5.08.2016, 18:39
Оқылды: 26

Жаңақалада аудандық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті

елжандылықЖақында рухани орталықтың мәжіліс залында Жаңғала ауданы әкімі Лавр Хайретдиновтың қатысуымен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті.


Алқалы жиынды аудандық мәслихат хатшысы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Закария Сисенғали жүргізді. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева, аудандық мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен округ әкімдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтсақ, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің жұмыс барысы, аудандағы діни ахуал, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша I жартыжылдықта атқарылған шаралар, II жартыжылдыққа жоспарланған іс-шаралар және ауылдың тазалығы мен абаттандырылуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауылдық округ әкімдерінің есебі тыңдалды.

Бірінші мәселе бойынша аудандық мәслихат хатшысы З.Жүсіпқалиұлы баяндама жасап, елдің тыныштығын, бірлігін әңгімеледі.

Бұдан кейін тараптарға еркін пікір білдіруге кезек берілді. Бұл бағытта С.Меңдешев ауылдық округіндегі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ж.Төлеуғалиев ауылдық округ әкімшілігіндегі мамандардың енжарлығын айта келіп:

-Жоспар жасалып, бекітілді. Десе де, ауыл әкімдігіне қоғамдық ұйым керек емес сияқты. Бізбен бірігіп жұмыс жасауға құлықтары шамалы. Ұсыныстар айтамыз, қаперге де алмайды. Ескерілсе екен дейміз.  Келесі мәселе  Жолқұдықтағы зиратта жүйе жоқ. Бір бағытпен, шариғатқа сай қойылмайды. Ең қасиетті нәрсе – ата-бабамыздың  қорымы емес пе? Соған ауданның бас имамының өзі келіп халыққа бағыт беруін сұраймын,-деп шағын ауылдағы үлкен мәселелерді қаузады. Келесі сөз алған зейнеткер А.Шарафутдин Жолқұдық зиратындағы жолсыздыққа тоқталып, ұлттық салт-дәстүріміздің дамымағанын өзіміздің кінәміз екенін жеткізді.

-Өзбек қайда барса да ұлттық киімін киіп жүреді, өз тілдерінде сөйлейді. Біз тек наурызда киеміз. Сондай кереғар түсінік қалыптасқаны қынжылтады. Сонда наурыз айында ғана қазақ болғанымыз ба? Осыны реттеп алу керек. Сондай-ақ, тегімізден, әр қазақ –ов, -ев жалғауын алып тастауымыз қажет,-деген ол ауылдан малды шығару үшін суы бар жер керектігін тілге тиек етті.

Сосын аудан әкімінің орынбасары А.Бекетқызы сөз алды.

-Қоғамдық ұйымдардың жұмысы, расы керек, өте төмен. Мысалға, ақпанда «Айбын» қоғамдық ұйымын, 8 наурыз қарсаңында әйелдер қоғамдық ұйымын құрдық. Бірақ әлі күнге дейін екеуі де тіркелген жоқ. Ішкі саясатқа қаржы бөлдік. Ол да нақты пайдалана алмай тұр. Күншілдер қоғамдық қорға да жұмыс жасатпады,-дей келе, қаржы тапшылығының көп іске қолбайлау болғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және денешынықтыру бөлімінің басшысы Б.Қарағойшин ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралардың барысын хабарлады.  Десе де, аудан әкімі екі бөлімнің басшысына көңілі толмағанын жеткізіп, ескертпелер жасады. Ал Жаңақала, Мәстексай, Бірлік ауылдық округтерінің әкімдері жыл ішінде атқарған жұмыстарынан, ауылдың тазалығы, абаттандырылуы  жөнінен ақпарат берді.

Кеңесті аудан әкімі Лавр Хайретдинов қорытындылады.

Ақсұңқар Сәдір
Жаңақала ауданы
www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале