29.11.2018, 17:46
Оқылды: 47

Қырықоба, Сегізсай, Жайық қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі

Биыл Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылының Мәдениет үйі мен Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден өтіп, жақын күндері пайдаланылуға берілмек. Сондай-ақ Сырым ауданы Қособа ауылында салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылысын желтоқсан айында толық аяқтау жоспарланған.

DSC_0008

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев баяндады.

Брифингте спикер биылғы жылдың он бір айы ішіндегі мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта облыс бойынша 729 мәдениет мекемелері халыққақызмет көрсетуде. Атап айтсақ, өңірде 22 музей, 381 кітапхана, 2 театр, 275 клуб мекемесі, 5 автоклуб, 5 кинотеатр, 23 киноқондырғы, 3 демалыс саябағы, концерттік мекеме, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция жұмыс істейді.

-Алдағы жылға Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында біз көптеген іс-шаралар жоспарладық. Соның ішінде, «Архив-2025» бағдарламасы бойынша отандық және шетелдік архивтермен жұмыс істеп, нәтижесінде шыққан еңбектерді мүдделі зерттеушілер мен халыққа қол жетімді болу үшін цифрландыру жолға қойылмақ. Соның ішінде, Ресей мемлекеттік архивтеріндегі ұлы тұлғаларға, мерзімді баспасөз басылымдарына, метрикалық құжаттар мен эпиграфикалық ескерткіштерге қатысты зерттеулер жүргізілетін болады. Сонымен қатар, облыстық археология және тарих орталығының бастауымен Қырықоба, Сегізсай, Жайық қалашығында жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстары да басты назарда болмақ. «Ұлы даланың фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша ұлттық музканы насихаттау мақсатында Өзбекстан, Австрияға гастрольдік сапар жоспарланып, АҚШ-та тұратын қазақтарға домбыра аспабын үйрету үйірмесін ашу бойынша жұмыстанудамыз. Келесі жылы аудандармен бірлесе «Өнер - өшпес мұра» атты фольклорлық-этнографиялық экспедициясы жұмысын бастайтын болады,- деді Қадырболат Мұсағалиев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале