Өткен жылы облыстық бюджет бекітілгенде 105 миллиард теңгені құраса, соңғы нақтылауда ол 133 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар айтты.
Биыл облыстың жалпы өңірлік өнімінің көрсеткіші 1,2 трлн. теңгені құрап, өсімі 0,6% болды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 млрд. теңгеге жеткен. Өңір экономикасының барлық саласына қарқынды даму тән. Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 273 млрд. теңгенің үстінде және оның өсімі 4,5%-ды көрсетті. Сыртқы инвестициялар 165 млрд. теңгеге жетіп, негізгі капиталдағы үлесі 60%-дан асқан. Индустриаландыру картасы бойынша облыста 362 жұмыс орнын құрумен 22 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Соның төртеуі «жандандандырылды».
Мәлік Құлшардың айтуынша, 2018 жылы ауыл шаруашылығын қолдау шараларына 12 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 104 млрд. теңгені құрады. Салаға 2,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша өңірге 36,3 млрд. теңге, 450 шақырымдық жол құрылысына 32 млрд. теңге бөлінген. Республикалық маңызы бар жолдардың 285 шақырымы, ал Оралда 50 көше жолы жөнделуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Оралда 26 көппәтерлік және аудандарда 104 тұрғын үй салынуда. Жыл соңында 6 тұрғын үй (688 пәтерлік) ауылдарда 83 тұрғын үй (139 пәтер) пайдалануға берілмек. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша 75 пәтер пайдалануға берілсе, енді 280 пәтер дайын тұр. Облыс тұрғындарын ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту бағытында да қарқынды жұмыстар жүруде.
-2018 жылы облыстық мәслихаттың алты сессиясы өтіп, онда 68 мәселе қаралды. Халық қалаулылары төрт рет облыстық бюджетті нақтылады. Облыстық бюджет өткен жылы 6 желтоқсанда бекітілгенде 105 миллиард теңгені құраса, соңғы нақтылаумен облыстық бюджет 133 миллиард теңгеге ұлғайтылды, - деді Мәлік Иманқұлұлы брифингте.
Гүлбаршын Әжігереева,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер