Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзіңнен баста» кіші бағдарламасының ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіндеіске асырылуы тақырыбына арналды.
Брифингке аталған агенттіктің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов және БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуев қатысты.
-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың бағыттарының бірі ұлттық сәйкестілікті сақтау болып табылатындығы айтылған болатын. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мемлекеттік қызметшілер үшін спорт кешендеріне қолжетімді ету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Агенттіктің бастамасымен «90 мың ағаш» экологиялық іс-шарасы, мемлекеттік қызметкерлердің «Challenge «MeirliKyzmet» қайырымдылық іс-шарасының әлеуметтік жобасы, «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметкері» республикалық байқауы, мемлекеттік қызметкерлер арасында спорт жарыстар, «Әкем, анам және мен» отбасылық сайысы және мектеп оқушылары арасында «Балалар - елдің болашағы» атты жобасы жүзеге асырылды.Мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу мәдениетін және шешендік қасиеттерін арттыру мақсатында «Қазақстан: бүгін және болашақта» пікір-сайыс турнирлері ұйымдастырылды. Аудан, қала және облыс деңгейлерінде өткен шараларға 100 жуық мемлекеттік қызметкер мен жастар қатынасты,-деді Болат Әлімханұлы.
БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты кіші бағдарлама қолға алынғандығын, соның аясында агенттіктің қызметкерлері үшін икемді жұмыс кестесі енгізілгендігі туралы баяндады.
Оның айтуынша, әр қызметші үшін мерзімнен тыс жұмыс уақыты тәулігіне екі сағаттан аспауы керек, ал мерзімнен тыс жұмыстың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан, жылына жүз жиырма сағаттан аспауы тиіс.
-Өз кезегінде жұмыс беруші еңбек заңнамалары талаптарын, келісімдерді, ұжымдық және еңбек келісімшарттарын сақтауға және қызметкерді еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге міндетті. ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер үшін екі күндік демалысымен бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Еңбек заңнамаларын бұзған тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады,-деді Азамат Жұмабайұлы.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер