсырды.

-Мемлекет басшысы Жолдауда әлеуметтік саясаттағы бірқатар басым бағыттарды айқындады. Биыл облыста табыс-кірісі аз отбасыларды әлеуметтік қолдауға 15 млрд. теңге қарастырылды. 10553 отбасыға 3,1 млрд. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. Жыл соңына дейін 60 мың адамды қамту көзделуде. Сонымен қатар жыл аяқталғанша 243 көп балалы отбасыға баспана берілмек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 261 отбасы тұрғын үймен қамтылмақ.

Baqytty otbasy

 Жолдауда айтылған мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге арттыру педагогтар қауымы үшін жағымды жаңалық болды. Бұл әлеуметтік қолдау өңіріміз бойынша 12 мыңнан астам ұстаздарды қамтиды. Мәдениет саласы қызметкерлері еңбекақыларының көтерілуі осы сала мамандарының қолдауға бағытталған маңызды қадам болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беру қажеттігін баса айтты. Жолдауда мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту, балаларға арналған оңалту орталықтарының желісін кұру, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау туралы міндеттер қойылды. Бүгінгі күні облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы саны – 2 654. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедек балаларды оңалту, сауықтыру және әлеуметтендіру бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ерекше балалардың ата-аналарына ақпараттық, кеңестік және психологиялық көмек көрсету және қолдау бойынша бағдарлама жасақталып іске асырылуда.

Ел Президенті халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне де тоқталып, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштерді төмендету қажеттігін атап көрсетті. Ағымдағы жылы облыс көлемінде сәби өлімінің төмендегені байқалады, ана өлімі тіркелген жоқ, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту,  спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету бағытында сегіз ауданда  дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынатынын мәлімдеді. Биыл Жәнібек және Жаңақала аудандарында спорттық нысандардың құрылысы басталмақ.

Ғали Есқалиев ҚР Президентінің Жолдауында айқындалған бағыттарды облыста жүзеге асыру бойынша тиісті сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Жиын барысында ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым төрағалары мен кәсіпкерлер жарыссөзге шығып, Жолдауда аталған міндеттерге қатысты ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Динара  Жұмабекқызы,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале