2.12.2020, 12:02
Оқылды: 139

Зорлыққа жол бермеймін десеңіз...

Иә, коронавирус пандемиясы басталып, карантин жарияланғалы біздің елде ғана емес, әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық саны күрт артты. БҰҰ-ның  мәліметіне сүйенсек, мәжбүрлі карантин кезінде көп елде отбасыдағы зорлық-зомбылық салдарынан әлеуметтік көмек сұрап, құзыретті құрылымдарға хабарласқан әйелдердің саны үштен бірге, кей жағдайда екі есеге артқан. Осыған байланысты  БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш барлық елдің билігіне үндеу жасап, пандемияға қарсы күрестің негізгі мақсатына әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күресу жолдарын енгізуді ұсынған болатын.

3829096A-15D5-4843-AB73-D325B9B123AD

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық деген не?

Біздің заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық деген – белгілі  бір отбасылық қарым-қатынастағы адамдар арасында шиеленіс орнап, оның нәтижесінде пайда болған физикалық, психологиялық және эмоционалды қысым. Ол ерлі-зайыптылар арасында ғана емес, аға, әпке немесе балалар секілді барлық туыстық қатынастар арасында да болуы мүмкін. Яғни бір үйде тұратын адамдар бір-біріне кесірін тигізсе, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылады. Егер екі жұп заңды некеде тұрмаса, онда олардың арасындағы қысым тұрмыстық зорлық-зомбылық болып саналмайды. Зорлық-зомбылықтың ең жиі кездесетін түрі – физикалық зомбылық. Психологиялық қысым арқылы да, тұрмыстық зорлық-зомбылық орнауы мүмкін. Ол көбіне кемсіту, қысым көрсету сияқты әрекеттерден тұрады. Мұның барлығы жүйелі түрде қайталанып отырса, ол да тұрмыстық зорлық-зомбылық болып есептеледі. Зорлықтың қай түрі болса да, психологиялық азап шегетін жәбірленуші. Оның жағдайы онсыз да осал, ол қауіпсіздікті сезбейді. Сондықтан мамандар көмекке жүгіну үшін жәбірленуші бір жеріңізді сындырғанша күтудің қажеті жоқ екендігін алға тартады.

Зорлық-зомбылық әрекеттерінің кейінгі жылдары күрт көбеюі дабыл қағатындай мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Мұны түрлі әлеуметтік желілердегі қоғам белсенділері мен блогерлердің жазбаларынан  анық көруге болады.

Соған орай кейінгі он жылда еліміздің әр аймағынан зорлықтан жәбір көрген жандар үшін арнайы дағдарыс орталықтары ашылған болатын. Біздің облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету үшін 2013 жылы Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімделу орталығы ашылды. Алайда өмір тәжірибесі өзі дәлелдегендей, жәбір көретіндер жынысқа бөлінбейді. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көргендерді орталыққа қабылдау аясын кеңейту мақсатында 2019 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» болып қайта құрылды.

Көрсеткіш күннен-күнге өсіп барады

Биылғы жылдың он айында орталық көмегіне  257 адам жүгінген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен  салыстырғанда 35,9%-ға көп (өткен жылдың 10 айында – 189 адам). Оның ішінде 65-і орталықты паналауға мәжбүр болған (22 әйел, 43 бала), өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға  артық. Бұдан бөлек 192 адам алимент өндіру, ажырасу, отбасылық кикілжің, мүлік бөлісу даулары бойынша арнайы кеңеске жүгінген.

Озбырлық көрсең, орталыққа бар

Бүгінде қала орталығында орналасқан аталмыш ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі бойынша  қызмет көрсетеді. Оған тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, экономикалық, құқықтық қызмет көрсетулер жатады. Дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүністің айтуы бойынша орталық көмегіне жүгінетін жандардың басым көпшілігінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы, сондықтан отбасындағы көп кикілжіңді ақшамен, байлықпен салыстыру қисынсыз дегенді алға  тартады.

– «Дағдарыс орталығы не үшін керек?», «Еуропаның қаңсық тәжірибесін біздің елге енгізудің қаншалықты қажеті бар?» деген секілді сұрақтарды көп естимін. Иә, мойындауымыз қажет, қазақ халқында әу баста жетімдер үйі, қарттар үйі деген мекемелер де болмаған. Олар қоғамда орын алған түрлі қажеттіліктен пайда болды. Сол секілді бұл орталық та тектен-тек пайда бола салған жоқ. Жылдар өте, қоғамдағы, оның ішінде отбасылық даулар, зорлық-зомбылық, ажырасу, суицид секілді мәселелердің қордаланып, шектен тыс көбейіп кетуіне байланысты белгілі бір дәрежеде халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, құрылған болатын.

Отбасы институтының дұрыс қалыптасуына, отбасы құндылықтарын насихаттауда, отбасылық дауларды шешуде аталмыш ұйымның рөлі зор. Өйткені әр адамның басына жазған тағдыры әр түрлі болады.

Орталыққа көбіне өмірден өзін әлі де болсын таба алмай жүрген 18 бен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер келеді. Біреуі енесімен тіл табыса алмайды, енді біреуінің күйеуі – қара басын күнде таяқтан арылтпайтын маскүнем. Тіпті жолдастары құзырлы мекемелерде жасайтын, қоғамға танымал адамдардың әйелдері де бізден жиі пана іздеп келеді.  Оған таңғалудың, жаңалық ашудың қажеті жоқ. Өйткені проблема бәріне ортақ, бізге тек жәбірленушілер келеді. Ал біздің мақсатымыз – «Жәбірленушімен бір шаңырақ астында тұруға мәжбүр болған адамдар қалай қорғана алады?» деген сұраққа жауап іздеп, барынша қолұшын созу. Осы орталықтың басшысы ретінде бірнеше жылдық тәжірибемде отбасылық тағдыры қыл үстінде тұрған екеуді қалай да татуластырып, бір арнаға қосып жіберуді көздеп келеміз. Бізге жүктелген міндет отбасы құндылықтарын барынша насихаттап, ажырасудың алдын алу, - деген орталық директоры Талшынай Орынбекқызы қазіргі таңда жұмыс жасап, ақша табам деген жастар үшін мемлекет үлкен қолдау көрсетіп жатқанын тілге тиек етті.

– Екі жақты түсініспеушіліктің салдары кейде келеңсіз жағдайға ұрындырып жатады. Біз барынша түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Нәтиже  жоқ емес. Бір кездері баратын жер, басатын тауы болмай, орталықтан пана тапқан кейбір әйелдер отбасына оралып, қоғамнан өз орнын тапқандары бізге арнайы келіп,  алғыстарын жаудырып кететін сәттер де аз емес. Бұл орталықтың барлық мамандарының бірлесіп жеткен ортақ жұмыстарының жемісі деп айта аламын, – дейді орталық басшысы Талшынай Жүніс.

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале