23.08.2019, 17:34
Оқылды: 595

«Жұмадағы жүздесуде» - Есей Жеңісұлы

Қазақ журналисі, спорт комментаторы, бірнеше кітаптың авторы Есей Жеңісұлы «Жайық Пресс» медиахолдингі ұйымдастырған «Жұмадағы жүздесу» жобасында журналистермен кездесті. Есей Жеңісұлы қазіргі уақытта Ұлттық аударма бюросында қызмет етіп жатса да журналистикадан алыстамаған.

 IMG_4233

– 1998 жылы «Жас Алаш» газеті редакциясына жұмысқа орналастым. 2004-2008 жылдары «Жас қазақ» газетін шығаруға өңшең жас жігіттер жұмыс істедік. «Ұлан» газетінің бас редакторы болып төрт жылдай қызмет еттім. Ел Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, «Қазақстан» РТРК, «KAZsport» телеарнасының директоры қызметін атқардым. Ұлттық аударма бюросында үш жылдан бері жұмыс істеп келемін. «Жас Алаш» газетінің спортқа арналған бетіне апта сайын мақала жазып тұрамын,- деп таныстырды еңбек жолын Есей Жеңісұлы.

IMG_4238

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитұлы «Журналистиканың бірнеше саласында қызмет еттіңіз. Проза жанрында да қалам тербеп, өлең де жаздыңыз. Жаныңызға қай сала жақын?» деген алғашқы сауалын тастады.

IMG_4245

– Ескілікті жақсы көретін адам сияқты болуым мүмкін. Бірақ газет редакциясындағы өмір жаныма жақын. Жақында материал іздеп, «Жас Алаш» газетінің тігінділерін ақтардым. Тасқа басылған дүние өшпейді екен. «Газеттің дәуірі өтті» деп жүргендер бар. Сонда да газетті жақсы көрем. Соңғы 20 жылда технология құндылықтарды тез алмастырды. 90-шы жылдары біз қызмет еткенде «ұлтқа жасайық» деген махаббат болды. Қазіргі уақытта қолда ақпарат тарататын құралдың сан түрі бар да, адамгершіліктен алыстап кеттік. Мемлекеттік БАҚ-тар да ұранмен айналысуда. Ал газет болашағын көріп, одан лезде алыстаған жеке журналистика иелері де бір-бірден сайт ашып, бас-басына редактор болып алды. Олардың жазғандарының мәні де, дәмі де жоқ. Тіпті одан әрмен құлдырап, біреудің төсегіне үңілетін жағдайға жетті. Соның бәрі халықтың талғамына кері әсер етуде. Қазір журналистиканы өліара кезеңде тұр деп есептеймін. БАҚ-та сын материал жарияланса, «оның артында мүдделер қақтығысы бар» деп қарайтын болдық. Газеттер мен сайт, порталдарда жариялаған сыннан пәрмен кетті. Бірақ басқа елдер тарихына үңілсек, қалыптасу кезеңін өткеріп жатқан қоғамда осындай келеңсіздіктер болуы заңдылық екен. Бұдан шығатын бір ғана жол – бізге білімді ұрпақ керек, - деді Есей Жеңісұлы.

IMG_4236

– Қазіргі әдебиет әлемінде жазылмай жатқан тақырыптар бар ма? – деп сұрақ қойды «Ақжайық» телеарнасының журналисі Надежда Хабиболлақызы.

– Алғашында өлең жаздым. Бірақ адам есейген сайын прозаға бет бұра бастайды екен. Әңгімелерім жарыққа шыға бастады. Маған тақырып табу қиын көрінді. Бірақ қазіргі кезде ойға оралған дүниелерді игере алмай жатырмын. Тақырып өте көп. Әңгімеге мотив болатын жайт жеткілікті. Біреуін айтып берейін.  «Жас Алаш» газетінің редакциясы «Жібек жолы» үйі деген ғимаратта болды. Қасымыздағы «Көк базарда» арбамен жүк итерген таныс жігітті көріп қалдым. Менің кигенім ақ жейде, қара шалбар. Қасымда екі-үш жігіт бар еді. Ол мені көріп, ыңғайсызданды ма, бұрылып кетті. Кейін күнде көретін болдым. Редакциямыз басқа мекенжайға көшті. «Көк базарға» көп келмейміз. Сол жігіт көз алдымда қартайды. Бетін әжім торлап, серіктерімен арақ ішіп отырған бейнесі көз алдымнан кетпейді. Міне, алты жыл ішінде тоз-тозы шыққан бір адамның тағдыры. Әңгіме осыдан туындайды, – деді қаламгер.

«Жұмадағы жүздесуде» Есей Жеңісұлы шығармашылық жолымен қатар телевидение саласындағы спорт комментаторларының сөйлеу шеберлігінің деңгейі, тілдік қолданыста бекіген әдеби қалыптан ауытқу салдары, қазіргі қоғам бейнесі жайындағы ойымен және журналистикадағы тәжірибесімен бөлісті. Кейін «Шуақ» атты жинағынан өлең оқып берді. Жоба дәстүрі бойынша белсенді сұрақ қойған әріптестерге кітаптар тарту етті.

Нұртай Алтайұлы,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале