9.11.2016, 17:34
Оқылды: 51

Жаңарып, жасанған Жұбан елі

%d0%b5%d1%82-%d0%ba%d0%be%d0%bc%d0%b1%d0%b8%d0%bd%d0%b0%d1%82%d1%8b   Соңғы жылдарда халықтың әлеуметтік жағдайының көрсеткіші мемлекеттік бағдарламалардың орындалу нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан, әсіресе, ауылдарда халықтың тұрмысын жақсарту, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, жастарды жұмыспен қамту атқарушы биліктің негізгі міндеті болып табылады. Еліміз тәуелсіздікке ие болған 25 жылдың ішінде атқарылған жұмыс та баршылық.  Аптаның алғашқы күні облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс тур аясында Ақжайық ауданында болып, өңірдегі мембағдарламалардың қалай атқарылып жатырғандығын көріп, жеке шаруалармен де жүздесіп қайтқан болатынбыз.


Ақжайық - демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 18 ауылдық округ, 42 280 тұрғын бар.  Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда  74  мың 586  бас мүйізді ірі қара, 239 мың 455 ұсақ мал, 27 мың 526 жылқы, 218 бас түйе тіркелген. Биылғы жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер мемлекеттік бағдарламалардың қарқынды жүзеге асып жатқандығының дәлелі.

Тек биылғы жылдың өзінде аудан көлеміндегі бірнеше ауылдық округтерде мәдениет үйлері мен балабақшалар, емханалар күрделі жөндеуден өтуде. Мұның барлығы - Тәуелсіздіктің жемісі, - дейді ауыл тұрғындары.

Ақжайық ауданына іргелес орналасқан Бударин ауылында екі мыңға жуық тұрғын бар. Ауылдағы халыққа медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияның іргетасы сонау жетпісінші жылдардың соңында қаланып, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 19 миллионға жуық қаражат бөлініп, амбулаторияға күрделі жөндеу жүруде. Қазан айында басталған жөндеу жұмыстарын желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда.

Аудан іргесіндегі Жаңабұлақ ауылында мәдениет үйі жөнделуде. Сонау 1973 жылы салынып, бұрын-соңды жөндеу көрмеген мәдениет ошағына 29,5 миллион қаржы бөлініпті. Ағымдағы жылдың маусым айында басталған жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталмақшы.

Ауданда «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту» шебер-жоспары бойынша ауқымды жобалар іске асырылған. Қазіргі уақытта аудан орталығы Чапаев ауылында бір ауысымда 1400 басқа дейін ұсақ мал соятын «БатысМаркаЛамб» ЖШС ет комбинаты және «Батыс Нық» ЖШС ауысымына 50 бас мүйізді ірі қара малын соятын пункт өз жұмысын бастады.

Чапаев ауылының жетпіс тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған «БатысМаркаЛамб» ЖШС-да тәулігіне 500-600 бас ұсақ мал сойылады. Күні бүгін өңіріміздің Қазталов, Жаңақала, Зеленов, Ақжайық аудандарындағы шаруа қожалықтары өз иелігіндегі қой малын осы кәсіпорынға өткізуде. Оның сыртында Ақтөбе, Павлодар, Көкшетау облыстарындағы шаруалармен де келісімшарт жасалып, ұсақ малдар тасымалдануда. Күні кеше Ресей елінің Мәскеу қаласына сегіз тонна марқа етін жөнелткен кәсіпорын алдағы уақытта Қытай, Араб, Иран мемлекеттерімен де ет экспорттауға келісімшарт жасасқан.

   Ағымдағы жылдың шілде айында ашылған ауысымына 50 бас мүйізді ірі қара малын союға есептелген комбинаттың да жұмысы бірқалыпты жүруде. Ауыл тұрғындары мен көршілес аудандардан әкелінген ірі қара малын соятын кәсіпорында 15 адам жұмыспен қамтылған. Комбинат жас жарымнан асқан ірі қара малдарының еттей салмағының әр келісін сапасына қарай қабылдайды. Еттің бағасы 700-1000 теңгеге дейінгі аралықта. Дайындалған ет тапсырыс берушінің сұранысына байланысты төшкелей немесе сүйектен ажыратылған таза ет күйінде жіберіледі. Бүгінде кәсіпорын Бөрлі ауданы мен Атырау өңіріндегі мұнай-газ компанияларымен келісімшарт жасасып, оларды сапалы сиыр етімен қамтуда. Болашақта кәсіпорын қалбырдағы ет пен шұжық  шығаруды да жоспарлап отыр.

Он мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығы Чапаев  ауылының да әлеуметтік жағдай тұрақты. Ауылда екі бірдей мектеп пен балабақшалар қалыпты жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым дамыған. Ағымдағы жылы Чапаев ауылындағы аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Салынғанына 40 жылдан астам уақыт болған 95 орындық аурухананы жөндеуге 340 миллион қаражат бөлінген. Жөндеу жұмысын атқарып жатқан мердігер компания басшысы осы жылдың соңында ғимараттың пайдалануға берілетінін айтады.

Аудан орталығындағы «Бөбек» балабақшасын жөндеуге де жергілікті бюджеттен 19 миллион қаражат бөлінген. Бүгінгі күні балабақшаның шатыры, есік-терезелері, кәріз жүйесі толығымен жаңартылып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар аудан орталығындағы Меңдалиев көшесі бойынша құны 6 564,7 мың теңгені құрайтын жоба негізінде 1032 метр электр жүйесі тартылып, 35 дана бағана мен көше шамдары орнатылған. Исаев көшесі бойынша да 4 796,5 мың теңге бөлініп, жоба негізінде 750 метр электр жүйесі, 26 дана бағана мен көше шамдары қойылған. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Қазақстан, Қонаев, Меңдалиев, Исаев көшелеріне жалпы ұзындығы 4,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселген.

Ағымдағы жылы Чапаев ауылының 1996 жылғы мектеп бітіруші түлектері ауылдың көркеюіне қосқан үлестері ретінде өз қаражаттарымен ауыл ішіндегі «Майданов саябағына» субұрқақ орнатқан. Қазіргі уақытта саябақты абаттандыру бойынша жарық шамдар орнатылып, өрнектас төселуде. Оның сыртында аудан орталығында 150-200 адамға арналған мешіт ғимараты бой көтеруде. Айта кетейік, мешіт тұрғындар мен жеке кәсіпкерлердің жинаған қаржысына салынуда.

Ақжайық ауданына қарасты Ақжол ауылдық округінде 200 орындық, Тайпақ ауылдық округінде 270 орындық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Қос нысанды жөндеу жұмыстары келер жылдың қаңтар айында аяқталмақ.

-Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мақсат, мүдделерге қол жеткізу жолында еселі еңбек ету - басты міндет. Өңірдің әлеуетін арттыру және экономикасын дамыту мақсатында биылғы жылы да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы бюджет көлемі 6,2 миллиард теңгені құрап, өткен мерзіммен салыстырғанда 30 пайызға өсті және есепті кезеңде 99,9 пайызға игерілді. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 маманға 2,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 40 маманға 123,3 миллион теңге тұрғын үй несиесі берілді. Биылғы жылы 29 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне  несие  беру  ұйымдары арқылы 543 миллион 250 мың теңге несие  бөлінді. Соның ішінде «Бизнестің  жол  картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 3 жоба 39,0 миллион теңге, ауыл шаруашылығы бағытына арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 24 шаруа қожалығы 354 миллион 250 мың теңге қаржы алды. Бұл жұмыстар келер жылы да өз жалғасын таппақ. Мысалға, оралдық инвесторымыз «Меридиан Орал» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 100 миллион теңгені құрайтын, саны 4 мың бас құс өсіретін құс фермасын ашу мақсатында Чапаев ауылынан көлемі 1,9 гектар жер учаскесін өтеулі мерзімге рәсімдеп алып, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастауды көздеп отыр. Сонымен қатар өндірістік жылыжай мен сүт өнімдерін өндейтін цех құрылыстары да келесі жылы басталады деп жоспарлап отырмыз, - деді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен пресс турды қорытындылаған аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

    www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале