22.09.2016, 10:08
Оқылды: 54

Дәстүрлі ән мерекесі

%d1%85%d0%b8%d0%b1%d0%b0%d1%88%d0%b5%d0%b2-%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b5%d1%801Ақжайық ауданының орталығы-Чапаевта осы ауданның Құрметті азаматы, «КСРО-ның озат мәдениет қызметкері» белгісінің иегері, композитор Ғұбайдолла Хибашевтың әндерін орындаушылардың «Ақжайық-өлкем» атты байқауы өтті.

Оған қатысушыларды және Ғ.Хибашевті аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады. «90-нан астам әні бар танымал сазгер Ғұбайдолла Хибашевтың шығармаларын орындаушылардың байқауы Чапаевта өтуі біз үшін зор мәртебе. 2012 жылдан бері өтіп келе жатқан бұл өнер мерекесі мәдени-рухани құндылықтарымызды еселеуге айтулы серпіліс беріп келеді. Сондықтан Ғұбайдолла ағамызға, осы шараның қолдаушылардың бәріне алғысымыз шексіз» - деді ол.

Осымен үшінші рет өткен бұл ән мерекесіне Орал, Ақтөбе қалаларынан, облысымыздың алты ауданынынан 11 әнші келді. Олардың әрқайсысы өздерінің репертуарына сазгердің екі әнін енгізді. Бұл ретте олардың әрқайсысының талғам-таңдауы қалың тыңдарман қауымның көңілінен шыққанын айтқан абзал. Сөйтіп, бұл жолы да ән құдіретінің шоқтығы биіктеп, өнердің айбыны асты. Халқымыздың өнер дарыған маңдайалды перзенттері Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Дәуренбек Мерғалиев құрамында болған қазылар алқасы биылғы байқаудың І дәрежелі дипломына сырымдық Гүлсезім Қуанышқалиеваға лайық деп тапты. Ол Ғ.Хибашевтің жұртымызға сүйікті «Сыр», «Махаббат назы» әндерін жүрекке жеткізіп әуелетті. ІІ дәрежелі дипломмен Қазталов ауданынан Мұрат Ахметов («Әкешім», «Қарызбын саған»). ІІІ дәрежелі дипломмен Ақжайық ауданынан Дәурен Ғилманов («Ғашық болып өтеміз», «Қарызбын саған, туған ел»), қаратөбелік «Барыс триосы» («Өз үйім», «Өмір өтіп барады»), оралдық Саягүл Ғайсина («Орал», «Ата-ана, ардағым»), ақтөбелік Ернар Дүйсеев («Бойтұмар», «Жайықтың ұл-қызын-ай!») марапатталды.

Композитормен, әншілермен өнерсүйер қауым емен-жарқын сырласты. Ғ.Хибашев алдағы күндері жастарға арнап екі ән, сондай-ақ байтақ еліміздің бүгінгі тынысына арнап және екі ән жазып жатқанын әңгімеледі. Ол дәстүрлі осы байқаудың ұйымдастырылуын қолдаушы Ақжайық ауданының тұрғындарына шексіз ризашылығын айтты.

Бекем БЕКҰЛЫ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале