9.08.2016, 9:44
Оқылды: 33

Жаңақалалықтар жас ақындармен жүздесті

jas akindarЖаңақала ауданы орталығындағы рухани орталықтың мәжіліс залында ауданымызға Алатау бауырынан келген жас ақындардың қатысуымен «Жыр жаңбыр» атты әдеби-сазды кеш өтті.


Кездесуді Жаңақала ауылдық округ әкімдігімен бірлесіп аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйымдастырды.

Кештің арнайы қонақтары Шерхан Талап, Аслан Тілегенов, Жандарбек Жұмағұлов, Нұртас Тұрғанбекұлы және Бекзат Смадияр сынды жалынды жас ақындар болды.

Кеш барысында алдымен Ш.Талап сөз алып, оқырмандарға қонақ ақындарды кеңінен таныстырды. Мұнан кейін жас ақындарға аудандық мәслихат хатшысы, ақын Закария Сисенғали «қош келдің» айтып, қазіргі қазақ әдебиеті, поэзия, әдеби сын туралы ойларымен бөлісті. Сосын кеш қонақтары оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға үн қатып, әдебиеттегі ұстаздары, өлеңге қалай келгендері жөнінде әңгіме өрбітті.

Кеш барысында «тұлпарды шабысынан таны» дегендей, аяқ алыстары бөлек жас ақындар өз туындыларын шабыттана, тебірене оқып, елді тұнық та, тұма жырларына еліте түсті.

Сондай-ақ, кездесуде аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Өмірзақ Ақбасов, зейнеткер А.Шарафутдин сөз сөйлеп, ақындарға ақжарма тілектерін жеткізді.

Алтынбек Серікқалиұлы

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале