8.12.2017, 18:26
Оқылды: 1223

Жұмағазы хазірет туралы білесіз бе?

14976492_1772308896353903_7296231939489651750_oОрал-Ақтөбе күре жолының 75-шақырымында әр жолаушы тоқтап, тағзым ететін орын бар. Өйткені жолдан онша қашық емес жерде әулие саналатын, Дәдем ата деп аталып кеткен Жұмағазы хазірет жерленген. Жолаушылар дұға етумен бірге Дәдем атаның басына барып, бұлақтан су да алады.

Жұмағазы хазірет XVIII ға­сыр­дың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ел аузын­да­ғы деректерге қарағанда, Жұма­ға­зы хазіреттің дүниеге келген жері Батыс Қазақстан облысын­дағы қазір Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылы маңы деп айты­лады. Осы дерек кейінгі кездері нақты ақпарат ретінде жазылып та жүр.

Хазіреттің руы – Тама. Бұл де­рек­ті батысқазақстандық ше­жі­реші Ким Ахметов «Жетіру ше­жі­ре­сі (та­ма, табын және кердері рулары)» атты кітабында тарқатып көрсетеді. Төлектен  Мәтен, Мәтеннен Тәнтем, Тән­темнен Тәуке, Тәукеден Жұма­ғазы хазірет. Кітап авторы Жұ­ма­ға­зы хазіреттің Дәдем ата ата­луы жө­ніндегі мына деректі алға тар­­та­­ды.

«Тәнтемді ертеден елі «Дә­дем» атап кеткен. Сол Дә­дем тек тамалар емес, ба­тыс беттегі аяқ жетер жердегі қалың мұсылман қауымына аты белгілі әулие, атақты хазірет еді. Осы күндері оның жатқан жері – Қараоба Бұланы. Тәнтемнің қыс қыстауы Қараоба бетте бол­ға­ны­мен, жаз жайлауы оң­түс­тік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған. Тәнтемнен (Дәдем) – Тәуке, ал Тәукеде – Жұмағазы (әйелі Мә­дина 1774 жылы қайтқан) . Жұма­ғазы да - хазірет. Моласы – Тамасайда. Тәнтемнің жайлауын­да жатыр» - дейді Ким Ахметов кі­табында. Яғни, Дәдем Жұмағазы хазіреттің атасының аты болуы әбден ықтимал.

Жұмағазы хазіреттің «Дәдем ата» аталуы орыстың «дядя» сө­зінен шықты деген сөз де жоқ емес. Бұл кеңес дәуірінде атағы дүркіреген «Правда» газеті атындағы кеңшарды басқарған Со­циа­листік Еңбек Ері Виктор Шубин­­ге қатысты айтылады. В. Шу­бин қазіргі Сырым ауданы, Шо­­лақ­аң­қа­ты ауылдық ок­ру­гі­нің аумағындағы Тамасай деген жерде жатқан Жұмағазы хазіреттің мо­ласы маңын егістік үшін жыр­туды тапсырады. Алайда жыр­ту­ға кіріскен трактор сынып қала береді. Мұны көзімен көр­ген шар­уашылық директоры әу­лие­нің моласын қоршап, жыл сайын тасаттық беру үшін мал беріп тұ­рады. Осылайша, Жұмағазы ха­зі­ретке Шубиннің тілі келмеген­дік­тен, ол «дядя», «Дәдем ата» аталып кетіпті-міс. Кезінде аталмыш шаруашылықта егін бітік шығып, жыл сайын мол өнім алы­натын.

Жұмағазы хазіреттің діндар­лығы мен әулиелігі туралы аңыз әңгімелер баршылық. Бір­­де ол қазақ руларының ақса­қал­­да­­рына жолығып, қоныс сұрапты. Де­генмен рубасылар Жұма­ға­зы­ның өтінішін орындамайды. Сұ­ра­ғанын ала алмаған Жұ­ма­ға­зы кері бұрылып жүре береді. Сол кез­де хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны көрген қарттар оның тегін адам еместігін біліп, кері алдырып, өтінішін орын­дап, қонысын белгілеп бе­ріпті. Қа­зіргі Шолақаңқатының бауырында жатқан Тамасай жай­лауы - сол кез­де Жұмағазы ха­зі­реттің үле­сіне берілген жер.

Тағы бір аңыз, Жұмағазы хазі­рет күздігүні Аңқаты өзенінің бе­тіне қатқан жұқа мұздың үстінен тарантас арбамен өтіпті. Мұз арбаны қауырсын құрлы көрмеген. Ал арбаның артынан ерген ит мұзға қайта-қайта сирағын тығып ала беріпті. Бірде Жұмағазы хазірет қос­шы баласымен бірге ар­бамен келе жатады. Айдала­да арбаның бел темірі үзіліп қалады. Сол кез­де хазірет сын­ған белтемірді тү­сі­ріп алып, дем салып, бір-біріне жал­­­ға­ған екен. Айтушылар «сын­ған темірге көктен най­зағай түсті. Темір балқып, со­сын жал­­ға­нып­ты» дейді. Бұл жерде әу­лие дұғаның көмегі­­не жү­гін­ген бо­лып тұр.

24796651_1486854681361688_1493408560357697468_nЖұмағазы хазірет ата ис­лам дінін берік ұстанып қана қой­май, өмірінде соған жан-тә­німен қызмет еткен. Ол Түр­кі­с­­тандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінде білім алып, еліне оралған. Әулие төрт рет қажылық са­пар­ға барып, бұл парызын да абыроймен орындаған. Діндардың көп­те­ген философиялық трактатта­ры, қол­жазбалары болғанымен, ке­йін жо­ғалып кеткен. Хазіреттің ұр­па­ғы Ғарифолла Жанбозов атасына қа­тыс­ты деректерін Алматы қала­сындағы мұрағаттан іздеп көр­ген. Тіпті Астрахан, Орынбор қала­ларының мұрағаттарына сұрау сал­ған. Бірақ жұмыс нәти­же­сіз бо­лып отыр.

Қазір әулиенің жатқан басына сегіз қырлы кесене тұрғызылып, зи­ратының маңы абаттандырыл­ды. Хазірет жатқан қауым қор­шалды. Осы маңда қонақүй мен намаз­ха­на да бар. Бейіттің тұ­сын­да бұлақ ағып жатыр. Жұрт бұ­лақ суын дерт­ке шипа қылып жа­тады. Жұмағазы хазіреттің басына кү­ніне 100-ден астам адам келе­ді. Сенбі, жексенбі күндері 300-400ге дейін жетеді. Олардың ішін­­де осында түнеп, өз дұға-тілек­­терінің орындалуын, түрлі дерт­тен сауығуын тілейтіндер де аз емес. Мұн­да Қазақстан қалалары ғана емес, өзге елдерден де ат арытып, келіп жатады. Құр­бан айт сынды мей­рамдар кезінде көпшілік шаралар да ұйым­дас­тырылады. Адам­дар­­дың көп ке­луіне байла­нысты 2009 жы­лы әді­лет орган­дарында «Дә­дем ата» қоры тіркелген. Осы қор ар­қы­лы Е.Айдарханов пен М.Уте­сов құрастырған «Әулие Жұмағазы хазірет» атты кітап та Орал қала­­сын­­дағы «WESTA» баспасынан жа­рық көрген.

Арман БОЛАТҰЛЫ

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале