10.11.2016, 10:33
Оқылды: 21

Кең көлемде атап өтілді

                  Жәнібек ауданының орталығындағы №1 мектепте Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы ауқымында техникалық қызметкерлердің мейрамына арналып «Шын жүректен» атты шара өткізілді. Бірден айту керек, бұл датаны атап өту аталмыш білім ордасында дәстүрге айналып, осымен 7-ші  рет кең көлемде оздырылып отыр. Шарада мектеп директоры Сапар Мамбеталиев техникалық қызметкерлерді оқу ұясының тазалығын сақтаудағы ерен еңбектерін атап көрсетіп, мұғалімдердің қолайлы жұмыс істеулеріне, оқушылардың алаңсыз білім алуларына жағдай жасап отырғандарына жылы лебізін білдірсе, мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы Руслан Ахмулдин техникалық қызметкерлердің үлкен бір тобына алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Шара барысында мектепішілік өмірге белсене қатысатын техникалық қызметкерлердің өрісті өнері бейнефильм арқылы көрсетіліп, жақсы жұмыс атқарған олардың бір легі сахнада салтанатты шеру құрып, сап түзеді.  Мейрам иелеріне арнап мектепте құрылған секциялар мен бірлестіктер мүшелері өнер көрсетіп, акт залын ән мен жырға, көңілді көріністерге бөледі. Техникалық қызметкерлер атынан Сағынғали Сәрсенғалиев мектеп әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымына өздеріне көрсетілген сый-құрметке алғысын жеткізді. Жиын соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев мектептің техникалық қызметкерлерін еліміздің айтулы мерекесі-Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтап, жұмыстарына толағай табыс тіледі.

                                                                               Н.Жапақов

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале