16.09.2020, 13:52
Оқылды: 267

Жұмысына салғырт қарайтын компанияларға талап күшейді

Сейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте жол салудағы сапаның сақталуы және шаһардағы бос тұрған ғимараттар айналасындағы қауіпсіздік, олардың құрылысын аяқтау немесе ретке келтіру жайы талқыланды.

Akim (10)

         Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бауыржан Айтмағанбетов баяндағандай, бүгінде 41 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылып жатса, соның үшеуінде жұмыс тоқтап тұр. Бір ауыспалы жоба қаражаттың жоқтығынан тұралаған болса, төрт жердегі жол салу жұмыстары толықтай аяқталған. Қалған нысандардағы жұмыстар қалыпты жүруде. Ал жол салумен айналысатын «Шамсын», «КазСтройГарант», «Разак», «Иском»,«Ануш Құрылыс» ЖШС-лары жұмысты өте баяу жүргізуде. Мұның басты себебі – аталған компаниялардың бірнеше нысандарда құрылыс жүргізуі мен қаражаттың тапшылығынан болуда. Өткен аптада арнайы комиссия құрылысы біткенімен кепілдік мерзімі өтпеген 35 қалалық және 7 облыстық маңызы бар жолдарға талдау жүргізген. Тексеріс барысында анықталған кемшіліктерді жою жөнінде құрылыс компанияларына ескертулер берілген. Сонымен қатар жол салушы мердігерлердің жұмыстары да қадағалануда. Жол құрылысына қажетті битумның да уақтылы жеткізілмеуі қолбайлау болуда. Сондай-ақ  жүргізілген тексерістер барысында жол салу жұмыстарында жіберілген кемшіліктер де анықталған.

Akim (1)

– Жол құрылысында мұндай олқылықтар жіберілмеуі тиіс. Техникалық қадағалаушы компаниялары осы жұмыстарды қарап отыруы керек емес пе? Олар қадағалаушы орган болғандықтан әркез құрылыс басында болулары қажет. Маған ұсынылған деректерге қарасақ, бір техникалық қадағалаушы мекеме бірнеше жобаға жауапты болып тағайындалған. Барлығын бірдей қарауға уақытты қалай таппақ? Жұмыс көлемі көп болған сайын сапаға сын келері белгілі. Өздеріне бекітілген міндетті дұрыс атқарыла алмаса оларға қатаң шара қолданамыз. Қажет болған жағдайда оларды рұқсаттамаларынан (лицензия) айырып, келесі құрылыс жұмыстарына қатыстырмауымыз керек. Осындай шара басқа мердігер компанияларға сабақ болары анық. Қалаішілік жолдарын жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Сәйкесінше сапаға деген талап та күшеюі керек. Тағы бір айта кететін жайт, әлеуметтік желі арқылы қала тұрғындарынан жолдарға қатысты көптеген сауалдар жолдануда. «Жөндеуден өтіп жатқан жолдардан алынған көне асфальтты неге қала іші мен маңындағы жолдары нашар көшелерге төсемеске?» деген ұсыныс та жиі айтылады. Мендегі мәліметтерге сүйенсек, облысымыздағы «Қазавтодор» ЖШС-нің Подстепный ауылындағы қоймасында 8 647 тонна көне асфальт жинақталып тұр. Аталған серіктестік өкілдері бұл асфальтті жол жиектеріне төсеу, көктемгі су тасқыны кезінде пайдалану мақсатында сақтап отырмыз дейді. Бірақ биыл жол салу жұмыстары ауқымды жүріп жатқандықтан жиналған ескі асфальттың көлемі мол. Бұл компания республикалық деңгейде жұмыс жасағанымен жергілікті жерде орналасқан. Сондықтан кәсіпорын өкілдері жоғарыдағы басшылықпен келісіп, жиналған ескі асфальттің кем дегенде жарты көлемін бізге беру жолдарын қарастырсын. Егер 4 000 тонна ескі асфальт алсақ жол қатынасы қиын көшелерге төсеуге пайдаланар едік, – деді облыс әкімі.

Akim (7)

Мұнан соң өңір басшысы көлік бақылау инспекциясының жұмысын сынға алды. «Мына суреттерді біздің мамандар тек бір сағаттың ішінде түсірген. Көріп отырсыздар, құрылыс компаниялардың жүк таситын ауыр көліктері қала ішінде емін-еркін жүр. Оған қоса қиыршық тас, құм секілді жүктер тиеп алған. Сонда қала маңындағы айналма жолдарды не үшін салдық? Біздер қыруар қаражат бөліп, қала ішінің жолдарын жөндеп әлекпіз. Ал мынадай ауыр көлік жүрген жерде жолдың сапасы қалай болмақ? Осы мәселені көлік бақылау инспекциясы басшысына қатаң қадағалауға алуды тапсырамын», – деді ол.

Akim (8)

Кеңес отырысына қатысқан БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Қанатжан Айбергенов Орал шаһарындағы тозығы жетіп немесе құрылысы аяқталмай тұрған ғимараттар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сай ведомствааралық комиссия құрылып, бірнеше тексерістер жүргізілген. Нәтижесінде қала бойынша ескіріп, бос тұрған немесе құрылысы бітпеген 24 нысан анықталған. Бүгінде олардың 11-інде құрылыс немесе жөндеу жұмыстары басталған болса, 13 нысан әлі сол қалпында тұр. Бөлім басшысы әр нысанға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.

Akim (11)

– Қаладағы ескі және құрылысы бітпеген нысандар біріншіден тұрғындар үшін қауіп тудырады. Бұған дейінгі басқосуда осындай ғимараттардың айналасын қоршап, есік-терезелерін бітеу керектігі туралы тапсырма берген едім. Себебі бұндай жерлерде баспанасыз адамдар жиналуынын салдарынан қылмыстық оқиғалар көп орын алады. Сонымен қатар балалар да мұндай нысандарға кіруге әуес келеді. Оның соңы жазатайым жағдайға соқтырып жатқанына да куә болудамыз. Сондықтан иесіз, бос тұрған нысандарды барынша азайтуымыз керек. Екіншіден бұл ғимараттар біздің қаламыздың сәнін кетіреді. Әсіресе орталық көшелердегі нысандар сырттан келушілердің назарына бірден түседі. Аталған ғимараттардың ең болмағанда көше жақ беттері жөнделіп, қоршалып, есік -терезелері жабылуы керек. Әр нысан белгілі бір адамның жеке меншігі. Мүмкін, түрлі жағдайларға байланысты құрылысын аяқтай алмай немесе жөндеу жүргізе алмай отырған шығар. Бәлкім, оларға қолдау қажет болар. Сондықтан нысан иелерімен жеке-жеке сөйлесіп, жеңілдетілген несие немесе басқа да жағынан көмек көрсетуіміз керек. Егер кәсіпкерлер өз нысандарының құрылысын аяқтаса бірнеше адамды жұмыспен қамтыр еді. Көп ғимараттың құрылысы 80-90%-ы аяқтала келген. Бәлки сәл қолдап жіберсек ол нысандардан балабақшалар, халыққа қызмет көрсететін орындар жасақтауына жол ашылар еді. Бір айдан кейінгі өтетін келесі басқосуда осы насандар бойынша кәсіпкерлік басқармасының да есебін тыңдайтын боламыз, – деді Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале