10.04.2018, 16:22
Оқылды: 254

«Жұмыр мен Қылыш батырға қатысты деректерді бұрмаламауымыз қажет»

IMG-20170925-WA0046Қазталов ауданының тұрғыны, журналист С.Жұмағалиевтің «Жайық Пресс» сайтында 29.03.2018 жылы  жарияланған БҚО-дағы «Шағала аралы» мақаласындағы «Жұмыр-Қылыш» туралы қойылған сауалына жауап ретінде оқырман Талғат Қатауов төмендегідей деректер келтіреді

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз халқымыздың, аса бай тарихын, сол тарихымызда өшпес із қалдырған батыр бабаларымыздың өмір жолдарын оқып білуге әрі борыштымыз, әрі міндеттіміз» деген болатын.

Жас ұрпақтың  шынайы патриоттық сезімін арттыру, өлкеміздің тарихын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатымен құт қонған қасиетті Қаратөбе өңірінде өмір сүрген Жұмыр-Қылыш батыр туралы сөз етпекпін. Соңғы кезде танымал тарихшылар мен белгілі өлкетанушылар  және мемлекет және қоғам қайраткері (этика сақтап аты-жөндерін жазбауды жөн санадым) Жұмыр мен Қылыш батырлардың  шыққан жерлері мен тектері туралы еш шындыққа жанаспайтын, тарихи деректерге сәйкес келмейтін қисынсыз мақалалар жазып, дәйексіз ойларын айтып жүр.

Атыраулық өлкетанушы Жұмыр батыр Атырау өңірінде өмір сүріп, сол жақта жерленген,  руы - Адай деп жазса, енді біреуі оның руы - Алаша деп келтіріп, бейіті Казталов ауданының Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Нұрсай ауылында дейді. Тіпті ол жерге «Жұмыр-Қылыш» жерленген деп белгі қойыпты.

«Алтын Орда» газетіне шыққан «Жұмыр, Қылыш деген кім?» атты мақаласында автор аңшылық кәсіппен айналысқан жездесінің сөзіне ғана сүйене Жұмыр батыр туралы былай жазады: «… Түлкіні атып жаралап, енді жаяу қуалай бергенде, ол жақын жердегі молаға қарай қашады. Молаға жақындаған түлкіні тағы бір рет атады. Түлкі ақсаңдап барып бейіттің бас жағына құлайды. Батып бара жатқан күн сәулесіне екі көзі шағылысып от болып жанып тұрады. Қолындағы мылтығы жерге түсіп кетеді. Сол жерде жездем бұл Жұмыр атаның моласы екенін біледі…» Қайдан, қалайша білгені, қандай тарихи деректемеге сүйенгені туралы еш мәлімет келтірілмейді. Бұл айтып отырғаны Атырау аумағы. Қазақ шежірелерін ақтара отырып, Адай және Алаша руы ішінен Жұмыр атауын іздеп таба алмадым.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты «Батырлардың әскери айласы» мақаласында: «Жұмыр батыр жауға шапқанда қылышты сілтеуі басқалардан мүлде өзгеше болған және мойынан қылыш түспеген, тіпті төсекке жатқанда да қылышын асынып жатады екен. Осындай қасиеттері үшін Жұмырдың атына қылыш атауы тіркелген» деп өз болжамын жазған. Ғылыми негіздерге, мұрағат құжаттарына және тарихи деректерге еш сүйенбестен, аңдар барып тығылған молаларды, «ана батырдікі, мына хандікі» деп, жаза берсек және шежіреге сүйенбей «лауазымым жоғары, қалтам қалың» деп, белгілі адамдарды өз руына қарай бұрып, тегін өзгерте салсақ, онда тарих пен шежірені бұрмалап, оқырманды алдап және болашақ ұрпақты қатты адастырамыз, ата-баба аруақтарын қорлаймыз. Саяси сауатты, тарихи дәлелді мәлімет беру – оқырмандар мен жасұрпақтың саяси-қоғамдық санасын дұрыс қалыптастырады, өз тарихына деген сүйіспеншілігін арттырады.

DSC_0712Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектері махамбеттанушы жазушылар Б.Аманшиннің, И.Кенжалиевтің, Н.Әбуталиевтің, Ә.Әлімжанов,Ә.Сарайдың «Махамбет батыр» туралы туралы еңбектері мен  зерттеулерін, сонымен қатар «КСРО оқу ағарту ісінің  үздігі» белгісін таққан тарих пәнінің озат ұстазы Тұрсынғали Қатауовтың және Жұмыр батырдың тікелей ұрпағы болып келетін Мақсот Хайдаровтың әкесінен жазып қалдырған жазбасын, сондай-ақ, ескі құлпытастардағы жазуларын тұжырымдай отырып, Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектерін айтып өтейін. Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану мұражайдың директоры Н.Меңдешов әкем Т.Қатауов пен М.Қайдаровтың Жұмыр-Қылыш  туралы өз қолымен жазып қалдырған жазбалары музейде сақтаулы екенін айтып, көшірмесін жібергенді. Мақсот ағаның әкесі - Қайдар ақсақал Жұмыр батырдың тікелей шөбересі болып келеді.

1911 жылы дүниеге келіп, 1982 ж. қайтыс болған қария Ұлы Отан соғысына қатысқан, шежіреші болған. Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руынан тараған  атақты Шолан батырдан: Түкіш, Дат, Байторы және Есенбай тарайды. Бұл жерде Дат  би, шешен, әйгілі батыр Сырымның (шын аты - Сырлыбай) әкесі. Шоланның төрт баласының нағашылары Алаша руынан екен. Ақын нағашысы жиендеріне арнап: «Жайқалған қызғалдақтай Түкіш пен Дат.Байторы болған екен мінезі жат. Дүниеде еш нәрсенің парқын түсінбес, Апарып Есенбайды базарға сат», - деп әзіл өлеңін шығарыпты.

Патша заманында сұлтандар мен старшындардың әділетсіздіктерін, халыққа жасап отырған озбырлықтарын тура айтып, тік мінезімен жақпаған Байторыдан: Көшербай, Жайлау, Жазық, Саттық, Қонысбай және Жаңабайбақты өрбиді. Жұмыр батыр  Байторы атаның  Жайлау бөлімінен тараған. Жұмырдан тараған ұрпақтары Мақсот аға қайтыс болса, кенже ұлы Хасан Қайдаров Қаратөбе ауданында тұрады. Жұмыр батыр - олардың жеті атасына (төртінші аталары) кіреді. Жеті атасы былай тарайды. Әкелері Қайдар, аталары – Ерлепес – Шырман – Жұмыр – Жайлау - Байторы. Ал Қылыш батыр Байбақты руының Саттық бөлімінен тараған.

Жұмыр-Қылыш батырдың мазарлары Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылдық округіне қарасты Төлен елді мекенінен (Байторы руынан шыққан бидің есімімен аталатын Төлен ауылы - Байторы руының байырғы жері) 15 км жерде орналасқан. Белгілі жазушы, махамбеттанушы, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы Берқайыр Аманшин (Алаша руының Кенжеғара бөлімі) әкемнің замандасы, әрі жерлесі болып келеді.

Кеңес тұсында Б.Аманшин өз туған жеріне келгенде, әкемді осы екі үлкен мазарға ертіп апарып, өзінің ғылыми пайымдауынша, бұл бейіттер Махамбет батырдың үзеңгілес адал достары, сенімді серігі, төресін айтар би болған Жұмыр және Қылыш батырдікі екенін және екеуі екі адам екенін айтады. Мұны  Қайдар қария және Төлен ауылының көнекөз ақсақалы, шежіреші Әбу Оразбаев Жұмыр мен Қылыш батырдың зираты екенін нақтылаған. Бұл мазарлар айналасында ешқандай құлпытастар немесе өзге де белгілерді қалмапты.

Алайда осы мазарға жақын жердегі ескі қауымдарда ескіше арабшамен жазылған 3 метрлік үлкен құлпытастарды кездестіруге болады. Ондағы жазуларды суретке түсіріп Орал қаласына әкеліп, белгілі дінтанушыға оқыттым. Құлпытаста: «Байбақты руы, Шолан тайпасы, Байторы бөлімі, Жайлау аймағы Жұмыр батыр немересі Кенжебек қажы 58 жасында опат болды» деген жазу бар екенін айтып берді. Ескі тарихи құлпытастағы жазылған жазуларға, Б.Аманшиннің айтып кеткен сөзіне және әкем мен  М.Қайдаровтың қалдырған жазбаларына сүйене отырып, Жұмыр батырдың тегі Адай және Алаша руынан емес екенін және бейіті Атырау өңірінде немесе Казталов ауданында еместігін сенімді түрде айта аламын.

 

Түйін

Тарих -  жеке дара ғылым саласы. Оның да өзіндік ұстанымдары, талаптары мен зерттеу әдістері мен теориялары бар. Кім де кім тарихи мәселені жазғысы келсе тарих ғылымының талаптарын орындаулары парыз.  Автор өзі зерттеп қозғаған мәселені бұрмаламай, адал жазуы (добросовестность автора) еңбектің «ғылыми аппараты» болуы, яғни әр мәлімет кімнен, қайдан алынғанын көрсете жазуы тиіс. Тарихшылар мен өлкетанушылар Жұмыр-Қылыш батыр туралы мақалаларын  сылдыр сөзбен жаза салса, мемлекет және қоғам қайраткері ешбір тарихи деректемеге, шежіреге сүйенбестен белгіні қоя салған.  «Өткен тарихыңды білмей, болашаққа көз жүгірту мүмкін емес» демекші, тарихымыз бен шежіремізді бұрмаламай, деректемелерге сүйеніп жазайық.

                                                                       Талғат Қатауов,

өлкетанушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале