16.08.2016, 15:52
Оқылды: 48

Білікті имамның шынайы иман туралы сұхбаты

       бәрі түскенСырым ауданында «Дін саласындағы өзекті мәселелер және түсіндіру  жұмыстарының формалары мен әдістері» атты Батыс Қазақстан облысының  имам-молдалары мен теолог мамандарына арналған  облыстық екікүндік семинар өтті. Семинардың ашылу салтанатына ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Руслан Сұлтанов:

 –  Барлық мақтау Әлемдердің раббысы Аллаһ тағалаға тән, Аллаһтың сәлемі және игілігі Пайғамбары Мұхаммедке, үй-ішіне, әрі барша үмметіне болсын. Ассалаумуалейкум уа рахматуллаһи уа баракату, құрметті семинарға қатысушылар! Ата-бабаларымыз ұстанған дінмен жүрейік, ин ша Алла. Әрбір азаматтың арманы  -  елінің, жерінің тыныштығы. Қай салада жүрсе де, тіпті, дін өкілдері де, елдің ауызбіршілігін насихаттауы керек. Ол үшін алдымен дін өкілдерінің білім-біліктілігі қажет. Алланың құлы болған барша адамзат ақыл иесі болып табылады. Алла тағала Құранда: «Ақыл жүгіртпейсіңдер ме?»,  «Пікір өрбітпейсіңдер ме?» деген секілді аяттармен адамға ой тастайды. Адамның екі дүниеде бақытты болуын қалайтын асыл дініміз ислам ғылым-білімге үйретеді. Мұның хақ дәлелін Пайғамбарымызға түскен Құранның мына алғашқы аятынан байқаймыз. Алла тағала «Ғалақ» сүресінің 1-5 аяттарында: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың  аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» деп бұйырған. Барлық ислам ғұламалары ілімнің кәусарынан сусындап, ұрпағына өшпестей мұра қалдырып отырған. Діни қызметкерлердің білімін жетілдіру – заман талабы,- деді

Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов өз сөзінде аудандағы қалыптасқан діни ахуал, «Сырым» деструктивтік  діни жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің қызметі, теріс бағытты ұстанушыларды оңалту жұмыстары, теолог маманның жұмысы, Рамазан айының аудан бойынша жоғары деңгейде аталып өткені, дін саласындағы өзекті мәселелерді қамтыды. Теолог Ержан Жұмағожиев дәстүрлі емес дінді ұстанатын азаматтарға әлеуметтік-психологиялық зерттеу жасады.

Облыстық мұсылмандар мешітінің наиб имамы, республикалық түсіндіру тобының мүшесі, Египеттегі әйгілі Әл-Әзхар университетінің түлегі Мұратбек Қыстаубаев ақиданың маңыздылығы, Әбу Ханифа мен Матруди ақидасы жайында кеңірек түсіндірді. Аллаһтың сипаттары жайлы айтты. Дәстүрлі дінді ұстанбайтындар Алла тағаланың өзіне тән аяғы, қолы бар, ол аспанда деп санайды. Негізінде бұл қате түсінік. Мұратбек Мұхтарханұлының айтуынша, біз Алланы о дүниеде көреміз. Оның сипаты бұл дүниедегі өзі жаратқан ешбір нәрсеге ұқсамайды. Ол кеңістіктен тыс. Алланы ақсақалды етіп, үлкен тақта аса таяғымен отырғанын елестету – үлкен адасушылық, күнә. Алланың сипаты қандай екен деп ойлап, ойша түрлі бейнелермен суреттеуге болмайды. «Біз Алла субхана тағаланы көреміз» деп қана тоқтап, әрі қарай қиялдауды доғаруымыз керек. «Біз қабырғаның арғы жағында не болып жатқанын көре алмаймыз, ол тек Аллаға ғана аян. Біздің ойымыз, жүрегімізде не жатқанын Алла тағаладан жасыра алмаймыз. Ол бәрін естіп, көруші. Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, біз оған мұқтажбыз. Намаз оқымайтын адамдар – кәпір емес. Ал адасқан ағымдар намаз оқымаған адамды кәпірге санайды. Мысалы, бір қазақ намазға жығылмаса, оның оқымаған намаздары қаза болып есептеледі.  Ал, кәпірлерге намаз қаза болып саналмайды, сондықтан, қазақ намаз оқымаса, ол кәпірге жатпайды. Ол – күнаһар мұсылман болып саналады»,- деді Мұртабек Мұхтарханұлы.

Облыстық дін істері басқармасының бас маманы, теолог-маман, Нұр-Мүбарак университетін «Исламтану» бойынша бітірген Нұржан Стамбакиев «Зайырлы қоғам және дін»  тақырыбында ислам тарихындағы мемлекет пен діннің қатынасын баяндады. Жихадтың шын мәніндегі сипаты қандай, ал оны  ағымдағы азаматтар қалай ұғынып жүргені туралы ашып түсіндірді. «Дінде зорлық жоқ» дегенді ағымдағылар «ол діннің басында айтылған» деп қабылдайды. Тарихи аяттарды, хадистерді бұрмалап айтады. Жихад Мәдинадан кейін басталды дейді, бұл да  қате түсінік. Ертеде жихад қорғану үшін немесе алдын алу үшін болған болса, қазіргі бейбіт замандағы жихад – өз нәпсісімен күрес, отбасын, елін қорғау. Сәлафтар: «Шамға (Сирия) кеткендер өз нәпсісін жеңгендер, ал нәпсісімен күресе алмағандар әлі  бара алмай жүр» дейді. Бұл да -  адасқандардың пікірі. Шын мәнінде дінге шақыратын жихад дағуатпен келуі тиіс, яғни, сөзбен, келісіммен, уағызбен ғана.

Нұржан Жақсылықұлы бидғат мәселесін де көтеріп, сәлафтардың бидғат санайтын біздің салт-дәстүрлеріміз туралы да айтты. Бидғат деген не десек, ол дінге жаңалық енгізу болып табылады. Дінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып қабыл етілген, тек шариғатқа қайшы келмесе болды. Шариғатта мұсылман мен мұсылманның көрісуі дұрыс, алайда, ер мен әйелдің қол алысуы шариғатқа қайшы. Ер мен әйел амандасқанда, қол алыспайды, тек бет сипайды. Осыны ескеру керек.

Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабралиев мұсылмандардың ағымдарға бөліну себептерін талдап, ағымда жүрген ағайындармен сөйлесу жолдарымен бөлісті. Мешіттегі жамағат бір-бірімен  араз болмай, қандай мәзһабты ұстанса да, ең алдымен ауызбіршілікте болулары керек екендігін айтты. Мұсылман мұсылманға қиянат жасамауы тиіс.

Облыстың дін өкілдерінің басын қосқан семинардың берері мол болды. Имамдар мен теологтар білікті мамандардан алған дәрістерінен алдағы атқарар істеріне тың ілім алды. Екі күндік семинардан соң, қатысушылар  Алашорда музейін аралап, жауһар жәдігерлермен танысты.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале