19.02.2019, 12:23
Оқылды: 70

Жұмыссыз жастардың «Zhas Project» жобасынан миллион теңге грант ұтуға мүмкіндігі бар

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  жастарды жобаға белсенділікпен қатысуға шақырса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жобаларды басқару тобының үйлестірушісі Гүлмира Ескендірова жоба туралы толығырақ айтып берді.

WhatsApp Image 2019-02-19 at 14.41.14

-Биыл Елбасының жарлығымен Жастар жылы болып жарияланды. Жастарға артылған үміт зор. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк ұсынған жоба жастарды жетекші, бәсекелестікке қабілетті болуға, қаржыны ретімен жұмсауға үйретеді. Әлеуметтік жоба болғандықтан қоғамға пайдасын тигізер жұмыс жасайды. Өз бизнесін ашып, дамытуына мүмкіндік береді. Жастарға жобасын жүзеге асыруға 1 млн. теңге қайтарымсыз қаржы беріледі. Бұл жоба аз қамтылған, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетпек. Облысымызда 14-29 жас аралығында 136 мың жас бар. Ал NEET санатына жататын жастар 3 пайыз. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Биыл аталмыш жобаға бірнеше облыс қатысады. Өңір жастарын идеялары мен тың жобаларын ұсынуға шақырамын, -деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы.

WhatsApp Image 2019-02-19 at 14.41.13

Айта кетейік, жастар 1 000 000 теңге қайтарымсыз грант алу үшін байқауға өтініш бере алады. Барлық қатысушыларға екі деңгейлік шәкіртақы беріледі. Жоғары білім алғандарға 60 мың, басқа жастарға 40 мың теңге шәкіртақы төленбек.

-«Zhas Project» жастар жобасы 2017 басталды. 2020 жылғы дейін жалғасады. Биыл Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облысы мен Астана, Алматы қалаларында қолға алынып жатыр. Жобаның басты мақсаты - әлеуеті төмен жастарды қолдау. Яғни, жұмыссыз, арнайы білім алмаған, табысы төмен жастарға басымдылық беріледі. Екі маңызды компонент бар. Оқыту, тренинг пен менторлық және қаржылық қолдау. Биыл жоба үшін 1 100 грант бөлініп, 3 500 жасты қамту жоспарда бар. Жобаға мектепте оқымайтын, 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Олар жобаларын 15 наурыздан 15 сәуірге дейін zhasproject.kz сайтында ұсына алады. Үш кезеңдік іріктеуден өтеді. Алғашқы техникалық іріктеуде құжаттар тексерілсе, екіншісінде комиссиялық бағалау жүреді. Қорытынды кезеңде компьютерлік іріктеуден өтеді,-дейді Гүлмира Қайырбекқызы.

WhatsApp Image 2019-02-19 at 14.41.16

Жастар жобаға қатысу үшін аз дегенде 3 адамнан 5 адамға дейін команда жинауы қажет. Егер қатысушылардың біреуі белгілі бір себептермен жобадан шыққан жағдайда жоба жұмысын тоқтатады. Топтың кәмелеттік жасқа толған көшбасшысы болуы тиіс. Жобаға қатысушылар бастапқы төрт күндік тренингке қатысып, ай сайын ментормен кездеседі. Тағы бір айта кетерлігі, жобаны іске асырған кезде алты ай мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.

Динара Насыр,
«Жайық Пресс»
ақпарат агенттігінің тілшісі

© zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале