8.07.2016, 15:56
Оқылды: 33

Медициналық сақтандыру жүйесінің қағидаларын ұғындырды

Medicinalik saktandyru  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта денсаулық сақтау қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қағидаларын ұғындыруға арналған сапармен медицина ғылымының докторы, профессор, С.Асфандияров атындағы ҚазМҰУ кафедрасының меңгерушісі Құралбай Құрақбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитеті БҚО филиалы департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Дәулетшина болды.


    Сақтандыру жүйесі «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» жобасының негізінде жасалғаны көпшілікке мәлім. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Енді еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығы үш жақты жауапкершілікке алынады, яғни мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі бұған атсалысады. Қазір әлемде медициналық сақтандыру жүйесі кеңінен қолданылады. Қазақстан үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, үш жақты ынтымақты жауапкершілік негізінде жүзеге асатын жүйені таңдады. Бұл жүйені жүзеге асыру медицинаның мүмкіндігін кеңейтеді. аталған жиылыста жаңа жүйенің осындай ерекшеліктері, әкелер мол мүмкіндіктері жайында олар кеңінен әңгімеледі, сұрақтарға жауап берді. Осында аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова, аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрошев, дәрігерлер ой-пайымдарымен бөлісті.

    Мына бағыттар хақында кеңінен баяндалды: мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейді. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (ТМККК) әрі қарай қамтамасыз етуін жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

   Жаңа жүйе бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Бұл ретте ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Бұл 2024 жылға дейін кезең-кезеңмен өседі. Ал жұмыс берушілер төлейтін жарна мөлшері жалпы кірістің 5 пайызын құрайды. Бұл да кезең-кезеңімен жүзеге асады, яғни 2017 жылы 2 пайыз, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 4, 2020 жылы 5 пайызға өседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар кірістерінің 7 пайызын қорға аударады. Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыздық, 2020 жылдан 2 пайыздық мөлшерде төлейтін болады.

    Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен бірге, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысшылары болмақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ, техникалық-кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып жатқан азаматтар және үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау, тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарнадан босатылады. Бұлардың барлығы мемлекет есебінен тегін көмек алады. Сондай-ақ, көрсетілетін медициналық көмек сақтандыру қорындағы қаржы арқылы жүзеге асырылады. Алайда, мемлекет бюджетінен кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінген қаржы тоқтап қалмайды. Қазіргі күні азаматтар қандай медициналық көмек алып жүрсе, соның барлығы алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді. Мәселен, жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектер, вакцина егу секілді бірқатар қызметтер тегін жүргізіледі.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале