8.11.2016, 16:51
Оқылды: 23

Жаңа саябақта автобус табысталды

img_4020       Тәуелсіздіктен асқан тәтті, азаттықтан асқан асыл жоқ. Азаттықтың ақ таңы атып келетін ширек ғасырда Қазақ елінің тірнектеп жеткен жетістіктері көп. Тәуелсіздіктің торқалы тойына орай ауылдар абаттандырылып-көгалдандырылып, жол салынып, су тартылып, әлеуметтік нысандар жөнделіп, коммуналдық инфрақұрылымдар ретке келтірілді. Мерейлі жыл аясында бұлдыртылықтар да  игілікті істерге қол жеткізді. Жаншаның елінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ауыл ортасынан абаттандырылып, жаңа келбетке ие болған саябақ ашылып, саябақтың алғашқы салтанатты шарасында Бұлдырты орта мектебіне автокөлік сыйға тартылды.

img_4034Мерекелік шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, бұлдыртылықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен, қос қуанышымен құттықтады. Аудандық мәслихат депутаты Болат Тасқалиев, ауылдық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі кеңестің төрайымы Ағиба Төлегенова елге деген ізгі тілектерін білдірді.

А.Шыныбеков Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Төлеуоваға «ПАЗ» автобусының кілтін салтанатты түрде табыс етті.  Су жаңа автобуспен бірге мектепке қос тоңазытқыш та жетті.

Саябақ сахнасында мерекелік концерт қойылып, Жансая Қанатқызы жетекшілік ететін «Шаттық» би тобының өнеріне халық риза болды.

Мектептеріне автобус келгеніне ақ кеме келгендей шаттанған балалардың қуанышында шек жоқ. Кезек-кезек мініп-түсіп, мәз боп жүр. Ауылдың қариялары да жаңа автокөлікті қаумалап, разылықтарын жасыра алмады.

Салтанатты шарадан ауыл ақасақалдармен бірге аудан басшысы Абат Абайұлы саябақты аралады. Саябақта әзірге сахна, спорттық алаң, Ұлы Жеңіске арналған ескерткіш, демалатын орындықтар ғана болғанымен, жазғытұры құрылыс жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

Шынар Молданиязова

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале