30.05.2019, 20:14
Оқылды: 25

Жүргізуші куәлігін алу жең ұшынан жалғасуда

Бұл жайында облыс әкімдігі  ғимаратында өткен «Ақжайық – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе отырысында айтылды.

IMG-20190530-WA0095

Оған жоба жетекшісі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның облыстық филиалының директоры Марат Бассаров және құқық қорғау құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының облыстық департаменті басшысының орынбасары Серік Мұстафинның айтуынша, мамандандырылған ХҚКО-да сыбайлас жемқорлық тәуекелі тіркелген. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алуда сынақтан өтпей-ақ емтиханның оң бағасын иелену үшін пара алу дерегі тіркелуіне байланысты БҚО полиция департаментінің тіркеу-емтихан жұмысы бөлімшелерінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізілді.

IMG-20190530-WA0093
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары жүргізген операциялық іс-шара барысында Орал мен Ақсай қалаларының тұрғындары облыс орталығындағы автомектеп директорына 50 мыңнан 60 мыңға дейінгі көлемде ақша бергенін анықтады. Олар емтиханды іс жүзінде тапсырмай, «В» санатты жүргізуші куәлігіне оңай жолмен қол жеткізбек болған. Оны автомектеп директоры мен екі мемлекеттік автоинспектордың телефон арқылы өзара келісімге келуі де дәлелдейді. Соның нәтижесінде ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 02 желтоқсандағы № 862 бұйрығымен бекітілген «Көлік жүргізуші куәліктерін тексеру және беру ережелері» өрескел бұзылған. Мемавтоинспекторларға директор тарапынан ақша беру оқиғасы тіркелмегендіктен, оларға қатысты іс өндірісте тоқтатылды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қолға алынған шараларға қарамастан, облыстық полиция департаменті тіркеу-емтихан жұмысы бөлімшелері лауазымды тұлғалары «делдал болудан» тыйылмай отырғанын осы оқиға айғақтайды. Соған байланысты аталған департамент басшылығына ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 200-бабына сәйкес күдікке ілінген қызметкерлерді қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартуға қатысты қызметтік тексеру жүргізіп, олардың ішкі істер құрылымында қызметін жалғастыру мәселесін назарға алуға ұсыныс жасадық, – деді Серік Мұстафин.
Кеңсе отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының директоры Марат Бассаровқа және Орал қаласындағы корпорацияның мамандандырылған бөлімінің басшысы Луиза Құсайыноваға бұзушылықтарды жою жөнінде бірнеше тапсырма берді. Яғни, мамандандырылған ХҚКО ғимаратында тұрғындардың жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру сәтін азаматтық қоғам өкілдері монитор арқылы тікелей бақылауына жағдай жасау, емтихан тапсырушылардың іс-әрекетін толық қадағалауға мүмкіндік беретін қосымша веб-камералар орнату және бейнежазбалар мұрағатын екі ай  мерзімге сақтау ұсынылды. «Ақжайық – адалдық алаңы» шарасына қатысқандар жемқорлық мәселесін талқылағаннан кейін Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Алмас Отарбаев «Қоғамдық көлік қызметін бірыңғай төлем орталығы арқылы шығынсыз пайдалану» жобасын таныстырды. Бірыңғай дербес шот арқылы (коммуналдық шығындар мен ПИК қызметі) түрлі қызмет төлемін бір көзден бақылап,  бережақ соманы автоматты түрде есептеп отыратын «ALSECO» бірыңғай төлем орталығы Алматы, Астана, Көкшетау, Қызылорда қалаларында іске қосылған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жобамен жұмыстанушыларға Астана қаласындағы қолданылу тәжірибесін зерттеп көруді тапсырды.

Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале