4.02.2017, 13:18
Оқылды: 56

'Жолдауда экономиканы жедел жаңғыртуға жете мән берілген"

IMG-20170204-WA0043-1Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті. 


Кездесу барысында сенатор Елбасының Үндеуі мен Жолдауын талқылау үшін Парламент депутаттары өңірлерге шыққандарын айтты. Егер жергілікті жерлерде бұған қатысты ұсыныс-пікірлер болса, жоғары жаққа жеткізеді.

-1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымызға 2007 және 2011 жылдары аз ғана өзгерістер енгізілді. Бірақ олардың саяси бағытқа әсері болған жоқ. Ал қазір Конституцияның 18 бабына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Егер ол қабылданса, 40 шақты заңға өзгеріс енгізіледі. Бұл - бүгінгі заманның талабы. Өздеріңіз білесіздер, Президент өкілеттілігінің біразы Үкімет пен Парламентке берілмекші. Әсіресе, Парламенттің құзыреттілігі артады. Мәселен, бұрын бір заңды немесе бағдарламаны талқылау барысында депутаттар бір нәрсеге шүйлігіп қалғанда, Үкімет мүшелері бұл Президентпен келісілген деп 'сытылып' кететін. Енді олар ондай жасай алмайды. Мұнда, әсіресе, Парламент Мәжілісінің рөлі күшеймек.
Жолдау бойынша айтар болсақ, онда экономикамызды жедел жаңғырту ісіне жете мән берілген. Соған орай Үкімет 'Цифрлы Қазақстан' бағдарламасын дайындайтын болады. Биылдан бастап тегін техникалық білім беру бағдарламасы жүзеге асады. Онда негізінен 15-24 жас аралығындағы жастарды жұмысшы мамандығына оқыту қарастырылған. Олар 2,5 жыл оқиды. Оларға шәкіртақы төленіп, қажет жағдайлар жасалады. Оны бітіргеннен соң, екінші мамандыққа оқуларына болады. Бұл жолы алты ай оқиды. Мұндай оқулар мекеме-кәсіпорын жанындағы оқу орталықтарында, кәсіптік-техникалық колледждерде және өңірлік ұлттық кәсіпкерлік палаталары жанынан ұйымдастырылады. Бұл жастардың өз болашағына жауапкершіліктерін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Бірғаным Әйтімова.
Жиын барысында ол мәдениет саласына қатысты заңнамаларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі жобамен де таныстырып өтті.
Жиын барысында сөз алғандар Елбасы Үндеуі мен Жолдауын қолдайтындарын жеткізді.

Сəкен Əбілхалықов

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале