15.08.2016, 17:52
Оқылды: 36

Ветеринария мамандарының жайбасарлығын кешіруге болмайды

ВетеренарияАқжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің төрағалығымен ветеринария мамандарымен кеңес өтті. Осында жылдың өткен кезеңінде олардың атқарған жұмыстары қорытындыланып, таяу арада тұрған міндеттер тұжырымдалды.

Ветеринария бөлімінің басшысы Мақтауғали Нұралиев өз баяндамасында саладағы сан қырлы қам-қарекеттерді қамтыды. Мысалы, ауданда егер былтырғы осы кезеңде бруцеллезге 37261 бас ірі қара зерттеліп, оның 1085 басы оң нәтиже көрсетсе, биылғы өткен айларда зерттелген 48621 ірі қараның 797 басы оң нәтиже көрсетті. Ал уақ жандықтың өткен жылғы осы уақытқа зерттелген 82936 басынан 860-ы, биылғы өткен айларда 100448-інен 243-і ауруға шалдыққаны анықталды. Демек, түліктердің аталған кеселге шалдығу деңгейінің түсуі байқалуда.

Әрине, бұл жайбарақаттануға негіз емес. Дәрі-дәрмекті игеруді де басты назарда ұстау керек. «РВ-51» испандық нұсқаның және америкалық нұсқасының айырмашылығы жоқ екенін анықтама құжатымен танысқанда түсінуге болады. Бағасы күні бүгінге 1 дозасы – 650 теңге. Аудан ауылдарындағы жиналыстарда осыған байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «РВ-51» вакцинасы қалай қолданылатыны жөнінде әлде де оқып-үйрену керек.

Баяндамада көптеген кемшілік атап көрсетілді. Мәселен ірі қарадан бруцеллезге қан алудың алты айлық жоспары Жамбыл ауылдық округі бойынша 1252 бас болса, орындалғаны – 939 бас. Ірі қараның аталығынан әр тоқсан сайын қан алынуы керек. Бұл іс Чапаевта, Алмалыда, Базартөбеде, қошқардан қан алу Бударинде, Мергенде баяулап қалған. Қошқардың жұқпалы эпидидимит кеселіне тексеруде де кейбір ведқосын меңгерушілерінен салғырттық байқалады. Мамандардың жайбасарлануы, салақтығы малдың кеселге шалдығуын ұлғайтады. Ал оларға жауаптылық, талап күнбе-күн қатаңдануда.

Аудандық бюджеттен сібір жарасы көмінділері орындарының топографиялық карталарын құру және жерге орналастыру жұмыстарына 2015 жылы 3910000 теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Аудан көлемінде барлығы 26 сондай көміндінің орындары тіркелген болса, бүгінгі соның 17-сі анықталып отыр. Осыдан 13 көмінді бойынша жерге орналастыру жобасы жасалды, ауылдық округ әкімдерінің шешімдері алынып, мемлекеттік жер актісі жасақталып, аудандық әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Қалған 4 көмінді бойынша (Жаңабұлақ ауылдық округі) құжаттарын қайта ресімдеу жүргізілуде. Анықталған көмінділерді қоршау жүргізу мақсатында аудандық бюджеттен 700 000 теңге қаражат бөлу жоспарлануда.

Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан анықталмаған көмінділерді іздестіру үшін облыстық бюджеттен 6880000 теңге қаражат бөлінді. Қазір аталған аталған жұмыстарды жүргізу мақсатында конкурс өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.ветеренар

Тек қана қан алып, ауру малды жою арқылы бруцеллездің таралуын төмендетуге мүмкіндік жоқ. А.Б.Әбуғалиев кеңестегі өз сөзінде осы жайында айта келіп, вакцинацияны дәйекті түрде жүргізудің маңызын қаперге салды. Тіркелімдегі «РВ-51» дәрісінің ұтымдылығы әбден байқалуда, бұған мысалы, Қабыршақты, Ақсуат тұрғындарының көздері жетіп отыр. Бұл вакцинаны алуға шамасы жетпейтін тұрғындарға көмек көрсетілуі керек. Түлектердің басқа да дерттерімен күресте уақыттан ұтылмай, тиісті шараларды мезгілінде орындау қажет. «Жайбасарлық ешқашан кешірілмейді», - деді ол.

Борис Мырзағалиев

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале