22.09.2016, 10:21
Оқылды: 28

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»

%d0%bc%d0%b5%d0%bc%d0%bb%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d1%82%d1%82%d0%b8%d0%ba-%d1%82%d0%b8%d0%bb1Аудандық мәдениет,  тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің  ұйымдастыруымен  аудан көлеміндегі мекеме қызметкерлері арасында  ана тілінің қадір-қасиетін біліп,  көркемдігін сезінуге, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғындыруға, тіл тазалығын сақтауға, мәдениетті сөйлеуге, шешендік өнерді  бойына сіңіре отыра,  мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысу  мақсатында  «Мемлекеттік тіл – менің тілім»  атты байқау оздырылды.

Аудандық мәдениет,  тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің   басшысы Айдынғали Есенғалиев жиылған жұртшылықты  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 және  22 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдерінің күнімен құттықтай келе,  халықтың тарихы, ұлттық қазынасы,  намысымыз бен  арымыз, байлығымыз бен барымыз болып табылатын қасиетті тіліміздің мәртебесін асқақтатуға әрқайсымыздың атсалысуымыз қажеттігін, ауданымызда тіліміздің аясын кеңейтуде кемшін тұстардың  орнын толтырып, олқылықтарды түзетуде аудандық ішкі саясат, «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетімен бірлесе іс-шаралардың қолға алынып жатқандығына тоқталды. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған осынау байқаудың өрісінің өркен жайып, қанатының кеңейетіндігіне сенім білдіре отырып, жүлдегерлерге сәттілік тіледі.

«Тіл – халықтың  жаны» деп аталатын алғашқы бөлімде үміткерлер өз қалауы бойынша ақын-жазушылардың тіл туралы өлеңін жатқа оқудан сайысқа түссе, «Білімді мыңды жығар»  сынында  тіл туралы мақал-мәтелдердің жалғасын тапты. Үшінші кезеңде әр қатысушы мәтіндегі қателерді табуда өз білімдерін сарапқа салып, соңғы бөлімде тест  сұрақтарына жауап берді.

%d0%bc%d0%b5%d0%bc%d0%bb%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d1%82%d1%82%d0%b8%d0%ba-%d1%82%d0%b8%d0%bb2 Сайыс нәтижесінде №1 ЖББОМ іс жүргізушісі Аида Қожасова I орын алса, Жәнібек колледжінің қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Ахметқалиева мен  мектептен тыс жұмыстар   орталығының әдіскері Мейрамгүл Шамғонова II және III орындарды өзара бөлісті. Сайысқа  аудандық аурухананың  атынан қатысқан  Мергүл Өтегенова алғыс хатпен марапатталды. Байқауға қатысушыларға диплом мен  естелік сыйлықтар табысталды.

Аталмыш бөлімнің тіл саласына жауапты маманы Ханымсұлу Жұмәлиеваның  айтуынша,  байқауды өткізуге дайындық барысында аудандағы он сегіз мекемеге үміткерлерді қатыстыруға өтініш жасап, арнайы қызметтік хат жолдаған екен. Алайда төрт мекемеден ғана тіл жанашырлары табылып, бағын сынауға белсенділік танытыпты. Осы жайттан-ақ ана тілімізге деген құрмет пен жанашырлықтың жоқтығын көріп, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөзді еріксіз есімізге түсірдік. Мемлекеттік мекемеде қызмет істеп, мемлекеттік тілімізге мемлекетшілдік тұрғыдан ниет танытпай, селқос қарайтындардың қатары  жерлестеріміздің арасында көп пе деген ойға қалдық. Елбасымыз «Мәңгілік Ел» болуды мәңгілік идеологиямызға айналдыруды ұсынып, сол жолда жұмыла жұмыс істеуге кіріскен тұста  азаматтарымыз Мәңгілік ел болудың  бірден-бір кепілі ұрпағымыздың  ана тілінің уызына қанып, мәйегін бойына сіңіре білуінде екенін ұмытпаса екен. Себебі  тіл жойылған сәттен бастап ұлттың да жойылатыны қорқынышты болса да ақиқат. Сіз  не айтасыз, тіл жанашыры, патша көңіл оқырман?

 

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале