14.07.2016, 10:15
Оқылды: 16

Бірлікке су тартылып, көшелер жөнделмек

су

Тасқала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Тасқала ауданының қоғамдық кеңесінің VI отырысы болды. Отырысқа аудан әкімі Санжар Әлиев қатысты.


 

Кеңес отырысының күн тәртібінде Тасқала ауылдық округінің әкімі Светлана Өтемісованың ауыл тазалығы және абаттандыру жұмыстары туралы есеп беруі мен Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» Заң жобасын талқылау секілді екі мәселе қаралды.

Ауыл тазалығы мен абаттандыру мәселесі бойынша есеп берген Светлана Есқабылқызы биылғы жылы жасалған жұмыстарға толық тоқталып өтті. Ауылдық округ әкімінің айтуы бойынша ағымдағы жылы «Елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша   2 млн. 423 мың теңге қаражат бөлініп, Бірлік ауылына су тарту жұмысы басталғалы тұр екен. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 6 млн. 908 мың теңге қаражат бөлініп, Сапаров көшесіне асфальт пен брусчатка төсеу жұмыстары да жоспарда бар көрінеді.  Тағы бір айта кететіні, өткен жылы жаңа атаулар берілген аудан орталығындағы көшелерге тақташалар ілініп, «суға кеткендер» шағын ауданы деп жанама атаумен келген жаңа үйлерге бұрынғы аудан әкімі, марқұм Өтеміс Мырзағалиевтің атын беру туралы жұмыстар жолға қойылыпты. Осы орайда кеңес мүшесі Арон Жұбанышев 80 қаралы шаңырағы бар шағын ауданға азық-түлік дүкенінің жетпейтіндігін айтып өтті. Аталмыш шағын ауданның құрылысы басталған кезде бірге салынған дүкен бүгінде қаңырап бос тұр. Тасқала ауылдық округінің әкімі бұл мәселе жуық арада шешілетінін айтты.

Аудан әкімі Санжар Жұматайұлы өз кезегінде ауыл тазалығы мәселесін қатаң қадағалауда ұстауды, салғырт қарағандарды ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, заң жүзінде жазалауды тапсырды.

Сонымен қатар отырыс барысында аудан дүкендерінде азық-түлік бағасының күн санап өсуі де талқыланды. Аудан әкімі Санжар Әлиев аудандағы әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылауда ұстап отырғандарын, алайда нарықтық экономиканың заңына сай өсіп жатқан тауарлардың бағасын реттеуге аудан әкімдігінің құзіреті жетпейтіндігін айтты.

Келесі мәселе Жер Кодексына енген өзгерістер туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Кереев баяндама жасады. Бөлім басшысы бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге  бойынша ауыл-елдерді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың ұсыныс-тілектерін жинап, жауапты органдарға жеткізетіндерін айтты.

www.zhaikpress.kz

Р.САТЫБАЛДИЕВ

Тасқала ауданы  

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале