11.04.2018, 12:56
Оқылды: 67

Зияткерлер тактильді әліппе пен аудиокітап сыйлады  

 

nzm (2)Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында «Зияткерлер достарын қарсы алады» дәстүрлі шарасы өтті.

Аталмыш шара аясында мектеп жатақханасында тұратын оқушылар «Мейірімді жүрек» жобасы барысында Брайн үлгісінде жасалған тактильді қазақ әліппесін және 46 шығарма жазылған 6 аудиокітапты Облыстық көздері нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатына сыйлады.

Айта кететін жайт, зияткерлік мектепте белгілі бір атаулармен шаңырақтарға бірігетін оқушылардың жеті қауымдастығы бар. Аталмыш жеті шаңырақ жыл бойы облысымыздағы түрлі әлеуметтік мекемелермен (балалар үйлері, арнаулы мектеп-интернаттары, қоғамдық ұйымдар, т.б.) ынтымақтастықта жұмыс жасап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Яғни жыл бойы айына бір рет мекемелерге барып немесе оларды мектепке шақырып түрлі шеберлік сағаттарын, тренингтер, психологиялық қолдау шараларын, мереке немесе атаулы күндерге орайластырылған концерттер өткізеді. Кейін жыл соңында барлығы зияткерлік мектептің сахнасында «Зияткерлер достарын қарсы алады» атты шығармашылық концертте бас қосады.

nzmБұл күні зияткерлер мен арнаулы мектеп-интернаттарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері бірігіп өнер көрсетті. Сондай-ақ зияткерлік мектептің «Ғажайып» би ансамблі, «Шабыт» вокалды-хоры, «Дарын» ұлт-аспаптар оркестрі, «West Beat» барабаншылар ансамблі және жекелеген оқушылары ән мен биден шашу шашты. Шарада сөз алған мектеп басшысы Тимур Нұркешов оқушылардың бойына толеранттылық, мейірімділік, қайырымдылық секілді қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеуге бағытталған аталмыш жоба дәстүрге айналғанын және мекемелермен серіктестік жалғаса беретінін, зияткерлік мектеп оқушылары әрқашан көмекке асық, жақсылыққа құмар екенін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған әлеуметтік серіктес ұйымдардың өкілдерді алғыстарын айтты. Мүгедек балаларға арналған облыстық «Бәйтерек» қоғамдық ұйымының директоры Мерует Санкаева мектеппен серіктестік көптеген пайдалы әрекеттерге жол ашқанына, жас ұрпақты тәрбиелеудің осындай құралдары қоғамға аса қажет екеніне тоқталып, алдағы уақытта аталған мекеме мен мектеп арасында жаңа жобалар жасауға ниетін білдірді. Шара соңында әрбір шаңырақ өзінің серіктес мекемесіне ақ тілектері мен ізгі ниеттері жазылған хаттарын жолдады.

Концерттен кейін зияткерлер достары үшін қолданбалы және көзеші өнері, домбыра, арт-терапия, робот техникасы бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, барлығы бірге түрлі бұйымдар жасады, бір сәт робот техникасы әлеміне сапар шекті.

Ақмоншақ Жұмаева

Орал қаласындағы

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

nzm (3) nzm (5) nzm (6) nzm (7) nzm (8)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале