16.08.2016, 15:27
Оқылды: 58

Аудан әкімінің есебін оң бағалады

AkjaikAkimАқжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов аудандық депутаттары алдында есеп берді. Жылдың өткен кезеңінің қорытындылары жан-жақты қамтылған есепті халық қалаулылары оң бағалады.


Ауданда қазір мал шаруашылығындағы көрсеткіштер сапалық сатыға тұрақты түрде көтерілуде. Бұл таңда ірі қара 78,2 мың, ұсақ мал 264,6 мың, жылқы 28,2 мың басқа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара 1,5, уақ жандық 2,1, жылқы 12,3 пайызға көбейді. Өткен жылдың 7 айында ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары асыл тұқымды 282 бас мүйізді ірі қара және жылқы сатып алған болса, биыл 571 бас мүйізді ірі қара және жылқы сатып алынды. Міне, осы бағытты одан әрі баянды ету жөнінде қарымды қам-қарекеттер бар. Түліктің бруцеллез кеселімен күрес барынша пәрмен алды. Биыл зерттелген 48 233 бас ірі қараның 797-сі , 98 809 бас қой-ешкінің 242 басынан сол ауру анықталды. Яғни, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ауру мал тиісінше 1,3 және 0,3 пайызға азайып отыр.

Тұқымдық түрлендіру аясында селекциялық және асылдандыру жұмыстарына қатысатын шаруа қожалықтарының саны жыл санап өсуде. Былтыр осы  бағдарламаға 201 шаруа қожалығы және 14 ауылдық тұтыну кооперативі 13135 бас аналықпен қатысқан болса, биылғы жылдың 7 айында 227 ауыл шаруашылығы құрылымы 14790 бас аналықпен қатысуда. Ауылдық тұтыну кооперативтерінің саны 21-ге жетті.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мәселесі жіті назарда. 2015 жылы лизинг арқылы 43 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынса, биылғы 7 айда  22 дана техника сатып алынды.

Басқа да оң беталыстарға тұрғындар ризашылығын арнап отыр. Көптен айтылып келе жатқан мәселе ащы су қоймасы мен Өлеңті өзені аралығындағы 68,3шақырым каналды күрделі жөндеу үшін  жобалау-сметалық құжаттама дайындауға 4,7 млн. теңге бөлінді.

Ауылшаруашылық жерлерін барынша экономикалық айналымға қосу мақсатында биылдың өзінде 39 шаруа қожалығы 47220 га. жерде құрылды. Сонымен қатар, тиімсіз немесе мақсатсыз пайдаланып отырған алқаптарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері қызметін тоқтатқан 15 шаруа қожалығының және жерін мақсатты түрде пайдаланбаған 11 шаруашылық субъектісінің жер учаскелерін ықшамдау барысында жалпы 27012 га. жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Соңғы 3 жылда 136 ауылшаруашылық құрылымдарының 173 мың га. мақсатсыз пайдаланып отырған жерлері қайтарылып, олардың 85 пайызы қайта айналымға енгізілді.

Депутат, Алмалы орта мектебінің директоры Самал Дошанова, депутат, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Біржан Кухаев мерекелі жылы аудан шежіресіне салмақты істер жазылып жатқанын, ауылдардағы алға ұмтылыс ахуалы қуантатынын айтып, әкім есебіне  қолдау білдірді.

 

Бекем Бекұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале