21.11.2016, 15:54
Оқылды: 33

Ата Заң – ар-намысым

Елбасы Жарлығымен бекітілген «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты Тұжырымдама аясында бастау%d0%b0%d1%82%d0%b0-%d0%b7%d0%b0%d2%a3 алған «25 Жұлдызды күннің» алғашқысы – Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған шаралар Ақжайық ауданында да ерекше шырайлы өтті.

Осы орайда аудандық кітапханада өткен салтанатқа аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысты.

«1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз кең байтақ еліміздің негізіне айналды.  Конституция мемлекеттілігіміз бен егемендігіміздің заңдық негізі, республиканың сөзсіз асулары мен Қазақстанның әлемдегі ең дамыған елдер қатарына кіру жолында одан әрі үдемелі даму үдерісі арқа тірейтін іргетас болып табылады. Ата Заң «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді Қазақ елінің алғашқы құқықтық актілерінің әлеуетін сақтап, негізін жалғастыруда. Қолданыстағы Ата Заңымыздың жобасы 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысына ұсынылған еді. Бір сөзбен айтсақ, Ата Заңымыздың тарихы тереңнен тамыр тартады. Ал мұны оқып-үйрену – бізге парыз және міндет»,- деді ол.

Бұдан соң Ә.Т.Жоламанов «Нұр Отан» партиясы қатарына жаңадан өтушілерге – «Ақжайықтың тәуекел сарбаздары» ҚБ төрағасы Асқар Абдоловқа, «Жайықтехсервис» кәсіпорнының механигі Меңдіғали Өтепов пен есепші Айман Дәуленоваға, Чапаевтағы «Ақбота» балабақшасынының тәрбиешісі Қамажай Ғайсинаға, Қарауылтөбе ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы Өркен Панғалиевқа партия билетін тапсырып, құттықтады.

Сосын аудан әкімі 16 жасқа толған чапаевтық бір топ өскінге Қазақстан азаматының жеке куәлігін тапсырып, оларға игі лебізін арнады.

Айтулы шара жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы Ринат Кірекбаев пен Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Нұрмұхамбет Мұрсәлімовтің мемлекеттік қызметшінің антын қабылдауымен ұласты.

Еңбек ардагерлері Ғилаж Лұқпанов, Бақтығали Қоспаев, Дәулетжан Жақсыбаев, Ақжайық агротехколледжінің мұғалімі Руслан Қарауыл егемендіктің сонау елең-алаңынан бері халқымыз жеңген қиындықтар, бірліктің арқасында қол жеткізген айтулы жетістіктер туралы әңгімелеп, Ата Заңды қадірлеу, құрметтеу жайында терең мазмұнды баяндады.

Жиналғандар Елбасының тәуелсіздіктің 25 жылында жарық көрген кітаптарымен, сондай-ақ Желтоқсан көтерілісі тақырыбына арналған басылымдармен, өңіріміздің өркендеуін баяндайтын кітаптар көрмесімен қызыға танысты.

Бибіжан Нұрпейісова

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале