28.10.2016, 18:57
Оқылды: 41

«Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!»

%d0%b5%d0%bb%d0%b8%d0%bc-%d0%b1%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b0-%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7«Жайық таңы» газетінің 85 жылдығына арналып, өткен бейсенбіде «Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Елмен бірге қуанып, елмен бірге қиналған, ортақ шаңырағымыздағы татулық пен келісімді нығайтқан қайсыбір бұқаралық ақпарат құралының айтулы датасы әрине, елдің тойы, елдіктің мерекесі. Сонау 1931 жылдың күзінде алғашқы саны жарық көрген «Жайық таңының» 85 жылдығы соны тағы бір, тайға таңба басқандай көрсетті.

Бұл шара аудан әкімі Әділ Жоламановтың осы күнге облысымыздың жер-жерінен шақырылған журналистика ардагерлерін, аудандық газеттердің редакторларын және аталған айтысқа келген 12 ақынды қабылдауымен басталды.

Аудан басшысы осы жүздесуде халқымыздың жансерігі болып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының өміріміздегі маңызы жайында айта келіп, бүгінде облыстың екі бас басылымы мен барлық аудандық газетті біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС-нің атына игі лебізін білдірді. Бұл медиахолдинг ұлттық рух пен биік халықтық мұратты мығым ұстанып, ақпарат айдынында республикамызға танымал болып отыр. Оның басшылығы, қызметкерлері баспасөз тарихын, ежелгі ескеркіштерді, қасиетті орындарды зерттеуге айтулы үлес қосып отырғанына да жұртымыз ризашылығын арнап келеді.

Келер жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығы атап өтіледі. Бұл даңқты даталар осы басылымдардың ақпарат кеңістігіндегі орнын одан әрі айшықтап, еліміздің шежіресіне ерекше қолтаңба болып қосылары сөзсіз.

Одан әрі Ә.Т.Жоламанов «Жайық таңы» газетінің тынысына шолу жасады. Жұртымен бірге жасап, елмен бірге есейіп, заманмен бірге түзелген басылым қашанда жоталы мәселелерді көтеріп келеді. Яғни, тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайту жолында намысты қамшылайды, қиындыққа қарсы қайрайды. Ақжайықтықтар әр сарғайған бетінде ауыл-елдің шежіресі сайрап жатқан өздерінің төл газетін ерекше құрметтейді.

85 жылдық асуға байланысты жиналғандарды, газет ұжымын құттықтап, журналистерге зор тілегін арнаған аудан басшысы «Жайық таңының» ұжымына компьютер кешенін сыйға тартты. Ол газет ардагерлеріне, белсенді қоғамдық тілшілерге, редактор Болат Есқалиевқа естелік сыйлықтар тапсырды.

Сонау алыста қалған жылдары жаңа өмір құру қарбаласы, Ұлы Отан соғысының жаңғырығы, 60-шы жылдардағы тың игеру, бәрін-бәрін де тасқа басқан, тәуелсіздігіміз табалдырығындағы заман өзгеріп, қоғам өзгеріп жатқан шақтан бастап та қасиетті сөздің қадірін қашырмаған «Жайық таңының» елдігімізді шыңдаудағы орны зор. «Жайық Пресс» ЖШС Бас директорының орынбасары Мейрамбек Рахматуллин осы орайда газеттің уақытқа үнқосуын әңгімеледі. Ол газетке «PHILIPS» Smart TV» кешенін, қызметкерлердің және белсенді авторлардың бір тобына естелік сыйлықтар табыс етті.

«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, ардагер-журналистер Мәжит Қайырғалиев, Базарғали Қуатов, Садық Саргелеков, аудандық газеттердің директор-редакторлары Өмірзақ Ақбасов (Жаңақала), Махмет Қажиахметов (Сырым), Серік Жұмағалиев (Қазталов) сөз сөйледі.

Осыдан соң ақын Сағынтай Бисенғалиевтың жүргізуімен ақындар айтысы өтті. Газеттің 60, 70, 75 және 80 жылдықтарында да осындай өнер мерекелері ұйымдастырылып, көптеген жас ақынға үлкен сахналарға жолдама берген еді. «Мерей» мәдени-демалыс орталығына жиналған қалың жұрт бұл жолы да суырыпсалмалық өнердің кереметтігіне куә болды.

Алғашқы жұп – Абылайхан Мақсотов (Базартөбе ауылы) пен Болат Өтешовтің (Алмалы ауылы) сөз сайысынан басталған айтыста Желтоқсан көтерілісі, одан кейін Қазақ елі тарихындағы ақжарылқап сәт – 1991 жылдың 16 желтоқсаны, тәуелсіздіктің талайлы тағдыры үшін күрес жайында жыр тасқыны жарқырады. Санат Мұхамбетжанов (Базартөбе) Әсет Бисенғалиевпен (Чапаев) айтысында «Сақтардың сарқытымыз садақ керген...» деп толғай келіп, кеңдігінен ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланбайтақ жерді бізге аманат еткен бабаларымыз армандаған азаттықтың қадірін әспеттеді, «Кенесары кезінде патша ағзам, Өзімді өз қолыммен сабап берген» деп, өткеннің қиямет күндерін де жаңғыртты, «Тәңіріме мың тағзым етемін мен, Тауқыметке төзетін тағат берген» деуі де жүрек толқытты.

Осы шарада кешегі жаз аяғында өткен «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық байқауының жүлдегері, Тайпақ мектеп-гимназиясының қызметкері, кіл ақын жігіттердің арасындағы нәзік иықтылардан бір өзі Гүлзада Бақытованың айтыстағы «тұсауы кесілді». Оның «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленовпен бірі қайны, бірі жеңге болып әдемі қағысуларымен қатар, ортаға байыпты ой тастауларына көпшілік қошеметпен қызу қол соқты. Тілші «...Газеттің бақ жұлдызын жандырғандар, Жұрт үшін жүрек майын шам қылғандар» деп, тарихы терең бұл басылымға еңбек сіңірген Рамазан Ахметов, Есімғали Меңдіғалиев, Қоңыр Әбдірахманов (марқұмдар) сынды ағалардың есімдерін жаңғыртты, тәуелсіздік жылдарындағы үлкен ауданымыздағы іргелі істерді сүйінішпен жырлады. Гүлзада қайнысының ара-тұра әзілдеріне орай «қарымта» қайтара отырып, қашанда қандайма қиындықтардан мойымаған алдыңғы толқынның батасына бөлену келіндердің бір зор бақыты екенін айтқаны да, «...Жақсылықтың жаршысы бола білген, Газеттің кездесейік ғасырында» дегені де сәтті шықты.

Ел тәуелсіздігі – бұл бабалар алдындағы қасиетті борышымыз, келешек алдындағы зор жауапкершілігіміз. Азаттығымыздың ширек ғасырында ғасырға белгісіз жолдың жондарымен жүріп өтіп, толағай табыстарға тұяқ іліктірдік. Енді соны баянды етуде халқымыз әлбетте, жастарға зор сенім жүктейді. Мұны сахнадан соңғы жылдары айтыстағы ерек табыстармен республикада танылып жүрген сырымдық Бауыржан Ширмединұлы тамаша жырлады. Жаңақалалық Орынбек Меңдіқұловпен жұп болған ол көпшілікті алаңдататын мәселелерді де тегеурінді жырға қосты. Мысалы, ақпарат тасқындаған заманда оны сауатты пайдалана білмейтіндер аз емесі мәлім. Бұл жастар тәрбиесіне ойсыраған олқылық әкелуде. Осыны Бауыржан «...Смартфон сипағандар ілесе алмай, Қаламмен жазылғандар мәңгі қалар» деп, бір қаперге салып өтті. Сондай-ақ жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов, Оралдан Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев арасындағы айтыстардың да елең еткізер тұстары аз болған жоқ.

Қазылар алқасының шешімімен ақындар арасынан Орынбек Меңдіқұлов пен Бекболат Қаленов және Бауыржан Ширмединұлы мен Мұрадым Мирланов арасында соңғы жекпе-жектер өтті.

Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген қан мен терінің өтеуі. Осы орайда сөз саптауда тегеурінділігімен танылып, залды дүр көтерген Б.Ширмединұлына І орын лайықты деп танылды. Қазақтың ғасырлар тереңінен жеткен бүкіл құндылығына, яғни тіліне, дәстүріне, діліне уақыттың тозаңы қонбайтынын жандырып айтқан М.Мирлановқа ІІ орын, болашаққа сене сөйлеп, Отанды көркейтуді, жаһанға паш етуді дауылдатып жеткізген Б.Қаленовке ІІІ орын берді. Олар «Жайық Пресс» ЖШС-дан сыйлықтар иеленді. Ал басқа барлық ақынға «Таным» деструктивті діни ағымдардан жапа шекендерге көмек орталығынан (жетекшісі Құрман Бисеғалиев) және «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінен (жетекшісі Ерлан Төленов) ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Сәрсенғали НҰР

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале