29.08.2016, 14:46
Оқылды: 22

Ақтаудағы бәйге

АтЖарысТамыздың 27-сі күні Ақтау ауылында Сағынтай Темірбековтің 80 жылдық мерейтойына орай аламан бәйге оздырылды. Балдары мен қыздары ұйымдастырған шараға Ақтау ауылдық округ әкімі Орынбек Насимуллин, тума-туыстары, достары, ауылдастары қатысты.


 

Мерекелік шараның ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі О.Насимуллин мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Он сегіз шақырымдық бәйгеде бірнеше жүйріктердің арасынан Сырым ауданынан келген Серік Матиевтің Байшұбар атты сайгүлігі оза шауып, бас жүлде қоры – жүз мың теңгені ұтып алды. Ал, ІІ және ІІІ орынды Сәбит Байырғалиев (Сырым ауданы) пен Бақтыгерей Аяпбергеновтің тұлпарлары (Мерей ауылы) өзара бөлісті.

Сонымен қатар қазақ күресі мен қой көтеру сайыстары өтті. Қазақ күресінен 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ихсан Мұстафин, қырық келіге дейін Сабыр Бакитов және жетпіске дейін Алтынбек Мақашевтар топ жарып, ақшалай сыйлықты иеленді. Түйе палуандар арасында ақтаулық А.Мақашев жеңіске жетіп, 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды шежіндік Самат Юсупов (200 мың) ұтып алса, тасқалалық Қасымхан Оразғалиев (50 мың) үшінші орынға табан тіреді. Қой көтеруден екі минут ішінде тасқалалық Қ.Оразғалиев алдына жан салмай қойды елу рет көтеріп, жеңіске қол жеткізді.

Манас Маратұлы

Тасқала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале