3.10.2016, 14:39
Оқылды: 26

Жәнібекте халқына қалтқысыз қызмет еткен қайраткердің мерейтойы өтті

%d1%85%d0%b0%d0%bb%d0%ba%d1%8b%d0%bd%d0%b0Ақ Жайық өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған жері Жәнібек ауданының орталығында тойланды. Мұстақым Біләлұлының мерейтойына Жәнібек жұртшылығы тайлы-тұяғына дейін қалмай қатысты десек артық айтпаспыз. Шара барысында Жәнібек колледжінің алдында қайраткердің мүсіні ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, М.Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова және Қазақстан Республикасы Сенаты мен Парламенті депутаттары Бірғаным Әйтімова, Рашит Ахметов, Гүлжан Қарағұсова, Шафхат Өтемісов, сонымен қатар кезінде Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қайраткермен қызметтес болған адамдар мен  елімізге танымал бір топ жандар қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов шараның маңызына тоқталып, жылы лебізін арнады.

-Құрметті жұртшылық!  Бүгін бір тарихи оқиға күні бас қосып тұрмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара басшылығының арқасында Тәуелсіз Қазақстанды барша әлем танып, мойындады. Тәуелсіздігіміздің биыл атап өтілетін ширек ғасырлық мерейтойында қол жеткен табысымыз мол. Осы жылдар ішінде тек облысымыздың көлемінде 59 мектеп, 40-қа жуық балабақша салынып пайдалануға берілді. Жолдар салу жұмыстары да жүйелі жалғасын табуда. Жәнібекте де бүгінгі таңда жол салынып жатырғанына өздеріңіз куәсіздер. Осындай игі істердің барлығына да тұрақтылықтың, халықтың бірлігінің нәтижесінде жетіп отырмыз. Жерлесіміз Мұстақым Ықсановтың мерейтойы Ел Тәуелсіздінің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын.   Қашанда өткенге салауат айтып, болашаққа аманат жүгін қалдырған халықпыз. Қазақ елінің тарихында жұртшылық асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген.  Ел мүддесі үшін тынымсыз еңбек етіп, мақсатқа жету жолында бойындағы бар күш-қайратын жұмсаған азаматтарды ел-жұрты ұмытпай, мәңгілік есінде сақтайды. Міне, артына өшпес із қалдырған тұлғаның  бірегейлерінің бірі Мұстақым Біләлұлы Ықсанов саналатыны хақ. Осыдан тоқсан жыл бұрын Жәнібек ауданында өмірге келген Мұстақым Ықсанов барлық саналы ғұмырын халықтың  игілігіне жұмсап, елінің жарқын келешегіне арнады. Ол өзінің өнегелі өмірімен, өрнекті тіршілігімен, қажырлы қайратымен, ұлтжанды мінезімен ел жадында мәңгілік қалған тұлға. Мұстақым Біләлұлы біздің облыстың өсіп-өркендеуіне, жаңаша дамуына, облыс жұртшылығының берекелі де бақуатты өмір сүруіне айрықша еңбек сіңірді.  Жайық өңірінің ырыс-берекесінің артуына тікелей ықпал жасады. Бүгін, міне, осындай абзал азамат Мұстақым Біләлұлының есімін ұлықтау үшін аудан орталығындағы Жәнібек колледжін  М.Ықсановтың атымен атап, оқу орнының алдында мүсінін ашып отырмыз. Мұның өзі ел өзінің азаматының қадірін, оның елге сіңірген еңбегінің бағасын білгендігінің белгісі,- дей келе, облыс басшысы жиналған қауымды мүсіннің  ашылуымен шын жүректен құттықтады.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова сөз алды. Ол облыс, аудан жұртшылығының қайраткерге көрсеткен құрметіне зор ризашылығын білдірді.

-Біз өткенімізді саралап, келешегімізді бағамдай білетін халықтың ұрпағымыз,-деді ол. –Мұстақым Біләлұлы менің де жерлесім. Әкем осы Жәнібектің тумасы. Әртүрлі лауазымды қызметтерде істеп осындай дәрежеге жетуім Мұстақым Біләлұлының арқасы деп білемін. Мына жиналып тұрған жастарға менің жолымды берсін, олардың болашақта қызмет барысында өсуіне Мұстақым Біләлұлы сияқты кадр таңдауда тап басатын білгір басшы кездесуіне тілектеспін. Оның іскерлік, адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттері ел жадында мәңгілік сақталып қалды.  Ел, халық игілігі жолындағы өшпес істері жастарға үлгі-өнеге. Сонымен қатар қайраткердің осы мүсінін өз қаржысымен орнатуға септігін тигізген Құндыз Нуповқа үлкен ризашылығымды білдіремін. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келген қайраткер Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың жарқын істері жасай берсін. Баршаңызды да мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.               Салтанатты шарада, сондай-ақ Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз сөйлеп, Мұстақым Біләлұлының іскерлік, ұйымдастырушылық қырларына тоқталып, ол басқарған тұста ауданда ауыл шаруашылығының дамуында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын тілге тиек етті.

Өңір басшысы   Алтай Көлгінов пен қайраткердің қызы Гүлнәр Ықсанова ұлттың ұлы тұлғасының  мүсінін салтанатты түрде ашқан соң гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар бұдан әрі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі берілген колледж ғимаратына еніп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Қайраткерге арналған өлеңді мәнерлеп оқыған осы колледждің шәкірті Рауан Болатовқа облыс әкімі Алтай Сейдірұлы мен Гүлнәр Мұстақымқызы  өте разы болып, жас дарынның қолын алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұдан әрі меймандар Мұстақым  Біләлұлына арналған көрмені тамашалап, қайраткердің атындағы сыныпты аралап шықты.  dsc_0123Қайраткердің мерейтойына арналған мерекелік шаралар түстен кейін дала қызықтарымен жалғасты. Аудан орталығының солтүстік-батыс беткейінде орналасқан алаңда 8 киіз үй тігілген. Ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мекемелердің ұйытқы болуымен құрылған киіз үйлерде меймандар мен Жәнібек жұртшылығына қазақ халқының меймандостық салтына сай дастархан жайылып, ас мәзірі тартылған. Көп кешікпей дала қызықтары да басталды. Шара басталар алдында шаршы топтың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толу мерейтойына арналған шаралар аудан бойынша бекітілген жоспарға сай оздырылып жатырғанын, бүгін сол жоспардың ауқымында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың  90 жасқа толу құрметіне арналғанын айта келіп,

-Елдің өсіп-өркендеуі үшін күш-қайратын аямай жұмсаған Мұстақым Біләлұлының  өнегелі ісі бізге қашанда үлгі. Оның бүкіл облыстың, соның ішінде Жәнібек ауданының экономикасы мен мәдениетін дамытудағы үлесі зор. Ауданымызға Еділ суын әкелудегі көрсеткен қажырлылығы, ауылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға дәнекер болудағы табандылылығы ешқашан ұмытылмайды. Осы шараны өткізуде қолдау көрсеткен облыс басшысы Алтай Көлгінов пен Мұстақым Біләлұлының қызы Гүлнәр Ықсановаға  және барша алыстан келген меймандардың көмегіне аудан жұртшылығының атынан алғысымды жеткіземін,-деді аудан басшысы өз сөзінде.

Шарада алдымен халқымыздың ұлттық ойындарының бірі аударыспақ сайысы болып, мұнда бірінші орынды жәнібектік Алмат Оразбаев жеңіп алса, екінші, үшінші орындар да тиісінше Мирас Берікбаев, Мейірім Меңдіғалиев сынды жерлестеріміздің қанжығасында кетті. Қыз қууда да жерлестерміз Марина Жанапанова мен Ғалым Мақсоттың  мерейі үстем болды. Теңге ілу ойынында да Ертай Жұмабаев, Әлімжан Мамаев, Мирас Берікбаев сияқты жәнібектіктер сәйкесінше жүлделі орындарды иемденді. Ал үш шақырымдық тай жарысында болашақта аламанда шабатын жас тұлпарлар бағын сынады. Бір айналымдық үш шақырымға шапқан тұлпарлардың сайысында жәнібектік Мерей Исиннің тұлпары бірінші, көршілес Қазталов ауданының Көктерек ауылынан келген Еркенже Егінбаевтың аты екінші, қазталовтық Әділбек Айтболатовтың жүйрігі үшінші орындарға ие болды. Сол сияқты алаңда қазақша күрестен белдесу қызу жүріп жатты. Бұл ұлттық сайысты тамашалап тұрған жұртшылықтың қарасы да өте көп. Бірнеше сағатқа созылған палуандар белдесуінің нәтижесінде «Түйе палуан» атағын жәнібектік Ниязбек Оңайәлиев жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды сәйкесінше жәнібектіктер Сырым Байысов, Тұрарбек Мырзағалиев иеленді.

Міне, аламан бәйге де басталды. 30 шақырымдық, 10 айналымға арналған аламан бәйгесіне бапталған 35 сәйгүлік қатысты. Бәрі де нөмірленіп, қаз-қатар сапқа тұрған. Бағы да, бабы да келіскен сәйгүліктің ғана көмбеге бірінші келері анық. Бәйге барысында алғашқы айналымда топтала шапқанымен, одан кейінгі айналымдарда біртіндеп аралары сирей берді.  Ақыр соңында алғашқы айналымдарда-ақ алдына қара салдырмай баққан Ақжайық ауданынан келген «Наурыз» атты Балғабай Ермахановтың сәйгүлігі көмбеден бірінші болып өтті. Одан кейін Орал қаласынан Дастан Тұржановтың тұлпары өтті желдіртіп. Үшінші болып жәнібектік Мерей Исиннің аты өте берді. Бас бәйгеге жеңіл автокөлік, екіншіге мотоцикл, үшінші орынға тоңазытқыш тігілді. Аламан бәйгенің жеңімпаздарына  салтанатты жағдайда сыйлықтары тапсырылды. Алдында айтылған тай жарысы және ұлттық ойындарда алғашқы сатылардан көрінгендерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ волейболдан өткізілген жарыста   көршілес Ресейдің Волгоград, Саратов, Волжск, Николаевка, Красный-Кут   қалаларынан және өзіміздің Орал қаласынан, Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарының командалары қатысты.  Алыстан ат арылтып келген Волжск қаласының  волейболшылары жүлделі бірінші, Орал қаласының ойыншылары екінші орын алса, Жәнібек ауданының волейболшылары үшінші орынды  місе тұтты.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлының Жәнібектегі мерейтойы кешкісін орталық алаңда аудандық мәдениет үйі мен облыстық филармония әншілерінің тартымды концертіне ұласты. Мерейтой от шашумен аяқталды.

                                                                                       Н.Жапақов

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале