18.08.2016, 11:58
Оқылды: 34

«Көкнәрмен» көгенделгендер көп

koknarTasimal1 маусым және 30 қазан аралығында «Көкнәр» жедел алдын-алу іс-шарасы жүзеге асады.


Аталмыш іс-шара барысында жыл басынан заңсыз есірткі сақтағаны жөнінде 6 іс тіркеліп, қаралған. Сонымен қатар, қарасора тектес өсімдікті өсіріп, қопсытып,дайындағаны жөнінде 2 іс тіркеліп отыр. Бұл жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі  Тимур Айтуғанов мәлімдеді.

       Мысалы, ағымдағы жылдың 8 тамызы күні жедел іс-шара барысында 1969 жылы туған Ақсуат ауылының тұрғыны  К. есімді азаматтың ауласынан 9 түп қарасора табылған. Осы бойынша қылмыстық кодекстің 300 бабы 1 бөлімі және 296 бабы 2 бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Енді қарасора өсіріп құрықталған азамат 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сонымен қатар, осындай оқиға Федоров селолық округі, Қабылтөбе ауылында орын алды. Осы ауылдың 1954 жылы туылған Б.деген азаматы ауласында 56 түп қарасора өсірген. Бұл ауыр қылмыстардың санатына жатады. Сондықтан оған 8 жылға дейінгі жаза кесілуі бек мүмкін.

       -«Көкнәр»  жедел алдын-алу іс-шарасы барысында көптеген оқиғаларға тап болдық. Егер аулаларыңызда есірткі тұқымдас шөп өсіп тұрғанын байқасаңыздар көзін жоюға ұмтылыңыздар. Олай болмаған жағдайда жауапқа тартылғандардың қатарынан орын алуларыңыз мүмкін. Жуырда Жайық ауылында осындай жағдай орын алды. Қос азаматшаның ауласында қарасора өсіп тұрғандығы анықталды. Ол шөптердің есірткіге жататынын ескерткен тәртіп сақшылары, әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 420 бабына сәйкес аталмыш шөптің көзін жоюға 3 күн уақыт берді. Берілген уақыттан соң барған кезде шөптердің әлі өсіп тұрғандығы анықталды. Сол себепті қос азаматшаға 10 айлық көрсеткіш негізінде, яғни 21 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ауданымыздың тұрғындарын осындай жағдайларға түспеуін  сұрап, ескертеміз.  Жоғарыда айтылған оқиғаларға кезіксеңіз тәртіп сақшыларын шақыртып, есірткінің көзін жоюға ұмтылайық,-деді өз сөзінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі  Тимур Тауфикұлы.

Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша 14 келіден астам кептірілген анаша тәркіленіп отыр. Олай болса, бұл көрсеткіштердің өспеуіне атсалысып, «Көкнәрмен» көгенделген жандар болмағай дейміз біз.

 

Әділет Әлібекұлы

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале