2.11.2016, 17:05
Оқылды: 23

Емболатовка өзені ластанудан аман

%d0%b5%d0%bc%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%b2%d0%ba%d0%b0-%d3%a9%d0%b7%d0%b5%d0%bd%d1%96-%d0%bb%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd  Газетіміздің 29 қазандағы №132 санында Зеленов ауданына қарасты Январцев елді мекені маңындағы Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деген күдікпен төртінші рет сынама алынғанын жариялаған болатынбыз. Облыстық экология департаментінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысы Ербол Қуанов аталмыш мәселеге қатысты алынған сынамалардың сараптамалық қорытындысын жариялады.

         - Ағымдағы жылдың 18 қазан күні біздің департаментке Январцев ауыл тұрғындарынан Емболатовка өзенінің өндіріс қалдықтарымен ластанғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Артынша біздегі талдау зертханасы қызметкерлерінен құрылған топ төтенше жағдай департаменті мамандарымен және ауыл тұрғыны Б. Меңдіғазиевтің қатысуымен аталмыш өзен суының үш жерінен және сол маңдағы ластанды деген топырақтан екі жерден сынама алды. Зерттеу нәтижесі алғашқы екі жерден алынған сынамадан фенол элементінің және мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден асқандығын, ал үшінші сынамада қалыпты мөлшерде екендігін көрсетті. Жергілікті жердегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы мамандарының алған сынамасынан да мұнай өнімдерінің бар екендігі анықталған. Оның сыртында ауыл тұрғындары судан сынама алып, «Батыс су арнасы» ЖШС мекемесі жанындағы зертханаға тапсырған. Ол зертхананың берген қорытындысында да фенол элементінің және мұнай өнімдерінің белгілі бір мөлшері анықталған.  28 қазан күні БҚМУ жанындағы химиялық талдау жасау зертханасының мамандары алған сынаманың да қорытындысы белгілі болды. Жалпы, жүргізілген барлық сараптамалардың нәтижесін қорытындылай келе Емболатовка өзенінің суы ешқандай мұнай қалдықтарымен ластанбаған деп айта аламыз. Жасалған сараптамалар ол өзенге азғантай мөлшерде болсын тұрмыстық сарқынды су төгілгендігін көрсетті. Және де аталмыш өзенге кәріз суы күні кеше ғана емес, біраз уақыт бұрын төгілген. Ендігі мақсатымыз - сол лас суды төккен заңды немесе жеке тұлғаларды анықтау. Өзен суының кәріз суымен қаншалықты ластанғандығы, кім және қашан төккендігі туралы кандай ма мәлімет болса, баспасөз мәслихатында жариялайтын боламыз. Сол маңдағы ауыл тұрғындарынан сұрайтынымыз, кәріз суын төккен мекеме немесе жеке тұлғалар туралы қандай да бір  мәлімет болса, біздің департаментке хабарлауын сұраймыз, -деді Ербол Қуанов.

         Баспасөз мәслихатына қатысқан, мәселенің мән-жайын зерттеп жүрген ауыл тұрғындары Болат Бисенғалиев пен Барлық Меңдіғазиев шығарылған қорытындыға көңілдерінің толмайтындығын жеткізіп, түйткілді жайды әлі де болса тереңірек зерттеу керектігін айтты.         

Өз тілшіміз

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале