7.11.2016, 10:42
Оқылды: 52

«Дөңгелек үстелде» – жаңартылған білім беру мазмұны

????????????????????????????????????

 Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың қатысуымен білім беру ұйымдарында жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыруға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Негізгі және бастауыш мектептер жетекшілері шақырылған мәжілісте алдымен білім бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев сөз сөйледі.


Биыл аудан бойынша 50 сынып жиынтығында 695 оқушы 1 сыныпты осы мазмұндағы оқуды бастады. Оларға 50 мұғалім сабақ береді. 1 сынып оқушылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартына сәйкес жаңартылған білім мазмұны, оқу жоспарлары және оқу бағдарламасы аясында білім алуда. Оқу процесі қарапайымнан күрделіге, жеңілден қиынға өту бағытында құрылады. Яғни, оқу жүктемесі де өзгеше. І тоқсанда 35 минөттен 3 сабақ, ІІ тоқсанда 35 минөттен 4 сабақ, ІІ жартыжылдықта 45 минөттен өтеді.

Оқу күні бес күн болғандықтан аудан әкімі Әділ Жоламанов:

– Оқушы аптаның бес күні білім алса, сенбі күнді шығармашылық қуатқа жұмсау керек,-деді аудан әкімі Ә.Т.Жоламанов пікір алысу барысында.- Яғни, түрлі үйірмелерге қатыстырған жөн, бұл ретте мүмкіндік жеткілікті деп білемін. Мұғалімдер де жұмыстың алтыншы күнін бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу күні ретінде, ұл-қыздармен сабаққа дайындықты пысықтауға арнау керек.

Жайық негізгі мектебінің директоры Мерует Ерментаева жаңаша оқытудың келешекке пайдасы сөзсіз деп білетінін, Тінәлі негізгі мектеп директоры Әдемі Тілекқабылова жаңалықты ата-аналардың барлығы құптап отырғанын айтты.

Аудан әкімі директорлар мен меңгерушілерге материалдық-техникалық база, кадр мәселесі жайында сұрақтар қойды. Кадр жетіспеушілігі байқалмайтыны айтылды. Мамандар білім жетілдіру курстарынан өтіп жүр. Ауданда семинарлар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мәжілісте кейбір алаңдатар мәселе көтерілді. Мысалы, Кеңсуат негізгі мектебіндегі интернет желісі әлсіз, М.Өтемісов атындағы негізгі мектепте оқушы саныны көп, ал ғимараттың жағдайы нашар.

Ә.Т.Жоламанов білім бөліміне саладағы бүкіл істі, бағыттарды жіті қадағалауды ешқашан әлсіретпеуге қатысты тапсырмалар берді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале