11.08.2016, 11:37
Оқылды: 16

Бөкейлік ардагерлердің думанды концерті

Жан-жақты қарым-қатынас орнатуға бағыт алған өнерпаз қарияларды шекара шебінен аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов пен аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев бастаған топ қазақы дәстүрмен қарсы алып, ақ пен бауырсақ ұсынды. Аудан ардагерлері қонақтарға арнау өлең оқып, ән мен биден шашу шашты.ардагер

Аудандық мәдениет үйінде Бөкей Ордасынан келген меймандар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты концерттік бағдарлама қойды. Сахна шымылдығын Бауетдин Ғабдуллиннің жетекшілігіндегі ұлт-аспаптар ансамблі бірнеше күймен ашты. Аталған ансамбльдің сүйемелдеуімен бүкілодақтық фестивальдің лауреаты Ғалия Дүйсенова Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» қалықтатты. Мақпал Ғұбашева ақын Қ.Жұмағалиевтің «Құм-Нарын» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, апалы-сіңілілі Усиля мен Маруся Мұқанғалиевалар «Туған жер» әнін шырқады. Ақ жаулықты әжелерден құралған топ әр ұлттың биін билеп, көрермендердің жылы ықыласына бөленіп жатты. Ал, «Нарын әжелері» атты вокалдық топтың орындаған әндері кештің шырқау шыңындай көрінді. Адам қартайса да, көңіл қартаймайды деген осы шығар! Бөкейлік ардагерлердің өнеріне залда отырған көрермендер ерекше ықылас білдіріп, қошемет көрсетті. Концерт соңында сахна төріне көтерілген Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешев тамаша кеш сыйлаған көршілес ауданның делегациясына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаты мен картинаны сыйға тартты. Делегацияны бастап келген Бөкей Ордасы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да жәнібектіктерге естелік сыйлық тарту етті.

Концерттен соң қос ауданның қариялары ардагерлер үйінде болды. Аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев меймандарды ардагерлер үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қариялар емен-жарқын әңгімелесіп, шахмат пен бильярд ойнап, домбырамен әндер шырқады.

Д.Оспан

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале