21.10.2016, 17:51
Оқылды: 28

Жүйелі жұмыс жалғасуда

%d0%b6%d2%af%d0%b9%d0%b5%d0%bb%d1%96-%d0%b6%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%81-%d0%b6%d0%b0%d0%bb%d2%93%d0%b0%d1%81%d1%83%d0%b4%d0%b0ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жүзеге асып жатырған «Ұлы дала тұлғалары» жастар экспедициясы бойынша Теректі ауданында арнайы құрылған топ  жүйелі және жемісті жұмыстарымен  қуантып жатыр.


Осыған дейін Ақжайық, Шағатай және Шаған селолық округінде болған экспедиция мүшелері жастарды жинап  ауылдың көнекөз қарттарымен тілдесуге, олардың өмірлік тәжірибелерін тыңдауға үлкен мүмкіндік жасаған болатын. Аптаның аяғында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы М.Ибраев бастаған, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Айтасова және аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері А.Қайрова қостаған топ Подстепный ауылына ат басын тіреді.

Ауданымыздағы халық саны едәуір көп болып саналатын Подстепныйдың қазыналы қарты да жетерлік, олардың мәні мен  мағынасы ұштасқан әңгімелерін тыңдауға даяр жалынды жастар да баршылық. Дөңгелек үстел басында ауыл әкімінің орынбасары Т.Манатауов қонақтарға қош келдіңіздер айтты. Содан соң сөз тізгінін алған экспедиция мүшелері аталмыш жобаның жастарға берер тәрбиесі және мақсаты турасында ойларын білдірді. Осы экспедицияға үлес қосып, өскелең ұрпаққа өтімді де өткір сөз айту үшін арнайы келген қонақтарға да кезек берілді. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері А.Этманов, айтыскер ақын, «Облыс ақыны», ұстаз, ауданымыздың мақтанышы «Үміт» лингвистикалық гимназиясын көп жылдар бойы басқарған Д.Мұштанова және білім беру саласында үздік атанған ұстаз, бүгінгі таңда бүлдіршіндерге балабақша ашып беріп отырған Қ.Аймұқашева болды. Көпке сыйлы болған қонақтар жастарға үлгі боларлық көптеген әңгімелердің басын қайырды. Олар өз өмірлері турасында, кездескен қызықтары мен қиындықтарын бүкпесіз айтып, қазіргі қоғамдағы ұл мен қыз тәрбиесінің олқы тұстарын да тілге тиек етті. Жастар айтылған әңгімені ұйып  тыңдап, өз пікірлерін ашық білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын да жолдап үлгерді. Батыр ата соғыс уақытындағы ерліктерін еске түсірсе, Дариға Ғазезқызы ұлдардың тәрбиесін, өз кезеңіндегі жастар мен бүгінгі таңдағы жастардың айырмашылықтарын сөз етті. Ал, Қалима анамыздың қиын кездерде жетімдер үйінен 6 баланы асырып, бауырына басқаны-нағыз ерлік деп бағалауға тұратын іс-әрекет. Дөңгелек үстел басында Д.Мұштанова Тәуелсіздігіміздің мерекесіне орай дүниеге келген  25 шумақтан құралатын өлеңін оқып беріп, жиылған жастарды жырмен сусындатты.

Подстепныйда өткен басқосу расымен ғажап жиындардың бірегейі болды. Залға жиылғандардың арасында «құймақұлақтар» көп болса, айтылған әңгімелер желге ұшпайтыны белгілі. Үлкендер мен жастар тарапынан бірдей қолдауға ие болған экспедиция жұмысының нүктесі Шалқар ауылында қойылмақшы.

Әділет Орынбасаров

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале