26.06.2017, 19:31
Оқылды: 34

Журналистер кәсіби мерекесін атап өтті

 Kyttiktau kubok  Орал қаласындағы «Park Hotel» мейрамханасында өңір басшысы Алтай Көлгінов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.


  - Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі күннен-күнге артып келеді. Осы орайда Батыс Қазақстанның да өз тарихы мен өз ерекшелігі бар. Бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлт зиялылары патшалық дәуірдің өзінде 1911 жылдан бастау алатын «Қазақстан» атты газет шығарып, елдің атын алғаш рет ресми айналымға қосты. Содан бері өңір журналистикасы дәстүрлі түрде жалғасын тауып, халыққа үздіксіз қызмет жасап келеді. Биыл «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына ғасыр толған тойын тойлағалы отыр. Осы орайда аталған газеттердің ұжымына 100 жылдықтарымен құттықтағым келеді. Газет тарихы - ел тарихы, зиялылардан қалған хат. Елбасы тапсырмаларына сәйкес мемлекет атқарып отырған жұмыстарды қалың бұқараға жеткізетін, ел ішінде болып жатқан жаңалық-өзгерістерді баршаға паш ететін де журналистер. Қазіргі заман талаптарына сәйкес ақпараттың маңыздылығы артып, оны барынша жедел беру міндеті қойылуда. Жалпы, өңірде сексенге жуық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Арамызда отырған сала ардагерлері өздеріңіздей орта және кіші буын журналистердің қарқынды жұмыстарын көріп-біліп жүр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын,- деп жүрек жарды тілегін білдірген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің 100 жылдығына орай аталмыш ұжым басшыларына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

     Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов, «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Марина Ивановаға өңір басшысының алғыс хаты табысталды. Облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінде бірнеше жылдан бері қызмет жасап келе жатқан танымал журналист Есенжол Қыстаубаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» төс белгісін ҚР Журналистер Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ибрагим Жүсіпқалиев тақты. Облыс әкімінің алғысхатымен марапатталғандардың қатарында әріптестеріміз Нұрбек Оразаев, Темірболат Тоқмамбетов, Гүлжамал Кенжеғалиева да бар.

         Мерекелік дастарханда бас қосқан журналистерге концерттік бағдарлама ұсынылды.

Темір БОЛАТ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале