Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, жастардың елдің қоғамдық-саяси, мәдени, экономикалық өміріне деген белсенділігін арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсетуді мақсат ететін «Жыл үздігі» байқауы биыл 10-шы мәрте ұйымдастырылуда. Аталған байқау жеңімпаздары 10 негізгі, 2 арнайы аталымдарымен марапатталмақ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО бойынша «Болашақ» Қауымдастығының директоры Салтанат Тұманбаева мәлімдеді.
-Байқауға қатысу үшін құжаттар 23 қараша мен 7 желтоқсан аралығында қабылданатын болады. Қатысушылар 14 пен 29 жас аралығында облыс жастары болуы тиіс. Байқауға қатысушылардың тек биылғы жылғы жетістіктері қаралатын болады. Батыс Қазақстан облысы жастар премиясының жеңімпаздары арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталатын болады. Комиссия құрамы байқауды ұйымдастырушылар, әр салаға сәйкес сарапшылар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұрады. Жастар – әрбір ортаның, қоғамның барометрі секілді. Сезімтал, сергек, қырағы, қайратты келетін олар заманның талабына қарай бейімделгіш, алаулап алдыңғы сапта жүретін буын. Ерік-жігерін білім-білікпен қайрап, оны жақсы іске жұмсай білсе, олар алмайтын асу, олар бағындырмайтын белес жоқ. Ендеше, өз ісінің білгірі болып, озық алда жүрген жастарымызды байқауға қатысуға шақырамын,-деді Салтанат Асқарқызы.
Айта кетейік, «Жыл үздігі – 2018 облыстық жастар сыйлығы» байқауы «Үздік жас көшбасшы», «Үздік студент», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас өнерпаз», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас журналист», «Үздік жас маман», «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша үздіктерді анықтамақ. Сондай-ақ «Қайсарлығы мен батылдылығы үшін» және «Жыл жаңалығы» арнайы аталымының да жеңімпаздары марапатталатын болады. Үздік деп танылған жастарға дипломдар мен ақшалай сыйлық табасталады.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер