15.10.2019, 17:56
Оқылды: 138

Жылыту маусымына дайындық қалыпты жүруде

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастрылған брифингке қатысқан Батыс Қазақстан облысы басқармасының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің сөзінше, облыстағы 386 денсаулық сақтау, 630 білім, 370 мәдениет нысаны жылыту маусымына толық дайын.

Musin

Орал мен Ақсай қалаларында орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған көп пәтерлі 1306 үйге жылу тарататын құбырлар желісі гидравликалық сынақтан өтіп, пәтер иелері 100 пайыз әзірлік құжатын алды. Әлеуметтік нысандарға қысқы маусымға қажет 3329 тонна көмір, 520 тонна сұйық отын тасымалданды.

Облыста 912 автономды қазандықты, 16 электр және 315 трансформатор қосалқы стансасын, 3 139 шақырым астам электр және 7 488 газ желілерін жоспарлы жөндеу жұмысы аяқталған. Орал қаласындағы 461,3 шақырым магистральды және кварталды жылу желілерінің 51,9%-ы, 442,2 шақырым су құбыры желілерінің 63,5%-ы, 362,3 шақырым кәріз жүйесінің 62%-ы тозған.

«Нұрлы Жол» бағдарламасымен Орал қаласының №4 және 8 жылу мангистралі желілерін қайта жаңғырту бойынша екі өтпелі жоба іске асырылды. Бағдарлама ауқымында ұзындығы 7,922 шақырым су құбыры желісі жаңартылуда. «Батыс су арнасы» ЖШС 103 млн.теңгеге 4,7 шақырым су құбыры желісін, 140 млн. теңгеге 1,4 шақырым кәріз желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның БҚО-дағы өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Берік Омаров кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы жөнінде айтты. «ҚазТрансГаз Аймақ» табиғи көгілдір отынды тасымалдаумен, таратумен, өткізумен шұғылданады. Табиғи газды облыс жұртшылығы, коммуналды және өнеркәсіпкәсіпорындары тұтынады. Облыстағы 7 434 шақырым газ құбыры желілерінің 3 254 шақырымы «ҚазТрансГаз Аймақ» меншігінде болса, 1166 шақырым желісі сенімгерлік басқаруға берілген. Облыстағы елді мекендерде 183 мың абонент, коммуналдық-тұрмыстық салада 3549 абонент, 2 ірі өнеркәсіп, 513 орта және кіші кәсіпорындар газ игілігін көріп отыр. Күні бүгінге тұтынушыларды газбен қамту 95%. 2019 жылға 1 млрд. 203 текше метр газ тарату жоспарланған. Биылғы он айда 800 миллион текше метр газ таратылған. Жыл ішінде газ құбыры желілерін, электрхимиялық қорғаныс жабдықтарын жөндеу, газ қысымын өлшеу және басқа да техникалық қызметтер жүзеге асырылған. Жылыту маусымына байланысты жауапты құрылымдармен әзірлік құжаттарына қол қойылған.

Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері төтенше жағдайлар қызметімен бірге тұрмыстық газды пайдалануға қатысты тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Тұтынушылар жылыту пешінің қалыпты жанып, түтін тартуын және есептегіш жабдықтың іске қосылып тұруын қадағалап отыруға міндетті. Қысқы және көктемгі кезеңде ауа температурасының күрт өзгеріп, желдің ұйытқуы салдарынан көгілдір отын түтінін тарту үдерісі нашарлауынан қайғылы жағдай болып жатады. Былтырғы жылыту маусымында республика бойынша газдың уытынан 105 адамға иіс тиіп, 49 адам көз жұмған. Облыста газ иісінен улану бойынша алты жағдай тіркелген. Соның салдарынан 10 адам зардап шегіп, науқастың төртеуі қайтыс болған. Биылғы қыркүйек айының өзінде газ жабдығын дұрыс пайдаланбауынан адамдардың жеңіл дәрежеде улануына қатысты төрт жағдай тіркелген. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «ҚазТрансГаз Аймақ» бірнеше жылдан бері «Жайықжылуқуаттан» газ тұтынғаны үшін алажақ сомасын өтеуді даулап келеді.

– Соңғы жеті ай көрсеткіші бойынша «Жайықжылуқуат» АҚ бізге 1 миллиард 529 мың теңге шамасында бережақ. Кәсіпорынның газ тұтыну құны наурыз айында 250 миллион, жаз айларында 100 миллионнан, қыркүйекте 126 миллион теңгеге есептелген. Аталған мерзімде 60 миллион теңге ғана төледі. Борышкермен келіссөздер жүргізілуде. Бережақты өндіруге қатысты сотқа жүгінумен келеміз, - деді Берік Омаров.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале