22.07.2016, 11:26
Оқылды: 51

Зеленовтық өнерлі ардагерлер сайысы

ардагерлер фестивалі3Зеленов ауданы орталығында Eл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты ардагер көркемөнерпаздар фестивалінің аудандық кезеңі өтті.


Ардагерлер шығармашылығын дамытып, жастарды отансүйгіштікке, үлкенді құрметтеуге, халық шығармашылығының барлық түрлері мен жанрларын насихаттау мақсатында оздырылған өнер сайысында ардагшерлер хор, вокал, ансамбль, соло вокал, дуэт, трио, квартет, аспапты жанр, хореография, көркемсөз оқу аталымдары бойынша жарысқа түсті. Өнер додасына ауданның барлық ауылдық округтерінен келген ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер қатысты.

ардагерлер фестивалі1Кіл мықтының ішінен суырылып алға шыққан переметныйлық биші ардагер хореография жанрында үздік деп танылса, аспапта орындаушы ардагерлер ішінде Макаров ауылынан келген Ерсайын Қожантаев, дуэт, трио, квартет аталымында Таиса Доценко мен Валентина Костина жұбы, вокалды ансамбль аталымында «Калинушка» әншілер тобы, жеке орындаушылар арасында Күмісханым Берекетова, көркемсөз оқу номинациясында Алия Садықова сияқты қатысушылар үздік деп танылды. Фестиваль барысында жүлделі орынға ие болмаса да көптің көңілінен шыққан Зеленый ауылының «Русские напевы» атты ансамблі жақсы өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн.

ардагерлер фестивалі4Өнер додасының соңы қатысушылардың гала-концертіне ұласты. Оның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірсе, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов фестиваль ұйымдастырушысы Ғалымжан Мендалиевті алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ фестивалде жүлдеге ие болғандар мен жеңімпаздар және басқа да қатысушылар марапаттан құр қалмады. Енді өнер сайысында жеңіске жеткендер фестивальдің облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.

Ерсайын Қожантаев - фестиваль қатысушысы

ардагерлер фестивалі Ерсайын Қожантаев-Фестиваль жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Ауданымыздың әр округінен келген өнерлі ардагерлермен танысып, жақсы әсер алдым. Барлық қатысушылардың өнері көңілімнен шықты. Зейнет жасына жеткен жандардың бір-бірімен танысып, көріспей жүрген достарды табыстыратын осындай фестивальдер көбірек өтіп тұрғаны жақсы. Басқа да сайыстар өтсе, келіп өнерімді көрсетуге әрдайым әзірмін.

Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале