2.08.2016, 17:27
Оқылды: 28

Ауылшаруашылығы өнімдері рекордтық деңгейді көрсетуде

zelenov sckҚазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында кезекті баспасөз брифингі өтті.


Оған Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов қатысып, бірінші жартыжылдық бойынша атқарылған жұмыстар және ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары туралы баяндады.

Бүгінгі таңда ауданда 22 ауылдық округ және 68 елді мекен болса, халық саны  56 426 адамды құрайды. Ресей Федерациясының Орынбор, Саратов Самара облыстарымен шектесетін Зеленов ауданы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптің түрлі саласын дамытуға мүмкіндік беретін ресурстық әлеуетке ие.

Азық-түлік өнеркәсібі  өңдеуші сектордағы жалпы өнімінің 92,4% қамтып, бұл салада «БелесАгро» ЖШС (диірмен кешені), «Каркула» шаруа қожалығы (нан бөлкелік және сүт өнімдері), «Махорин» шаруа қожалығы (ет консервілеу), «Орал Каспий» ЖШС (балық өңдеу), жеке кәсіпкер «Пивень» (кондитерлік өндірісі) және т.б. жұмыс жасайды. Биылғы инвестиция көлемі 35,1 пайызға артып, негізгі  қаржы қоры 42,0 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 2,9 млрд. теңге, аудандық бюджетке  930,4 млн. теңге жиналды, - деген аудан әкімі одан әрі әр шаруашылықтың даму жоспары туралы баяндады.

-Бірінші жартыжылдықта аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 56,2 млрд. теңге құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артса, сәйкесінше ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,4 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіштен 39,5%-ға ұлғайған. Ал мұнай-газ өндіру өнеркәсіптің негізгі саласы болып табылатындықтан, өнеркәсіп өндірісі жалпы көлемінің 91,4% құрайды. Аудандағы көмірсутек шикізатының негізгі қоры Чинарев мұнай-газ конденсат кен орнында шоғырланған. Саланың жетекші кәсіпорны «Жайықмұнай» ЖШС болып табылады.

- Агроөндірістік кешен – ауданның әлеуметтік маңызды және ірі секторларының бірі болып табылса, оның негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Ауданда «Кроун Батыс» ЖШС  ірі  мал бордақылау алаңы,  «Щапово» шаруа қожалығының  шошқа фермасы,  қуатты бидай өңдеуші терминал «Белес Агро» ЖШС, жұмыртқа өндіруші «Ақас» құс фабрикасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Каркула В.Н.» ЖШС және «Баян» шаруа қожалығы аумағында сүт өнімдерінің өндірісі және сүтті өңдеу бойынша шағын сүт цехтары жұмыс істейді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егінінің жалпы аумағы - 200 974 мың гектар, оның ішінде күздік дақылдар - 31 569 мың га, жаздық дақылдар - 93 439 мың га, майлы дақылдар – 22 284 мың га, біржылдық және көпжылдық шөптер - 49 072 мың га құраған.

Бүгінгі күнге дейін күздік дақылдардың ішінде   54,7 мың тонна бидай жиналды. Ауданның кейбір шаруашылықтарында өнімділік көлемі гектарына 45-48 центнерге дейін жетуде. Мұндай өнімділік 20 жылда бірінші рет байқалып отырғанын атап өту керек.

Көкөніс шаруашылығын дамытуда  аудан халқы қажеттілігін толығымен өзінің картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Ауданда «Алтын Болашақ» ШҚ, «Жайна» ШҚ,  «Дәуқара» ШҚ-ның жылыжайларында бау-бақша және көкөніс өнімдері жыл он екі ай бойы өндіріледі.

Мал шаруашылығы да ауданда қарқынды дамуда. Ауданда 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Етті бағыттағы ірі қара мал өсірумен 6 шаруашылық айналысады, 1 шаруашылық сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысуда.

Ауданда отандық және шетелдік селекциялық асыл тұқымды мал алу бойынша жұмыс жолға қойылуда. Айталық, «Шканов» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы асыл тұқымды 100 бас қашар, «Альменова» шаруа қожалығы етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымынан 52 бас ірі қара сатып алды. Сонымен қатар ауданда қазақтың ақбас тұқымынан 90 бас тұқымдық бұқа,  «Құлан» бағдарламасымен «Жұмақай» шаруа қожалығы тауарлық бағыттағы 20 бас аналық жылқы сатып алды.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін өнімділігі тәулігіне 7,2 тонна сүт өндіретін, 600 басқа шақталған бес сүт фермасын құру жоспарлануда.

Кәсіпкерлік бағыты бойынша ауданда 2652 орта және шағын бизнес субъектілері  тіркелсе, оның 2245-і жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеушілер саны 4566 адамды құрап, 2,5%-ға өсіп отыр.

Шағын және орта бизнес саласында 2016 жылдың 1 шілдесі бойынша 263 жаңа жұмыс орны ашылып, ағымдағы жылдың алты айында алты  нысан пайдалануға берілді.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы жұмысын бастағалы Зеленов ауданында жалпы сомасы 10,6 млрд.теңге болатын барлығы 57 жоба мақұлданып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Алдағы қараша айында Рубежин ауылдық округінде қуаттылығы жылына 30,0 млн. кірпіш болатын «134» ЖШС кірпіш зауыты, Макаров ауылдық округінде қуаттылығы жылына 15,0 млн. кірпіш болатын жеке кәсіпкер «Жанар» кірпіш зауыты,  Переметный ауылдық округінде жеке кәсіпкер «Ижанованың» 300 орындық кафе-мейрамханасы іске қосылып, сәйкесінше 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Биыл ауданда екі тұлға ағылшын тілін оқыту орталығын ұйымдастыру және  спорт мектебін  ұйымдастыру (фитнес-орталық) үшін әрқайсысы 1 млн.теңге көлемінде грантқа қол жеткізді. Ал 2017 жылы Щапов ауылдық округінде қуаттылығы жылына  5000 тонна құс етін өндіретін  «Жайық Агро ЛТД» ЖШС құс фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Аудандағы ауылдардың табиғи газбен қамтылуы 72%, яғни, 68 елді мекеннің 49-ы газбен қамтылған болса, биыл  Горбунов, Кирсанов, Мирное, Павлов, Владимировка, Кіші Шаған, Кожевников және Факел ауылдарын газдандыруға техникалық-экономикалық негіздеме жасақтауға аудандық бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда. Ал керісінше сумен жабдықтау небәрі 26 елді мекенді қамтыған. 2017 жылға республикалық бюджет қаражатынан Володар, Көшім, Щапов, Павлов, Дариян, Ақжол елді мекендеріне су құбырларын өткізу жоспарланып отыр.

Ауданның білім беру жүйесіне 46 күндізгі мектептің 13-і бейімделген орындарда орналасқан, 35 мектеп екі ауысымда оқытады, 11 мектеп бір ауысымда.  Бүгінгі күні ауданда мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі маңызды мәселе болып тұр. Қамту деңгейінің төмендеу себебінен мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымдарына кезекте тұрған балалар саны көбеюде. Аталған мәселені шешу мақсатында мектепке дейінгі ғимараттар салу  жоспары құрылды. Олар:

- 2018 жылы Достық және Мичурин ауылдарында 200 орындық балабақша құрылысы;

- 2019 жылы  Үлкен Шаған ауылында 120 орындық балабақша құрылысы және Дариян ауылында  280 орындық балабақша құрылысы;

- 2020 жылы Володар және Новенький ауылдарында 50 орындық балабақша салу жоспарланып отыр. Биыл  Достық ауылында «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік»

(МЖӘ) бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер «Туралиева А.С.» 100 орындық жеке балабақша ашу жоспарлауда. Өкінішке орай аудан бойынша биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 230 түлек, немесе 64% (2015 жылы-66,3%) қатысса, ҰБТ-дан орташа балл - 80,86 баллды құрап (2015жылы-81,09, өткен жылғыдан төмен көрсеткіш көрсеткен. Яғни ҰБТ нәтижесі бойынша Зеленов ауданы облыс бойынша жетінші орында. Тек бір түлек "Алтын белгі", бір түлек ерекше үлгідегі аттестатқа ие болған.

Ауданда 2020 жылға дейін бірнеше тұрғын үй құрылысы мен спорт және мектеп кешендерін салу жоспарлануда.  Оның ішінде  Переметный ауылдық округінде «Мұнайшы» шағын ауданында 23 бір қабатты бір пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Переметный ауылдық округінің Калинин ауылында жалға берілетін екі қабатты алты пәтерлік тұрғын үй және 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы,   Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар, 300 оқушыға арналған орта жалпы білім беретін мектеп құрылысын салу жолға қойылған.

Ләззат Шағатай
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале