13.12.2018, 17:26
Оқылды: 49

БҚО-да жемқорлықтың таралуы жайлы әлеуметтік сауалнама жүргізілді

 

БҚО ішкі саясат басқармасының тапсырысымен облыс аумағындағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы қоғамдық пікірді айқындау үшін әлеуметтік зерттеу жасалған. Респонденттердің 62%-ы жемқорлық тарамаған деп санайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

 мемкызмет брифинг

Аталмыш департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайрулиннің айтуынша, агенттік қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша кешенді жоспарды бекіткен. Кешенді жоспар 12 жобадан және түрлі мақсатты топтарға арналған іс-шаралардан тұрады. Соның бірі «Үгіт» жобасы аясында облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтармен «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен 6322 мекеме қамтылып, шараларға 330 мыңнан астам адам қатысқан. 

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ құрылған. Мұндай топтар  облыс бойынша және барлық ауданда құрылып, жұмыс істеуде. Мысалы, арнайы мониторинг тобының мүшелері М.Жұмағалиев пен В.Колпаков Орал қаласының балабақшаларынан балаларды заңсыз шығару фактісі бойынша ақпаратты зерттеп, арнайы мониторинг тобының кезектен тыс отырысын өткізді. Нәтижесінде 50 шақты ата-ананың құқығы қорғалды. Сонымен қатар «Сырым» шекара аймағындағы эспорттық бақылау бекетіне мониторинг жасау кезінде ауыр жүк тасымалдау көліктерінің кептелісі анықталған. Арнайы мониторинг тобы мен уәкілетті мемлекеттік мекемелердің бірлескен отырысында бұл мәселенің түйіні тарқатылған.

Жыл басында іске қосылған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасына тұрғындар белсене қатысуда. Соған орай халықтан 108 ақпарат түсіп, тиісті шаралар алынған. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «БҚО аумағындағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы қоғамдық пікірді айқындау» жөніндегі әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Респонденттердің 62%-ы (2017 ж. – 31,7%) жемқорлық тарамаған деп санаса, 18 %-ы мүлдем жоқ (2017 ж. – 25%), 9 %-ы аздап тараған (2017 ж. – 13,8%), ал 2 %-ы кең тараған (2017 ж. – 25,7%) деп есептейтіні белгілі болды.

Брифингте мәлім болғандай, республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталықтың хаттары негізінде 5 тексеріс жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде білім беру бөлімдерінің басшылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасап, бұрын сотталған азаматтарды мекеме басшысы етіп жұмысқа алғандығы анықталған.

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале