23.09.2016, 15:18
Оқылды: 98

Жасына қарай ізет, еңбегіне қарай құрмет

%d0%b8%d0%b7%d0%b5%d1%8228 қыркүйек – Еңбек күніне орай аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы  кезінде  газетте қызмет жасап, бүгінде зейнеткерлік демалыста  бейнетінің зейнетін көріп отырған Болат Закарин, Әсима Есетова және аудандық басылымның  жарты ғасырдан  бергі штаттан тыс  тілшісі Кәрім Хайруллинмен дастархан басында шылышырайлы кездесу өткізді.

1979-1993 жылдары «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшы болып абыройлы қызмет атқарған   Болат Закарияұлы әңгіме барысында  тұлпары озып, шабаны шаң қауып қалатын дүбірлі бәйге тәрізді журналистика саласындағы қызықты оқиғалар туралы естелігімен бөлісіп, боямасыз өмірдің ақиқаты туралы байыпты жазып, қоғам тынысын тап басып, байламды пікір айтып жүрген аудандық газеттің тілшілеріне шығармашылық табыс тілеп, өздеріне көрсетіп отырылған құрметке алғаусыз ризашылығын жеткізді.   Газеттің мазмұны мен дизайнының сапасы заман талабына сай екендігін баса айтты.

1963 жылы  аудандық «Октябрь туы» газетіне  хатшы-жазу машинасын басушы  болып орналасып, табан аудармастан отыз жыл қызмет атқарып, Хамит Сүлейменов, Шайдолла Өтемісов, Қайырғали Қуанәлиев сынды үш редактормен жұмыстас болған Әсима әженің де өз өмірлік тәжірибесінен келтіре баяндаған әңгімесі  қызғылықты болды.

Газеттің байырғы оқырманы әрі ұдайы мақала жазып, көшелі ойымен бөлісетін  Кәрім ақсақал 1958 жылы Кеңес Армиясы қатарында болғанында  бүгінгі «Шұғыла» сол кездегі  Шайдолла Өтемісов редакторы  болып табылатын «Коммунист» газетіне   аяулы ұстазы Сафия  Тұрғалиева туралы жазған үшбу хаты жарияланғаннан бергі елу сегіз жыл бойы мақала жазып келе жатқандығын айтып, ұжым мүшелеріне ақ батасын берді.

Ұжым басшысы Ахмедияр Батырханов қадірлі қарияларға  ақ тілегін жеткізіп, шағын естелік сыйлықтар табыстады.

Меңдігүл Фазылова

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале