20.10.2016, 18:51
Оқылды: 38

Дала төсінде әншілер фестивалі салтанат құрды

img_3859      Облыс орталығынан бастау алған Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» атты мәдени-көпшілік шаралар бабамыздың туған жерінде жалғасын тапты.


Ақ шаңқан киіз үйлер тігілген айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қазақтың қара домбырасын асынған әнші-термешілер тобы да келді.

Басты мәдени шараның ашылу салтанатында алғаш сөз алған Қаратөбе  ауданының әкімі Асхат Шахаров:

- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған дарынды дала бұлбұлы Мұхит бабамыздың 175 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын.

Ұлттық болмысымызды сақтап, салт-түстірімізді насихаттап, ақындарды ардақтап, батырларымызды ұлықтап өскен қазақ халқымыз мәртебесі қашанда биік.

Осы бір өнер саласында өшпес із қалдырған жезтаңдай таңдай әнші, халық композиторы, кең байтақ даламыздың бұлбұлы Мұхит бабамыздың мерейтойы біз үшін үлкен мақтаныш, - деді.

Ұйымдастырушы тараптан мәдени шараның құрметті меймандарының иығына шапан, камзол жабылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Одан соң Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов,Түркістан қаласынан арнайы келген ҚР Халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын, сал Мұхиттың ұрпағы Әсия Мұхитова Үш жүзге ән оздырған бабамыздың мерейтойымен барша аудан тұрғындарын құттықтап, лебіздерін білдірді.

Сахна төрінде еліміздің өзге аймақтарынан келген әншілер бабамыздың әндерін әуелетіп шырқап, баба рухын жаңғыртты. Мұндағы мақсат - ғұмырлы әндерді жастардың санасына сіңіріп, өнерімізді биіктетуге негізделді.

Әншілер қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, бабамыздың жауһар жырларын нақышына келтіре орындап, дыбысталу жүйесін әр қырынан құбылта құруымен тыңдаушысын баурай білді.

Осынау бір тойға келгендер көп болды, көтерінкі көңіл күй, құлақтан кіріп бойды алған сазды әуен аудан жұртшылығының рухын осылайша көтерді.

Фестиваль аясында қатысушылардың барлығына кәдесыйлар ұсынылды.

Фестиваль соңы Қаратөбе ауданы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Маралбек АМАНТАЕВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале