Биыл облыс аймағында жалпы құны 11,4 млрд. теңгені құрайтын 53 субсидиялау келісімшарттарына қол қойылған. Сондай-ақ несиелік құны 92 млрд. теңге болатын 720 жоба мақұлданған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ БҚО аймақтық филиалының басшысы Нұржан Қалишанов мәлімдеді.
Спикердің баяндауынша, биыл «Орал полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС (газ, су және кәріз желілері үшін полиэтилен құбырларын шығарады және сатады), «Жайықтрансқұрылыс» ЖШС (цементтен жасалған бұйымдар шығарады) стартап, «Еңсепова» ЖК (кондитерлік бұйымдар өндірісі), «Мендыгазиева» ЖК (жеке балабақша), «Азот зауыты» ЖШС (өнеркәсіптік газ өндірісі), «Ақжолавто» ЖШС (аутобустар тасымалы) секілді ірі жобалары мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына ие болған.
– Өткен жылы бастау алған 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл серіктес банктермен жалпы құны 847,9 млн. теңге болатын 97 жоба қаржыландырылды. Аталмыш бағдарлама нәтижесінде «Алмагуль» ЖК бахил өндіретін шағын цех, «Cleanser» ЖШС сұйық сабын шығару, «Бондаренко А.А.» ЖК контейнерлердің мобильді блогы өндірісін, «Абдулова М.И.» ЖК балаларға арналған түзету-дамыту орталығын ашу жобалары қаржыландырылды, - деді Нұржан Бауыржанұлы.
Бұдан соң филиал басшысы өңірде жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламаларға жеке тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер