2.11.2016, 11:40
Оқылды: 17

Жұмыстың жаманы болмайды

????????????????????????????????????

  Ер адаммен бірдей қызмет еткен нәзік жандыларымызға «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді»,-деген халқымызда тамаша мақал бар. Қалай десек те қазақ әйелі заманнан еш қалған емес.


Кеңес үкіметі ыдырап, жұмыссыз қалған ерлеріміз шөлмек түбінен тыныштық іздеген тұста ала сөмке арқалап, азамат жасай алмаған жұмысты да атқарған, сауданың да жолын тапқан әйелдер еді. Ол қиын жылдар өтті. Тағы да заман өзгерді. Бірақ, әйел адамның рөлі өзгерген жоқ. Ғасырлар тоғысынан бері қарай барлығына да жұмыс табыла бастады. Ауылдарға көгілдір отын келді. Бір кездері көмірмен жағылатын пештерді газ ауыстырды. Сол газбен жанатын пешті қарап отыратын адамды бір кездердегідей «от жағушы»  емес «оператор» деп атайтын болды. Тәуліктеп жасайтын жұмысты ер адамдар ғана атқарады көп жерде. Дегенмен, тәулік бойы ұйықтамай, түрлі мекемелердің жылу қазандығын қадағалаушы мамандығын ерлермен бірдей әйел адамдар да игерді осы күні. Сондай жандардың бірі Зеленов ауданы Белес ауылында еңбек атқаратын Әзима Айберстиева. Газ қазандығының операторы боп 10 жылдан атсам уақыт еңбек етіп келе жатырған жан. Негізгі мамандығы аспаз. Бірақ, мамандығы бойынша көп жұмыс жасамаған. Аспаздықты егіншілер бригадасында бастаған ол тұрмыс құрған соң негізгі жұмысын тастауды ұйғарған. Оны апамыз былай деп түсіндіреді: -Мен аспаз боп еңбек еттім. Сосын жолдасым Орынғалиды жолықтырдым. Тұрмыс құрған соң бар көңілімді ата-енеме, отбасыма бөлемін деп шештім. Сол үлкендердің ақ батасын алсам деп жұмысымды тастадым. Оған еш өкінбеймін,-дейді.

Біраз жыл үйде отырып қалған Әзима Өтешқызы ауылға газ келеді деген жылы, жұмысқа шықсам деп ұйғарады. Өз мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң ауылдағы клубқа жылыту қазандығының операторы болып орналассам деген ниетін білдіреді. Оның арнайы оқуын бітіру керек дегенге де көніп, жұмыспен қамту орталығы арқылы білімін де жетілдіріп алады. Міне содан бері 10 жылдан асқан. Ауылдық клубтың жылы болуын Әзима апамыз қадағалап келеді. Апамыздың жұмыс орны да жайлы. Басқа операторлар отыратын орындардай емес. Еденіне дейін мұнтаздай таза. Терезе алдында тұрған күлсалғышты да мүңкіп тұрған темекі иісін де сезіне алмадық. Әйел адамның орны әрқашан бөлекқой.

-Кезегім үш күнде бір келеді. Алғашында тәулік бойы ұйықтамай жүру қиын болатын. Оның үстіне әйел заты үйдің жайын да ойламай отыра ма? Балаларым да он жыл бұрын мектепте оқитын еді. Бірақ, құдайға шүкір жолдасым менің бір күн бойы үйде болмай қалғанымды сездірмеді,-деп апамыз өзінің жаңа жұмысына кірген кезін еске алып, еріне де ризашылығын білдіреді. Ия, 10 жыл бұрынғы жылыту қазандықтары қазіргідей жаңа болмаған. Оның мезгілсіз сөніп қалатын кездері де болыпты. Істен де шығып жатқан кездеріде де қиындыққа мойымаған ол осы күні өзінен кейін жұмысқа тұрған басқа операторлар үшін аға маман секілді. Оның сөзіне тек әріптестері ғана емес, клубтың басқа қызметкерлері де құлақ асады.

-Менің жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қанша жерден үйреніп кетсем де газ бен судын қысымын бір қарап біліп отыратын шебер маман атансам да жұмыста ұйықтап немесе жақын жердегі үйіме кетіп қалуды ар санаймын,- дейтін апамыз жұмыстан бос кезде немерелерінің ортасында отырғанды жаны сүйеді.

Ия, еңбек етем деген жанға осы күні қай жерден болса да жұмыс табуға мүмкіндік бар. Қандай жұмыс атқарсаң да сыйлы болуға болады. Оның ешқандай жұмбағы жоқ. Тек жүктеген міндетіңді жақсылап атқарып, берілген жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарасаңыз болды. 10 жылдан астам уақыт бір жерде тапжылмай жұмыс жасаған Әзима апамыздың еңбек жолы осы сөзімізге дәлел болады.

Әзима Өтешқызымен әңгімелесу барысында онымен бірге Тұрсындай деген апамыз да оператор боп қызмет жасап жатқаны белгілі болды. Өкінішке орай ол кісімен тілдесудің сәті түспеді.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале