19.02.2015, 15:30
Оқылды: 45

Жолдау биіктерге бастайды


 Елбасымыз  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім жүйесіне ерекше көңіл бөлгенін айта кеткен жөн.


Еліміздегі білім жүйесінің алдында тұрған басты мақсат халқымыздың тәрбиесі мен әлемдік озық тәжірибеге негізделген тұлғаның жеке дамуын нұсқайтын әлемдік білім кеңістігінің шыңын бағындыру болып табылады. Жолдаудың «Нұрлы жол» деген атауының өзі біздің елді нұрлы болашаққа бастайтын құжат деп қабылдауымызға болады. Жолдауда мектептерді жөндеуге және жаңалауға, Астанадан тарам-тарам жолдардың басталуы жүректен шыққан тамырларының бейнесіндей. Сондықтан бұл Жолдау біздің еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашатынына сеніміміз зор.


 

Ауданымыз бойынша 44 жалпы білім беретін мектеп және өткен оқу жылында 2 қосымша білім беру орталығы болса, биылғы оқу жылында аудан әкімдігінің қолдауымен саз мектебі ашылды. Біздің өлке өнерлі, талантты, дарынды жастарға бай. Оқушыларымыз республикамыздың ғана емес, халықаралық деңгейдегі шыңдарды да бағындырып жүр. Алдағы жоспар – осындай жас дарындарымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылған саз мектебіне жаңа ғимарат салу.

Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отыр. Жыл сайын ауданымыздағы білім нысандары күрделі жөндеуден өтуде. Өткен жылы Ақпәтер ауылдық округіндегі Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектебі мен мектеп жанындағы интернат республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткізілді. Ал күні бүгінге 2 орта мектеп, 1 балабақша, 1 мектеп жанындағы интернаттың жобалық-сметалық құжаттары дайын.

Егеменді еліміздің өскелең ұрпағы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. Оған дәлел – бүгінгі күні аудан мектептері интерактивті тақтамен, лингофонды-мультимедиялық, физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталып, жыл сайын жаңа компьютерлермен толықтырылып, 100 пайыз  интернетке қосылу  мүмкіндігіне  ие  болды.

Аудандағы жалпы білім беретін мектептерде 1 055 педагог жұмыс жасайды. Олардың 39,7 пайызы жоғары және бірінші санатты педагогтардың үлесін құрап отыр.

2014-2015 оқу жылында  ауданның білім беру ұйымдарын  педагог кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Түлектерді тарату» шарасы  өткізіліп, 68 жас маман аудан мектептеріне орналасты, 2013-2014 оқу жылында 42 жас маман орналасқан болатын. Әлі де болса, аудан мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті, физика, математика мамандықтары бойынша кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.

Ауданда әлемдік тәжірибе негізінде жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізу мақсатында білімді де білікті мамандар дайындау жүргізілуде. Осы мақсатта  аудан бойынша 233 мұғалімді курстан өткізу жоспарланса, оның ішінде «Кембридж тәсілінің негіздері» бойынша  Орал, Алматы қалаларындағы  «Өрлеу»  біліктілікті арттыру ұлттық орталығы базасында және Назарбаев зияткерлік мектебінде аудан бойынша барлығы 124 педагог  үш айлық курста біліктіліктерін арттырды.

Ауданда өткен жылы Қараөзен мектеп-лицейі ресурстық орталық базасы болып  бекітіліп, онда 2 негізгі мектеп 7-8-сынып оқушыларымен магниттік мектептер болып жұмыстануда.

Аудан оқушыларының ҰБТ нәтижесі 76,04 балды құрады. «Алтын белгіден» үміткерлердің 33,3 пайызы, ал «Үздік аттестатқа» қол созғандардың 20 пайызы өз білімдерін ақтады. Бұл көрсеткіш ауданымыздағы білім беру сапасының әлі де жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетеді. Қазіргі білім беру саясаты барлық санаттағы оқушылардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуына бағытталған. Мүмкіндігі шектеулі балаларды  инклюзивті оқыту 7 мектепте жүргізіледі.

Биылғы жылы қазақ хандығының 550, Конституциямыздың 20 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесін атап өтеміз.

Жас ұрпақтың санасына, жан дүниесіне патриотизм рухын дарытуда ауданның білім саласында ықпалды жұмыстар атқарыла бермек.


 

Самал ЖАНГЕРЕЕВА,

Қазталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале