30.05.2019, 15:25
Оқылды: 36

«Жөндеу жұмысы тәулік бойы жүргізілуде» (ВИДЕО)

Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде №19А кәріз сорғы стансасы маңындағы құбырдың тесілуіне байланысты болған ірі апат салдары туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Сергей Доля журналистерге баяндап берді.

 doliya

– Апат болған күні қаланың солтүстік-шығыс аумағы, Зашаған кенті мен қала орталығының кейбір шағынаудандарындағы үйлерде ыстық және салқын су тоқтады. Түнде Зашаған кентінің кәріз жүйесіне су жіберілді. Қазіргі уақытта қаланың солтүстік-шығыс бөлігін мекендеген 60 мыңдай тұрғын сусыз отыр. Жөндеу жұмысы тәулік бойына жүргізілуде. Техника күшімен лас су айдалған соң, коллекторды қалпына келтіру басталады. Жұмыс комиссиясы апат себебін анықтаумен айналысуда. Қаладағы бірнеше нысаннан апат салдарынан судан ажыраған мекемелер мен тұрғындар үйлеріне су тасымалы ұйымдастырылуда. Шыны талшықтарынан жасалған құбыр Деркөлде 2009 жылы орнатылған. Коллектордың ұзындығы 7,5 шақырым шамасында. Материалы өте сапасыз. Құбырды ауыстыруға байланысты жобалық-сметалық құжат дайын. Жуық арада конкурс арқылы мердігерді анықтаймыз. Қаржы бөлінген соң құбырды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Аяқ астынан болған қолайсыз жағдайға байланысты тұрғындардан түсіністік танытуын сұраймыз. «БатысСуАрнасы» ЖШС жөндеу жұмысын үш күннің ішінде аяқтауы жоспарлап отыр, - деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Сергей Доля.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале