17.07.2020, 11:52
Оқылды: 444

Жұбан ақын жүрген жолдармен...

Биыл көрнекті ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына - 100 жыл. Еліміз бойынша карантиндік іс-шаралар басталмас бұрын «Мен қазақпын!» деп тұтас ұлттың жігерін жанып, намысын қайраған батыр ақынның ғасырлық тойы халықаралық деңгейде атап өтіледі деп жоспарланған еді. Өкінішке орай, «Ауру айтпай келеді», ойға алған істердің дені елдегі жағдайға байланысты жүзеге аспай қалды.

FBE5395A-E449-4FA9-BCA6-A79E4BFABBE3

Хадиша театрының шығармашылық ұжымы Жайықта туып, жалпы қазақтың мұңын айтып, жоғын жырлаған ақын Жұбанның рухына арнап қойылым қоймақ ниетте болатын. Бүгінде пьеса дайын, ал театрдың шығармашылық ұжымы карантиндік шектеу талаптарын сақтай отырып, дайындық жұмыстарын жалғастыруда.

Жалпы, Жұбан ақын жайлы бұрын-соңды еш театрда қойылым қойылмаған, ақынның бейнесін бірде-бір актер сомдамаған. Біздің ойға алған жоспарымыз сәтімен жүзеге асса, барша қазаққа ортақ таутұлға Жұбанның бейнесін жерлестері, Хадиша театрының шығармашылық ұжымы алғаш болып жарыққа шығармақ. Тыңнан түрен салудың жүктейтін жауапкершілігі де зор. Сол себепті де біз қазіргі шектеу жағдайына қарамастан, жан-жақты ізденіс жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Тарихта алтын әріппен аты жазылған ақынның бейнесін көрермен көңіліне айна-қатесіз жеткізу – біздің міндет. Осы бағытта ғылыми ізденіске пара-пар жұмыс басталды.

Мәселен, бірнеше күн бұрын жеті адамнан тұратын құраммен Жұбан ақынның туған жері – Ақжайық ауданы, атап айтқанда, Сайқұдық, Қурайлысай ауылдарына сапарлап бардық. Мұндағы мақсатымыз – Жұбан жүрген жолдарды жүріп өтіп, ақынның бейнесін, өмірдерегін жан-жақты ашуға септігін тигізер фактілермен танысу. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген тамаша тәсміл бар. Сол айтқандай, ақын жайлы көзкөргендерден сұрастырып, оның ізі қалған елді мекендерді аралап қайттық. Кезінде Сайқұдық ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарған Елубаева Туғанай апамыздың, Жұбан ақынның ауылға келген кезінде көлік жүргізушісі бола жүріп, көп мәрте сапарлас болу бақыты бұйырған, бүгінде жасы 90-дағы Шакимов Мақсот атамыздың және біраз жыл депутат болып, жауапты қызмет атқарған, бүгінде жасы жетпістен асқан Әбілхайыров Наурызғали атамыздың Жұбан ақын туралы айтқан естеліктері ерекше әсер сыйлады. Бәрінен бұрын Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бастаған ел ағалары мен жолбастаушымыз болған ақын ағамыз Сағынтай Бисенғалиевтің азды-көпті ізденіс жұмысымызға танытқан шынайы жанашырлықтары үшін ерекше риза болдық.

8DB07BCE-AC07-472B-8857-0A9610FA4A0F

Ақынның ізі қалған елді мекенге сапардан бөлек оның өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеп-зерделеп жүрген, кезінде көзін көре қалған жандармен жүздесуді бастадық. Мысалы, еңбек ардагері, Х сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Хаймулдин Ғазиз ағамызбен кездесіп, ақынның лауазымды қызметтер жүгін арқалап жүрген сәтіндегі бейнесімен жақынырақ таныстық. Ал Жұбанның отағасы, әке ретіндегі бейнесін аз да болса ашуымызға Алматыдағы бес жыл студенттік шағын Жұбанның үйінде өткізген ақынның немере қарындасы Сәуле апайдың естеліктері көмектесті. Жуық арада белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызымен жолығып, Ж.Молдағалиевтің ақындық бейнесі, шығармашылығының өзегі жайлы жайттарға қанықпақ ниеттеміз. Спектакль сахнаға жол тартпас бұрын карантиндік іс-шаралар аяқталғанға дейін Алматыға барып, ақын шаңырағының түтінін түтетіп, шырағын сөндірмей отырған жары София апамызбен және ұл-қызымен жолығып, ақынның басына Құран оқытып, тәу етпек таудай ниетіміз тағы бар.

Елімізде орын алған қиын жағдайды еңсеріп, театр толықтай жұмысына кірісіп, ойға алған жоба-жоспарларымыз жан-жақты қолдау табар болса, Хадиша театрының сахнасынан сіз бен бізге Жұбан ақын «сөйлейтін болады». Ақынның аты жалпы қазаққа ортақ болғанмен, құрметтің ең ерекшесі кіндік қаны тамған туған топырағында көрсетілсе, қандай керемет болар еді!

Десе де Жайықта туғандарды Жайық қана дәріптеп, атын жаңғыртсын деген қасаң қағидадан аулақпыз. Жұбан Молдағалиев – барша қазаққа ортақ тұлға, жырының дені жалпы қазақтың мұң-мұқтажын құрағаны соған дәлел. Біз жарыққа шығарар Жұбан бейнесін өнерге жанашыр жандар мен жергілікті биліктің, тіпті болмағанда, меценаттардың көмегімен өңірімізге ғана емес, турне ұйымдастыру арқылы жалпы республикаға танытсақ, ғасырлық мерейтойға лайықты сый болар еді. Артында алтын әріппен аты жазылып, тарихта ізі қалған белгілі қайраткерлердің қай-қайсысын да тек жерлестері ғана емес, жалпы қазақ болып жоқтауды, бар қазақ бірігіп насихаттауға шақырамын! Жер-жерге бөлініп, тума-туысты түгендеу бөлек, ал тарих пен өнер мұндай бөлінушілікті кешірмейді.

Жайықта туған жампоздың жарқын бейнесі ең алғаш болып өзі туған өлкенің қасиетті сахнасынан жарқ етсе, тамшыдай үлес қосу арқылы таутұлғаның атын өскелең ұрпақ жадында жаңғырта алсақ, бізде басқа арман жоқ...

 Салтанат Абулгазиева,

Х. Бөкеева атындағы БҚО қазақ

драма театрының директоры,

өнертану магистрі, «Серпер» Жастар одағы

сыйлығының лауреаты

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале